Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ордабасы" жекешелендірілсе де, Шымкент әкімдігі футболға 1,8 миллиард теңге бөлмек

Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкент билігі "Ордабасы" футбол клубы жекешелендірілгеніне қарамастан, 2026 жылғы маусымға командаларды дайындау және қатыстыру үшін шамамен 1,8 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкентте футбол клубтарына қатысты мемлекеттік сатып алу жарияланып, ол "Ордабасы" клубының жекешелендірілгені туралы хабардан кейін бірден шықты.

"Тапсырыс беруші Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы" мемлекеттік мекемесі. Атауы спорт клубтарының қызметтері, қосымша сипаттамасы 2026 жылғы маусымға футбол командаларын дайындау және олардың қатысуын қамтамасыз ету үшін клубтық қызмет көрсету; Жоспарланған сома – 1 864 224 138 теңге", – делінген мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лот сипаттамасында.

Байқауға өтінім қабылдау 20 ақпанда басталып, 27 ақпанға дейін жалғасады. Айта кетерлігі, конкурс 17 ақпанда, яғни "Ордабасы" ФК жекешелендіріліп, жеке басқаруға өткені белгілі болғаннан кейінгі күні жарияланған.

"ФК "Ордабасы" жеке басқаруға өтеді. Келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен "Integra Construction KZ" ЖШС басшылығы қол қойды. Меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жасалды. Құжат жеке инвестициялар тартуды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және корпоративтік менеджменттің заманауи стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттар қатарында материалдық-техникалық базаны жаңғырту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару процестерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар", – деп хабарлады "Ордабасы".

Баспасөз хабарламасы қала әкімі Сыздықбеков пен "Integra Construction KZ" иесі Шахмурат Муталип бейнеленген фотомен бірге жарияланған.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кәсіби футбол клубтарын кезең-кезеңімен жекешелендіру жоспары жарияланған еді. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, алдағы 2–3 жыл ішінде барлық клубты жеке инвесторлардың басқаруына беру көзделіп отыр.

STAN.KZ
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 15:30