Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өрістен үйір-табынымен ұрланады": Жамбыл облысында қорадағы малды қолды еткен ұрылар тұрғындардың мазасын қашырған

Жамбыл облысында төрт-түлігі көп ұрланатын Ақжар ауылының тұрғындары наразылыққа шықты. Айтуларынша, мұнда ұрылар өрісті қойып, қорадағы малды ұрлайтын болған. Тұрғындар елді мекендегі ұрлықты тоқтатуды сұрайды. Сонымен қатар істі жабуға құлықсыз полицейлерді қызметтен қууды талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

ұрылар

Ақжар ауылының тұрғындары полицияға шағымдансаң, істі ұзақ қарап, еш нәтиже шығармайтынын айтады.  Сөздерінше, бұл ауылда барымташы бас сұқпаған үй жоқ.  

“Жоғалып отырған тек 22 бас емес. Бексұлтан деген жігіттен – 3 бас, Ораздан – 6 бас, Қуаныштан 10 бас мал ұрланды. Ербол деген тұрғыннан жылына бір-екі бас малдан әкетіп отыр”, – деді Ақжар ауылының тұрғыны Таңатар Тыныбеков. 

Ал өрістен үйір-табынымен ұрланған мал мүлде табылмайды екен. Құзырлы органнан күдер үзген тұрғындар құмалақшыдан көмек сұрауға мәжбүр екенін алға тартты.

“Іс жүргізулеріңізді сұраймын. Істеңіздер, тұрыңыздар, қараңыздар”, – деді тұрғын Маржан Кәлінбекова.  

Ауылда мал ұрлығы кәсіпке айналғандай. Тұрғындардың айтуынша, бұрын екі айда бір келетін ұрылар соңғы кезде жиілеп кеткен. Мал ұрлығына тұрғындар тәртіп сақшыларының да қатысы бар деп күдіктенеді. 

ОРАЗ МЕЛДІБЕК, Ақжар ауылының тұрғыны:

“Үйден ұрланды екі бас. Содан ойбай табылды деді. Сүйінші сұрап келді ұрыларың бар деп. Артынша барсақ, жоқ олар емес екен деп шығарып салды. Бұл жерде кінәлісі құзырлы органның тірлігі болып тұр. Жұмыс істемейді”, – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Ораз Мелдібек

Ал полиция департаментінің дерегі тұрғындар уәжіне кереағар. Жауабы көрсеткішпен керемет дегенге саяды. 

“Облыс аумағында ұрланған және жоғалған 781 бас малдың 139 басы жылқы, 97 ірі қара, 547 ұсақ мал, яғни ұрланған малдың 59 пайызы иелеріне қайтарылды. Қылмыстың ашылу пайызы 55 тен 52,2 пайызға артты. Құрметті Жамбыл облысының тұрғындары, сіздерден малдарыңызды бей-берекет қалдырмауларыңызды сұраймын”, – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Қанат Қожамқұлов. 

Осылайша қос тараптың пікірі екіге бөлінді. Әйткенмен тұрғындардың тілегі бір. Қолды болған малдарын тезірек тауып, ұрылар анықталса деп отыр. 

Талқылау