“Орманда ең қауіптісі жер астымен жанған от”: Маман тау бөктеріндегі тілсіз жаудың түрлерін және оның қиындықтарын айтып берді
Қостанай мен Абай облысындағы орман өрті дүйім елді дүрмекке салып, табиғатқа орасан зиянын тигізіп кетті. Тіпті тұтанған отты сөндіруге шыққан қызметкерлердің өмірін жалмап, жауапты мекеменің бүгінгі жағдайының мәз емесін анық көрсетті. Stan.kz ақпарат агенттігі осы орайда орман өртінің қаншалықты қауіпті екенін білмекке білікті маман, “Іле Алатауы” МҰТП Талғар филиалының орман өртін сөндіру станциясының басшысы Ербол Темірбековпен әңгімелесті. Ол жалпы тау бөктерінде от үш түрлі жолмен жанатынын айтып берді.

Ербол Темірбеков таулы аймақтағы табиғаттың тұмса қалпын сақтауға, тілсіз жаудан қорғауға, туристер мен қонақтардың немқұрайлылық танытпауына жіті назар аударады. Негізгі жұмысы осы бағытта. Ол Абай мен Қостанай облысындағы ондаған мың гектар алқаптың отқа орануы табиғат күзетшілерінің әрқайсысына да сабақ болғанын айтты. Сөзінше қазіргі уақытта Алматы маңындағы табиғи аумақта от жағуға тиым салынған.
“Қазіргі таңда “Іле Алатауы” МҰТП аумағында демалушыларға от жағуға тиым салынды. Әрі өрт қауіпі сыныбы 4-тен 5-ке көтерілді. Бұл өте қауіпті сынып деп саналады. Күнделікті адам көп шоғырланатын жерлер мен орманға шекаралас жердегі жер пайдаланушылармен тікелей жұмыс жасалып жатыр. Жалпы біздің жұмыс өрт маусымы басталғанда қыза түседі. Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін жалғасатын кезең нағыз назарды жіті ұстайтын уақыт. Көбіне тауға шығушылар, демалушылар от мәселесіне бей-жай қарайды. Көпшілігі қарағай түбіне, қалқалау тұсқа палаткасын тігіп, кейін жаққан отын су құяды да, сөндірдім деп ойлап кете береді. Бірақ олар қанша жылдан бері қыртыс болып жатқан шырша инелерен ойламайды. Қарағай тамырларына мән бермейді”, - дейді Ербол Темірбеков.

Маман осы орайда орман өртінің 3 түрі болатынына тоқталды. Жер асты, жер беті және жер үстімен жанатын от. Оның ішінде ең қиыны және қауіптісі жер астында тұтанатыны көрінеді.
“Жалпы орман өртінің 3 түрі бар. Жер асты өрті, жер бетіндегі және жер үсті өрті. Бұған дейінгі Қостанай облысындағы 40 мың гектар алқап, Абай облысындағы өрт ол жер үстіндегі жану. Яғни ағаштан ағашқа жалғасып, жайыла береді. Жоғарғы жағымен. Одан кейінгісі жер бетіндегі өрт. Ол көбіне жазық дала, ормандағы ашық жерлерде тұтану. Негізі оны өшіру оңай. Өйткені анық көрініп тұрады, әрі ауқымы да бірден үлкейе қоймайды. Құрайлар мен қураған шөптердің жануын осы жер бетіндегі өртке жатқызамыз.
Үшіншісі және ең қауіптісі - жер астындағы өрт. Жер асты дегеніміз ол шарша инелеренің бықсып жануы. Өзіңіз ойлаңыз, біздегі қарағай, шыршалардың өсіп тұрғанына 150-200 жылдай болды. Демек әр жыл сайын айналасына қаншама инесі шашылады. Осы уақыт аралығында қатпар-қатпар қыртысқа айналған. Кей тұстарда оның қалыңдығы 1 метрге жуықтайды. Ал кейбір жерлерде тізеге дейін жетеді. Міне осы жер асты отының жануы 2-3 күндеп өшірілмей қалса, үлкен апатқа соқтыруы мүмкін”, - дейді табиғи парк қызметкері.

Ербол сонымен қатар дәл осы жер асты өртінің бықси отырып, ағаштарға да жайылу қаупін айтты. Егер үстіңгі қабатқа ауысса онда оны да сөндіру күрделене түседі дейді. Ағаштан ағашқа жалғасқан отты жел тіпті үдете екен. Салдарынан оны тек әуеден су шашып қана өшіре аламыз.
“Орман аумағында демалушылар жіберетін ең үлкен қателік ол жалғыз аяқ жолмен табиғатты аралау барысында от жағуы. Мысалға туристер тау аралайды, содан кеш батқанда қону үшін қарағай түбіне аялдайды. Сол жерде шәйін қояды, тамағын жылытады немесе жабайы жануарлардан қорғану мақсатында от жағады. Кейін ертеңінде су шашып өшіреді де кетеді. Бірақ олардың басты қателігі шоқ жер астына таралып кетуінде. Қарағайдың инелері жиналып қалады ғой түбіне, ал туристер соған мән бермейді. Осыны жиі ескертеміз.
Жер астының қиындығы ол білінбейді. Түтін шыққаны көрінеді, оны сөндірсең тағы 10-15 метр жерден тағы бықсиды. Дер кезінде анықтамасаңыз қарағай тамырына жалғасып кетсе онда бірден от төбеге көтеріледі. Осылайша алапат отқа айналады. Себебі қарағай май бөледі. Ол отқа қызған сайын қатты жанады. Содан бір-біріне жалғасып кете береді. Ауданы тез көбейетіні осыдан”, - деді маман.

Сөзінше бүгінде өрт маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күндіз-түні бақылау жұмыстары жүргізіледі. Әр орманшыға тиісті алқап қатаң назарға алынып, арнайы мұнара көмегімен, бинокль мүмкіндігімен сүзгіден өткізіліп тұрады.
“Орман алқабында арнайы аумақтарға бөлінген орманшылар бар. Олардың әрқайсысына тиесілі аудан бар. Мысалға біреуі 7 гектар болса ол сол аумаққа жауапты болады. Сол секілді бір-бірімен жалғасқан орманшылар күнделікті бақылау жұмыстарын жүргізеді. Әрі бізге есеп беріп отырады.
Жалпы жер асты өртін сөндірудің негізгі амалы - ол айналдыра қазу. Бықсыған тұсты анықтап, айналасын қара жері көрінгенше қазамыз. Содан кейін барынша толтырып су құямыз. Толықтай өшкеніне көз жеткізбейінше жұмыс жалғаса береді. Кейде адамдар осы жер асты өртінің қауіптілігін ескермей қолына суын алып ұмтыла түседі. Бірақ әлгі инелердің шоқ болып жатқанын байқамай аяқпен басып жазым болады, жарақат алады. Сондықтан табиғат аясында демалуды сүйетіндерге, отбасылық демалыстарын тау бөктерінде өткізуді жоспарлайтындарға және туристерге құлаққағыс ретінде айтарымыз, отқа барынша сақ болу. Өйткені кішкентай ғана немқұрайлылық үлкен апаттың тууына себепші болуы мүмкін”, - деп қорытындылады ұлттық парк қызметкері өз сөзін.
Айта кетейік, бүған дейін Абай облысында 60 мың гектарға жайылған алапат орман өрті тұтас елдің алаңдаушылығын туғызған еді.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік