Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда сот ер адамға ұлының Испаниядағы оқу ақысын төлеуге міндеттеді

Жоғарғы сот Оралдық тұрғынға ұлының Испаниядағы оқу ақысын төлеуге міндеттеді. Оқу төлемінің жалпы сомасы 4 жылға 20 миллион теңге болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Мәліметтерге сенсек, келісім негізінде атқарушылық іс жүргізу басталған. Алайда кейін әкесі төлем жасаудан бас тартып, сотқа жүгінген. Жеке сот орындаушысының әрекеттеріне шағымданып, ұлының Еуропада оқитынына дәлел жоқ екенін алға тартқан. Сот оның талабын қанағаттандырғанымен, апелляция бұл шешімді өзгертті.

Апелляциялық сот әкенің "ұлым сот процесіне қатысқан жоқ, сондықтан талапкер бола алмайды" деген уәжін қабылдамады. Себебі келісімде әкенің оқу ақысын төлеуге міндетті екені нақты көрсетілген. Әрі келісімге әкесі "Таныстым, келісемін" деген белгімен қол қойған.

Сот процесі барысында әкенің өзі түзету енгізген актіге сәйкес, төлем сомасы 20 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге (2023–2024 оқу жылы үшін) өзгертілді.

"Ұлы сотқа Испанияда оқитынын растайтын бірқатар құжаттар ұсынды. Олардың ішінде Мадридтегі Еуропалық университеттен 2023–2024 оқу жылына дене шынықтыру және спорт факультетіне қабылданғаны туралы хат, төлқұжат пен билет фотосуреттері (виза алғаны және Мадридке келгені туралы) бар. Бұдан бөлек 2023 жылдың қыркүйек және қазан айларындағы оқу ақысының төленгені жөніндегі құжаттар, сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаментінің оны Испанияда уақытша консулдық есепке алғаны туралы жауабы тіркелген", - делінген Жоғарғы соттың хабарламасында.

Осы деректер негізінде сот шешімі өзгертіліп, әкенің арызы қанағаттандырусыз қалдырылды. 



Еске салайық, бұған дейін Атырауда ұлына қатігездік танытып, өз-өзін өлтіруге итермелеген ер адам сотталғанын жаздық. 2023 жылдың қараша айында сотталушы кәмелетке толмаған ұлына қатыгездік көрсетіп, өзін-өзі өлтіруге итермелеген. Дегенмен сотталушының жазасы мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігі негізінде айыпты деп танылды. Осылайша оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Талқылау