"Орыс тіліне жасалған қысым мен Путинді ашық қолдау": Алматыда Ресей президенттігіне дауыс берушілер не дейді
17 наурызда Алматыдағы Ресей Федерациясының бас консулдығының алдында Қазақстанда тұратын ресейліктер жиналды. Себебі сол күні еліміздегі сайлау учаскелері ашылып, президент сайлауына дауыс беру басталған. Таңғы сағат 8:00 ашылған сайлау пунктіне келген адам қарасы уақыт өткен сайын арта түсті. Ал түскі уақыт шамасында дауыс берушілердің кезегі көшеден көшеге созыла түсті. Stan.kz ақпарат агенттігіне пікір білдірген азаматтардың ішінде Путинге қарсылығын білдіру үшін әдейі келгенін айтқандар да, кейде керісінше қазіргі басшының кандидатурасын қолдайтынын білдіргендер де табылды.
Алматыдағы дауыс беру қалай өтті
Қазақстанда сайлау учаскелері ашылған күні Ресей азаматтары Алматыдан бөлек Астанадағы елшіліктегі консул бөлімінде, Өскемен және Оралдағы консул бөлімшелерінде дауыс берді. Алматыда Жандосов көшесіндегі консулдыққа түске дейін шамамен 1,5 мың адам келген. Адамдар әсіресе таңертең мен түскі уақыттың арасында көп келді.
Бас консулдықта сайлау учаскесіне азаматтарды екі жерден кіргізіп жатты. Бірақ соған қарамастан ұзын-сонар кезек қалыптасты. Айналаны полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Сайлау учаскесінің сыртында экзит-пол істеп тұр. Қолына қағаз ұстаған қыз учаскеден шыққан азаматтардан “кімге дауыс бергенін” сұрап, жазып алуда. Сондай бір іштен шыққан ер адамнан сұрап еді ол “мемлекеттік құпия” деп дауысын кімге бергенін айтпады. Алайда азаматтардың көпшілігі президенттік сайлауда кімді таңдағанын жасырмай айтып жатты. Экзит-пол өкілі болса бұл сауалнаманың маңызды екенін алға тартады.
“Біз деректерді өз бетімізше жинап, тәуелсіз бақылау жасаймыз”, – дейді қыз.
Ресей президентін сайлауға дауыс берген Қазақстанның барлық қаласындағы учаскелердің алды кезекке толы болғаны айтылады. Еліміздің үш қаласында да полиция күшейтілген тәртіпке көшкен.
“100 жыл басқарса да қарсы емеспін”: Путинге қарсылар мен қолдаушылар
Stan.kz ақпарат агенттігіне ең бірінші пікір білдірген ресейлік азамат Владимир Путиннің кандидаттығын қолдайтынын жасырмады. Алғашында кімге дауыс бергенін айтқысы келмеген ол “Ресейдің келесі президенті ретінде кімді көргіңіз келетін еді” деген сұраққа “қазір отырған адам біздің көңілімізден шығады” деп жауап берді.
“Әрі қарай 100 жыл басқарса да қарсы емеспін. Одан шамалы болса да пайда бар. Өзге қарсыластарының ішінде басқа қайсысы лайық?! Әлде бүкіл елді құрдымға кетірген коммунистерді айтасың ба?!”, – деп қатқыл жауап берді ол. “Лайықтырақ қарсылас болғанда соған дауыс берер ма едіңіз” деген сұраққа азамат “Дәл қазір ешкім жоқ. Алдағы 10 жылда да ешкім шықпайды” деп шорт кесті.
Әрі қарай шеттеу жерде Никита есімді азамат кезегін күтіп тұр. “Кандидаттар ішінде өзі қалайтын адамның жоқ екенін” екенін айтқан ол “сайлауға қазіргі президентке қарсылығын білдіру үшін” келгенін айтады.
– Сонда сіз Путинге қарсы дауыс бересіз ғой?
– Иә.
