Оралда зейнеткер ақауы бар мотоцикл үшін ақшасын сот арқылы өндіріп алды

Оралда зейнеткер ақауы бар мотоцикл сатып алып, кәсіпкерді сотқа берді. Соңында сот оның пайдасына шешім шығарып, сатушыдан тауар құнын және өтемақы өндіруді міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысында зейнеткер ақауы бар электржетекті үш дөңгелекті жүк мотоциклін сатып алғаннан кейін жеке кәсіпкерді сотқа беріп, ақшасын қайтарып алды.
Соттың мәліметінше, өңір тұрғыны мотоциклді 750 мың теңгеге қолма-қол сатып алған. Алайда көп ұзамай техникалық ақаулар анықталған. Жолда келе жатқанда аккумулятордың қуатталмай тұрғанын білдіретін белгі жанған.
Кейін сатып алушы артқы орындықтың жыртылғанын, кабинада майысулар барын, бояуының бүлінгенін және электр сымдарының салбырап тұрғанын байқаған. Осыдан кейін ол келісімді бұзып, ақшасын қайтаруды және 250 мың теңге моральдық өтемақы төлеуді талап еткен.
Кәсіпкер талапты мойындамай, мотоциклді өзі сатпағанын айтқан. Алайда сотта мәміле фактісі алдын ала чек, хат алмасу және фотосуреттер арқылы дәлелденді.
Сөйтіп сот талапты ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 750 мың теңге тауар құнын, 50 мың теңге моральдық зиянды және 9 466 теңге мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін көлігіне ағаш құлап кеткен қазақстандық әйел әкімдікті сотта жеңіп шықты. Қостанайда тұрғын көлігіне құлаған ағаш үшін қалалық әкімдіктен 2 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алды. Апелляциялық сот жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты мекеме өз міндетін орындамағанын анықтап, бірінші сатыдағы сот шешімін жойды.
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қосымша кәсіп ашуға рұқсат берілді: Бұл кімдерге қатысты