Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралдықтар жолды жөндетеміз деп жүріп, өздері тұрып жатқан көшенің жоқ екенін білген

Фото: Видеодан скрин

Оралда бірнеше үйдің тұрғындары өздері тұратын көшенің ресми түрде мүлде жоқ екенін енді ғана білген. Бұл жайт олар қалалық әкімдікке жолды жөндеу туралы өтінішпен жүгінген кезде анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, ықшам ауданның айналасы толықтай асфальтталғанымен, небәрі 200 метр жол назардан тыс қалған. Осыған байланысты олар әділетсіздікке тап болдық деп отыр.
Жергілікті тұрғын Марат Зайнуллин бұл жағдайға қатты наразы екенін жеткізді.

"Менің ойымша, бұл әкімдіктің сылтауы ғана. Алдымен жобалық-сметалық құжат жоқ деді, кейін қаржы жоқ деді. Енді соңғы ресми жауапта біздің көшелеріміз мүлде жоқ деп отыр. Бұл мені ғана емес, барлық тұрғындарды таңғалдырды әрі ашуландырды", – дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, Самбат көшесі құжаттарда 2008 жылдан бері көрсетілген. Соған қарамастан жылдар бойы бұл аумақта адамдар батпақ кешіп жүрген. Биыл жол жөндеу жұмыстары басталғанда олар қуанып, өз көшесіне де техника келеді деп үміттенген. Алайда күздің соңына қарай жұмыстар бұл көшеге жетпегені белгілі болды. Тіпті қала әкімі өзі келіп кеткеніне қарамастан, мәселе шешілмеген.

Кейін анықталғандай, әкімдік дерегінше, бұл жерде көше емес, тек техникалық өткел ғана бар көрінеді. Ал дәл осындай параллель көшелер толықтай асфальтталып, ресми көше мәртебесіне ие.

Қала әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Альберт Бекмұхамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда кейбір учаскелерде үнемделген қаржы бар.

"Қазір үнемделген қаражат бар, Самбат көшесі бойынша да қайта есеп жүргізіліп жатыр. Мүмкіндікке қарай бұл көшені де жөндеуге тырысамыз. Егер биыл үлгермесек, келесі жылы бүкіл ықшам ауданды, соның ішінде Самбат көшесін де толық қамту жоспарланып отыр", – деді ол.

Жергілікті тұрғындар бұл мәселе қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін ғана қозғалды деп есептейді. Енді олар өз көшесінің ресми түрде мойындалып, жөндеу жұмыстарының нақты жүзеге асырылуын күтеді.


Шымкентте асфальт опырылып, бірнеше көлік шұңқырға түсіп кетті (видео)


Атырауда 10 шақырымдық жолды жөндеу 8 жылдан бері аяқталмаған


Еске салайық, бұған дейін Алматыда жауын кезінде асфальт опырылып, ондаған көлікке зақым келгені туралы жазған едік. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 22 Қараша, 2025 13:54
Талқылау