Прокуратураның мәліметінше, клубтың бұрынғы президенті Бауыржан Әбдубайытов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Қадағалаушы органның хабарлауынша, қызмет атқарған кезінде Әбдубайытов футболшылармен келісімшарттарды директорлар кеңесінің мақұлдауынсыз өзі бекіткен. Осы келісімшарттар аясында ойыншыларға қомақты бонустар белгіленіп, бұл бюджет қаражатының орынсыз жұмсалуына себеп болған. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 2,3 миллиард теңге. Нақты деректерге сәйкес, осындай 21 келісімшарт жасалған.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тағы бір қылмыстық іс қозғады. Бұл іс лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және 1,2 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактісі бойынша қозғалған. Аталған қаражат клубтың конференциялар лигасының екінші кезеңіне қатысуы үшін бөлінген, алайда тексеріс нәтижесінде бұл қаржы футболшыларға үстемақы төлеуге және клубтың салық қарызын өтеуге жұмсалғаны анықталды.
Қылмыстық істер қылмыстық кодекстің "лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" және "қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану" баптары бойынша қозғалған. Іс материалдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданды. Тергеу мүддесіне байланысты істің мән-жайы жарияланбайды.
Айта кетейік, 65 жастағы Бауыржан Әбдубайытов "Ордабасы" футбол клубының президенті қызметіне 2022 жылдың ақпан айында тағайындалған. Бұған дейін ол Қазақстан футбол федерациясының әйелдер футболы комитетінің төрағасы болып, КФФ атқару комитетінің құрамында болған. Сондай-ақ ол бұрын "БИІК-Шымкент" әйелдер клубы мен футбол орталығын да басқарған. 2024 жылдың мамыр айында Әбдубайытов денсаулығына байланысты клуб президенті қызметінен кеткен еді.
Еске салсақ, бұған дейін "Ордабасы" футбол клубы 2,3 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.