Ол сайлаудың нәтижесі қазірдің өзінде айқын екеніне қарамастан халық дауыс беру арқылы анық картинаны жасай алатынына сенімді.
“Қазір адамдар кімге дауыс бергеніне қарамастан бірнәрсені өзгерте алатынына сенбеймін. Бірақ әртүрлі аймақтарда дауыс санайтындар шындықты көреді. Сондықтан халықтың мақсаты – анық картинаны көрсету. Кім қолдайтынын, ал кім қарсы екенін ашық білдіру. Олар (Кремльді айтып отыр – ред.) соңында мәселен 90 пайызы қолдады (Путинді – ред.) деп қолдан жаза салуы мүмкін”, – дейді Никита.
Шеттірек тұрған Роман есімді азамат та темекі шегіп кезегін күтіп тұр. “Ресейдің келесі президенті ретінде кімді көргіңіз келеді” деген сұраққа ол “Путиннен басқа кез келген адамды” деп күле жауап берді.
– Путинге неге қарсы екеніңізді түсіндіріп беріңізші.
– Жауап тек біреу – соғысқа қарсылығым үшін.
Роман, алайда, жалпы Ресейдің ішінде Путинді қолдайтындар көбірек деген пікірде.
“Оның қолында БАҚ кеңістігі бар. Мысалы, басқа кандидаттар туралы ешнәрсе білмейміз. Оның үстіне лайықты деген кандидаттар сайлауға жіберілген жоқ. Ал басқа лайықтылар туралы естімегенбіз. Сол себепті Ресейде Путинді қолдап дауыс беретіндер көп болады деп ойлаймын. Фальсификация болған күннің өзінде ол жеңіп шығады. Ал менің мақсатым – оның ұпайын ең жоқ дегенде бір дауысқа кем қылу”, – дейді ол.
Кезекте тұрған екі ресейлік жігіт “Ресейдің келесі президенті ретінде кімді көргіңіз келеді” деген сұрақты алғашында “қиын сауал” деп атады. Сәлден соң олардың бірі “адам қанын төкпейтін кез келген адамды” деп жауап берді.
– Бірақ бюллетенде ондай адамды кездестіру қиын, – деп әңгімеге қосылды олардың жанында тұрған тағы бір қыз.
– Бұл жерде Путинді қолдаушыларды табу қиын деп ойлаймын, – деп жалғады екі жігіттің бірі кейін.
– Қазақстанда ма?
– Кезекте тұрғандардың арасында.
“Ондай адамдар тез пайда болып, тез жоғалады”: Ресейліктер Навальный жайлы
Түскі сағат 12:00 шамасында дауыс берушілердің саны артып, кезектің соңы көшеден көшеге жалғасып кетті. Бұған дейін ресейлік оппозиционер, Ресейдегі президенттік сайлау басталар тұста мерт болған Алексей Навальный "Путинге қарсы талтүс" акциясын жариялаған. Алматыдағы дауыс берушілер мұны естен шығармапты. Кезекте тұрған бір азамат бастап қол соғып еді, іле-шала басқа азаматтар да іліп әкетті. Осылайша кезегін күтіп тұрғандардың соққан шапалағы көшені басына көтерді. Әрлі-бері өтіп жатқан көлік ағының дауысы да бір сәтке тынышталып қалғандай болды. Кейбір азаматтардың арасында көзіне жас алғандар да болды.
“Ресейді Навальныйсіз қалай елестетесіз” деген сауалға Никита есімді азамат “әрі қарай барлығы қиындай түседі” дейді.
“Оның қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатқанына қарамастан (түрмеде отырған кезін айтып отыр – ред.) өз мақсатынан айнымай күресуі көп адамдарға үлгі болды. Адамдардың көңілі қатты түсті. Басқа салғанға көндікті деп айта алмаймын, бірақ көңілдері түскені рас”, – дейді ол.
Келесі пікір білдірген Роман Алексей Навальный секілді азаматтардың “тез пайда болып, тез жоғалатынын” айтады.
