"Ордабасы" футбол клубындағы легионерлерге 1 миллиардқа жуық қаржы бөлген Шымкент әкімдігіне халық наразы болды
Белгілі заңгер Айгүл Орынбек желідегі парақшасында Шымкент әкімдігі "Ордабасы" футбол клубының шетелдік ойыншыларына халық қаражатынан шамамен 1 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырғанын жазды. Ол таяуда президент бюджет қаражатын қатаң үнемдеуді тапсырғанын, бірақ бұл тапсырманың орындалмай жатқаны байқалатынын айтады. Айгүл Орынбек жыл басында клуб 5 миллиард теңге қаржы сұрағанын және бұл қаржы қайда кеткеніне күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фотоколлаж: Stan.kz | Футболшылардың суреттері qfl.kz сайтынан / Фотода клуб капитаны Асхат Тағыберген, жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан және легионерлер Реджиналдо Лопес де Исус, Кристиан Камило Товар
Қоғам белсендісі Айгүл Орынбектың айтуынша, қомақты соманы шенеунік мәслихат депутаттары қатысқан жиналыстардың бірінде Шымкент әкімінен қаржыландыруды сұрайды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сырттан келетін легионерлерге тоқтау салынуға тиіс деп тапсырма берген еді. Алайда Шымкенттегі спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков, 7 қазан күні мәслихат депутаттарының алдында "Ордабасы командасының легионерлеріне гонорарға" деп 1 миллиардттан астам қаражат сұраған. Сатып алу порталында қыркүйек айында 893 миллион теңге қаражатқа бір көзден мемлекеттік сатып алу жарияланып, қорытынды шыққан. Маратбек мырза, жыл соңына екі ай қалғанда тағы 1 миллиард теңгеден аса қаражатты не мақсатта сұрап отырсыз? Мұндай соммалар бір көзден берілгені қаншалықты заңды?", – деп жазды Айгүл Орынбек желідегі парақшасында.
Заңгер қала әкімдігінен жыл басында Ордабасыға бөлінген 5 миллиард неліктен жетпей жатқанын және бұның бәрі қайда кетіп жатқанын сұрады.
"Мәслихат депутаттары ақша сұраса неге бере бересіздер? Бас прокуратура президенттің тапсырмасын орындамайтын басшыларды тергеп тексеруді сұраймын. Министр Ербол Мырзабосынов, сізді спорт саласын тазалауға келгеніңізді білемін. Біздің Шымкент қаласына көңіл бөлуіңізді сұраймын. Былтырдан бері дәл осы спорт басқармасы жыл бітуіне екі ай қалғанда үлкен соманы футболшыларға бөлетіні өте күдік тудырады. 2023 жылы бітуіне екі ай қалғанда 500 миллион теңге, биылғы жыл бітуіне 2 ай қалғанда бөлінген 1 миллиард қаражат тағдырын еліміздің Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеруін сұраймын!" – деді заңгер Айгүл Орынбек.
Желі қолданушылары әкімдіктің бұл әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізіп, футболға қаржы бөлуді тоқтату керек екенін айтады.
“Спортқа бөлінген ақшаның бәрін жемқорлар бөліп алады. Бұл айдан анық нәрсе”, Легионерлерге бюджеттен ақша бөлу халыққа қарсы әрекет ету”, “Ақшаны ауаға шашпай, стадион соғыңдар одан да”, Негізі бөлінгені дұрыс. Тек бәрі футболға кетсе, жолдан жеп қоймаса болар еді”, “Ғабит мырза, шынымен, неге шет елден келген легионерлерге миллиардтаған қаражат төленуі керек? Сол қаражат өзіміздің қаракөздерге берілсе нұр үстіне нұр болар еді”, “Бұны ауадан ақша жасау дейді”, – деп оқырмандар түрлі пікір жазды.
Stan.kz тілшісі Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарласып, істің жай-жапсарын сұрап білді. Басқарма бөлінген қаражат қайда және не үшін жұмсалатынын тізбектеп берді. Ең әуелі, "Ордабасы" кәсіби футбол клубының Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамының жалақысына жұмсалмақ.
"Ордабасы" кәсіби футзал командасы мен оның резервтік командасы;
"Ордабасы" футбол клубының екінші лигадағы командасы;
500-ден астам бала жаттығатын және 30-дан астам бапкер жұмыс істейтін футбол орталығы;
Әйелдер кәсіби командасы және оның резерві.
"Сонымен бірге клуб басшылығының алдыңғы басшылықтан қалған міндеттемелерді сақтауға мәжбүр екенін де атап өту маңызды. Осы негізде клубтың УЕФА санкцияларынан құтылу үшін жыл басында алынған барлық міндеттемелері орындалып жатыр. Келесі жылы клубтағы қаражатты үнемдеп, қаражат пен бюджеттің ашықтығына баса назар аудару жоспарланды. Осы себепті клуб келесі маусымға жаңа тәсілмен шығу үшін барлық қарыздарды жабуға тиіс. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы барлық процедураны толық сақтай отырып, ешқандай заңбұзушылық болмағанын жеткіземіз", – деп түйіндеді спорт басқармасы.
Спорт басқармасы қаладағы мемлекеттік сатып алу басқармасына "Футбол командаларын дайындау және жергілікті, ұлттық және халықаралық жарыстарға қатысу бойынша" қызметтерді жариялау үшін өтінім бергенін растады.
"Аталған конкурсқа екі рет хабарландыру жарияланды. Алайда сол конкурсқа бір ғана қатысушы болғандықтан Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 39 бөлігі, 2-тарау, 1-тармақшасына (Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері) сәйкес жүзеге асырылды. Конкурс негізінде мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда шақырту арқылы бір көзден алу тәсілімен келісімшарт жасалады. Осыған орай №12811171-ОК1 қортындысы бойынша хаттамада көрсетілгендей "Ордабасы" кәсіби футбол клубы акционерлік қоғамы конкурстық құжаттамасы мен біліктілік талаптарына сәйкес келгендіктен рұхсат алды", – деп жауап берді Шымкенттің спорт басқармасы.
Айта кетейік, "Ордабасы" футбол клубы – Шымкент қаласының командасы, Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсетеді. Клуб 1949 жылы құрылған және қазіргі атауын 2000 жылы алған. Өзінің тарихында бірнеше рет ел кубогының финалына шығып, жүлделі орындарға ие болған.
2024 жылғы маусымда "Ордабасы" 11 жеңіс, 6 жеңіліс, және 6 тең ойын көрсетіп, жалпы 33 гол соғып, турнир кестесінде белсенді нәтижелер көрсетті. Клубтың негізгі құрамында қазақстандық ойыншылармен бірге легионерлер де ойнайды. Бас бапкері – Кирилл Кекер.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыру тоқтатылатынын жаздық. Мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы отандық спорттың жылдар бойы жиналған мәселерін шешетін, бюджеттің бүйірін теспей сорып, спортқа бөлінген қаржыны мақсатсыз жұмсауды тоқтататынын айтты.