Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ораза кезінде өлтірілген қарағандылық Диас Кейкенов: Марқұмның анасы істің әділ жүргізілгенін талап етті

Қарағанды облысы Доскей ауылының тұрғыны 17 жастағы жасөспірімді өлтіру фактісі бойынша алты айға жуық тергеу жүріп жатыр. Төбелесті тоқтатуға тырысқан Диас Кейкенов арқасынан бірнеше пышақ жарақатын алып, қан жоғалтудан көз жұмды. Іс "Абайсызда кісі өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр. Алайда марқұм жасөспірімнің анасы бұл шешіммен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Диас Кейкеновті жерлеуге мыңдаған адам келді. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына енді түскен көп балалы отбасынан шыққан 17 жастағы жасөспірімнің өлімі Қазақстан халқын елең еткізді. Туыстары іс "Абайсызда кісі өлтіру" бабы бойынша қозғалып жатқанына наразы.

Марқұмның анасы Гүлмира Нұржанова қылмыскерлер әділетсіз қысқа жаза алады деп қорқады.

"Алдын ала адам пышақпен шыққанда бұл жерде қалай абайсызда әрекет етуі мүмкін? Бір ғана пышақпен емес. Ол менің ұлымның арқасынан да бірнеше рет сұқты. Менің ойымша, бұл қасана кісі өлтіру", – деп күйінді Гүлмира Нұржанова.

Мәліметтерге сенсек, қайғылы оқиға наурыз айында, Оразаның екінші күні болған. Ауызашардан кейін бір топ жігіт досын көлікпен үйіне алып бара жатқанда көпқабатты үйдің ауласында 4 адам оған шабуыл жасайды. Диас досын қорғауға асығып, 20 жастағы белгісіз жігіт оның арқасынан бірнеше рет пышақ сұғып алған. Диасқа 2 операция жасалды, бірақ бір күннен кейін ол қан жоғалтудан және ауыр соққыдан қайтыс болды.

Диастың туыстары бұл іс шілде айында сотқа өтуі керек еді деп отыр. Олардың айтуынша, іс дұрыс тергеліп жатқан жоқ. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын мәлім етті.

"Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қатысушылар іс материалдарымен танысу сатысында. Қаралған соң қылмыстық іс сот талқылауы үшін прокуратураға жіберіледі. Бүгінде іс қарауға жіберіліп, сотқа жолдануы тиіс", – деді Бақытжан Құдияров.

Алайда прокуратура 106-баптың 3-бөлімі – "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" деген айыпты қалдырған. Бұл бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Талқылау