“Сондықтан ертең не болатынын, кім болатынын айту қиын. Мен Навальныйды орны толмас тұлға болды деп санамаймын. Сәйкесінше Навальныйсіз болашақ құруға болады. Бірақ оның қандай болатыны әзірге белгісіз”, – дейді ресейлік азамат.
Кезекте тұрған Юрий есімді тағы бір азамат Алексейдің өлімін “соңғы үмітімізден айырылып қалғандай болдық” деп сипаттайды.
“Ол халық шын сенген, мемлекетті басқара алатын адам еді. Мұны соңғы күндері болған оқиғалар да дәлелдейді. Иә, ол кейде қателіктер жасады”, – дейді ол.
– Қай қателігі жайлы айтып отырсыз?
– Қырымды қосып алу жайлы. Алғашында “Қырым – біздікі” деген ұрандар айтты. Бірақ соғыс басталған уақытта (Украинадағы жағдай жайлы айтып отыр. Ресей билігі ондағы әскери қимылдарды “арнайы операция” деп атап келеді – ред.) ол оны бірден сынайтынын ашық білдірді.
“Қазақстанда орыс тілінің қысымға ұшырайтынын көрдім”: Ресейлік азаматтың пікірі
Сайлауға дауыс беруге келген Елена есімді ресейлік әйел сұхбат барысында Қазақстанда орыс тілінің қысымға ұшырайтынын көргенін айтады.
“Иә, мен ондай жағдайды кездестірдім. Кейде дүкенге барған кезде азық-түліктердің құрамы жазылған жазудың үстіне қазақ тілінде жазып қояды. Ол алғашында орыс тілінде жазылған. Бірақ кейін қазақ тілінде арнайы құрам жазылып, дәл орыс тілімен жазылған тұсының үстіне жапыстырылады. Мұндай жағдайларды көп кездестірдім, құрамын оқу мүмкін емес. Кейде қазақтардың өзінен аударып беруін өтінемін. Бірақ оны олар да аудара алмайды”, – дейді әйел.
– Сіз мұны орыс тілінің қысымға ұшырауы деп есептейсіз бе?
– Иә, себебі олар мұны басқа жеріне да жапсыруына болатын еді. Екі тілде де оқуға мүмкіндік болатындай. Өйткені орыс тілі қайткенмен де ұлтаралық қатынас тілі деп саналады. Сондықтан дәл орыс тілінің үстіне басқа жерге жазуға болатын еді.
Әңгімеге араласқан Юлия есімді екінші бір әйел Алматыда тұрып жатқанына екі жыл болғанын алға тартып, “орыс тілі қысымға ұшырайды” деген пікірге қарсылық білдірді.
“Мен балам осында мектепке барады. Қазақ тілін оқиды. Мен өз басым орыс тілінің қысымға ұшырайтынын көрген емеспін. Бірақ қазақ тілін нашар оқытатынын атап өтер едім. Сол себепті бөлек оқытушы жалдауға тура келеді. Қазақ тілін меңгеруді дұрыс деп есептеймін. Әрине, орыс тіліне шабуыл жасауға қарсымын, бірақ ондай жағдайды ұшыратпадым. Тіпті кей қазақтардың өздері қазақ тілін дұрыс білмейді”, – дейді ол.
Юлия кейбір қазақтардың өзіне “кейбір жерлерде қазақ тілін білмесе қызмет көрсетпейтінін” айтқанын жеткізді. Ал Юрий қоғамдық автобуста болған бір жағдаймен бөлісті. Оның айтуынша, бір әйел екінші бір әйелге орыс тілінде сөйлегені үшін ескерту жасаған. Ал орыс тілінде сөйлеген әйел мұны “өзінің құқығы екенін” алға тартып, полицияға арызданатынын ескерткен.
“Жұмысымда қазақтар өте көп. Мен олармен кей сөздерді қазақша айтамын. Олар да қуанып қалады”, – деген Юрий соңында “рахмет, сау болыңыз” деген сөздерімен қоштасты.