Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Оралман” фильмінің аты көрермен арасында дау тудырды (фото)

Қарашаның 8-і күні Алматы қаласында «Оралман» толықметражды көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Аталған туынды көрермен көңілінен шығып, залда отырған жұрт көздеріне жас алды. Олар көрсетілім аяқталған соң, алған әсері мен пікірлерін бөлісті.

85856

Бұл туралы “Stan.kz” хабарлайды.

Бүгін режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» толықметражды көркем фильмі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне көрсетілді. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» АҚ түсірген. Фильм ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған. Кинотуынды ХХ ғасырдың 30-жылдары туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы.

Жабық көрсетілім барысында фильмді түсіруші топ өз пікірлерін бөлісті. «Қаржыландырудың кешіктірілуіне байланысты бұл фильмнің көрермен қауымға жетер жолы ұзақ әрі күрделі болды. Десек те, қаржы бөлініп, үлкен экранға шықты. Кино атамекеніне қоныс аударуды армандайтын қарапайым адам туралы. Фильм авторының бірі ретінде, қазақ үшін Отан ұғымы күн көріс қамы ыңғайлы жер емес, байтақ дала екендігін жеткізгім келеді», – дейді фильмнің сценарий авторы, кинодраматург Нұрлан Санжар. Осы орайда, ел есінде «Қожа» болып жатталған кинодраматург ана тілін әлі күнге дейін білмегені үшін қатты ұялатанын жеткізді.

Сондай-ақ режиссер Сәбит Құрманбеков фильмді сахналауға қалай келгендігін баяндап берді. «Нұрлан Санжардың сценарийін қолға алғанда, көз алдыма туған жеріне бет алған адамдардың тозақтан жұмаққа қарай келе жатқан кейпі келе қалды. Өйткені, менің кейіпкерім – Ауғаныстаннан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз», – дейді Сәбит Құрманбеков.

rftff

Алғашқы көрсетілімнен кейінгі жиында журналистер мен фильм авторларының арасында аздаған дау туды. Оған туындының атауы себеп болды: бастапқыда «Төре-там» деп аталған киноның атауы артынша «Оралман» деп ауыстырылған. Бір көрермен мұны құптап, жылап алғаннын айтты. Енді бірі керісінше осы сөздің жүректеріне бататындығын, өздерін жергілікті қазақ қоғамынан бөліп жатқанын сезінгендерін жеткізді. Ал Сәбит Құрманбеков қазақ қоғамын «шала қазақ», «нағыз қазақ», «оралман қазақ», «жергілікті қазақ» деп бөлу үшін емес, қайта олардың басын біріктіре түсу үшін түсіргенін тілге тиек етті.

Басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолда өзінің кейіпкері туралы сөз қозғаудан бас тартты. Бұған актердің фильмді бірінші рет көріп отырғаны себеп болса керек. Өзі де үш-төрт рет қайталап көрген соң ғана ой қорытатынын жеткізді.

Сюжетіне келер болсақ, фильм ХХ ғасырдың 30-жылдары қызыл әскердің жендеттерінен Ауғаныстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасы туралы. Бас кейіпкер Базарбай қарттың бір қызы мен бір ұлы сол жақта дүниеге келеді. Балалары есейіп, отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл орыс басқыншыларымен соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Жылдар өтеді. Базарбайдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. Барлығы жолға жиналады. Тек Базарбайдың қызы ғана туыстарымен бірге көше алмай, Ауғаныстанда қалып қояды. Таулы ауылдан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді. Ақыры ҚР шекарасына жетеді. Қарттың арманы орындалып, туған елімен қайта қауышады. Ол жерді сүйіп, көзіне жас алып, атамекеніне оралғанына қуанады.

DSC_0079

Миграциялық полиция отбасыға Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан Төре-там ауылына жолдама береді. Олар осында үй салып, жаңа өмір бастап, үлкен отбасы болғысы келеді. Алайда көп ұзамай Базарбай қарт дүниеден өтеді. Сапарқұл қирап қалған әскери радар ғимаратын қайта жөндеп, орнына мешіт тұрғызады.

«Оралман» фильмінің сценарийін кинодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құрманбековтың қатысуымен жазған. Композиторы – Айдос Сағат. Фильмнің түсірілім жұмыстарына киностудияның бұрынғы жобаларына қатысып, табысқа жеткен, жүктелген міндеттерін абыроймен орындап шыққан киногерлер – режиссерлер, операторлар, сазгерлер мен суретшілер жұмылдырылған.

Фильмнің қалың көрерменге көрсетілуі кешеуілдей түспек. Себебі, тек халықаралық сайыстан жүлде алған туындылар ғана прокатқа шығады деген шарт қойылған-ды. Осы орайда, түсірілім тобы оны ауыл-ауыл аралап көрсетуге уәде өтті. Ал әзірге алып қалалардың халқына кинотеатрлар арқылы қашан көрсетілетінін белгісіз. Десе де, аталған туындының режиссерлеріне оны фестивальге жолдау ұсынысы түскен-ді. Фильм аз уақыт ішінде түсіріліп, толық өңделмегендіктен, авторлар бұл ұсыныстан бас тартуға мүжбүр болған екен.


Жіберіп алмаңыз:

Қазақстанда сақ амазонкалары туралы фильм түсіріліп жатыр (фото)

Желіде Қайрат Нұртастың отбасының суреттері пайда болды (фото, видео)

Сыйлыққа берілген күрте: Қайрат Нұртастың әрекеті жұрттың жүрегін елжіретті (видео)

ОҚО-да Қайрат Нұртас мүгедек балаларға тосынсый жасады (видео)

Талқылау