Оралда түнгі клуб күзетшілері келушілерді қорғаудың орнына соққыға жыққан
Фото: polisia.kz
Орал қаласында түнгі клубтың сегіз бірдей күзетшісі ұсталды. Қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері келушілерді қорғаудың орнына, адамдарды соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оралда түнгі клуб күзетшілерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді.
Арнайы операция барысында күдікті топ мүшелері тек Оралда ғана емес, сондай-ақ Алматы және Ақтау қалаларында да ұсталды. Барлығы — Батыс Қазақстан облысының тумалары. Олардың төртеуі бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
“Жалпы ішкі істер органдарына 17 адам жеткізілді, оның ішінде 8 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-іздестіру іс-шараларын Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы бөлімшелердің қолдауымен жүргізген. Тергеу барысында анықталғандай, күзетшілер келушілерге жүйелі түрде және негізсіз күш қолданған, соның салдарынан жәбірленушілер түрлі дене жарақаттарын, оның ішінде ауыр зиян келтірген”, – делінген хабарламада.
Қазақстанда мектеп күзетшілеріне қару ұстауға рұқсат етіледі
Көп жағдайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына шағымдануға қорқып, үнсіз қалған. Оған себеп –күдіктілер тарапынан қысым мен қудалау қаупі болуы мүмкін. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша істер қозғалды: екі немесе одан да көп адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, топпен жасалған бұзақылық. Тінту кезінде келесі заттай дәлелдер тәркіленді: 7 радиостанция (соның ішінде біреуі – полиция қызметкерлеріне арналған байланыс құралы), пышақтар, бұрышты газ баллон, бейсбол таяғы, жақын шетелдерге тиесілі болуы мүмкін 10-ға жуық көлік нөмірлік белгісі.
Департамент өкілдері түнгі ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Полиция заң аясында әрекет етіп, басты басымдықты азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға беріп отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда күзетші мейрамханаға келген қызды сүйреп шығарып жібергенін жазғанбыз.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
