Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда мектеп оқушысын қатарластары ұрып-соғып, оның видеосын желіге таратқан (видео)

Фото: Видеодан скрин

Желіде оқушыны соққыға жыққан сәт түсірілген видео тарады. Мәліметке сәйкес, оқиға былтыр қазан айында Орал қаласында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Туыстарының мәліметінше, жәбірленуші өңірдегі №17 мектепте білім алады. Оқушыны қатарластары ұрып-соғып, өздері видеоға түсіріп, кейін желіде таратқан.

Полиция видеоның таралуы бойынша тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.


Алматыдағы колледжде жасөспірім қызды қатарластары соққыға жыққан


Қарағандыда 4-сынып оқушылары қатарластарын аяусыз соққыға жыққан


“Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеріс жүргізді. Осылайша оқиғаның былтыр қазан айында болғаны анықталды. Бұл дерек бойынша полицияға арыз түспеген”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ полиция жанжалға қатысқан жасөспірімдер анықталып, бөлімшеге жеткізілгенін мәлімдеді.

“Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жасөспірімдердің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты материалдар жиналды”, – делінген хабарламада.

Жиналған материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберіліпті.

“Сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған құқықбұзушылықтар туралы хабар берілмегені үшін білім бөліміне ұсыныс енгізілді. Қазір зардап шеккен жасөспірімге қажет психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Онымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеуде. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында футболдан кейінгі жанжал қайғылы жағдаймен аяқталған еді. 10-сынып оқушысы сыныптастарының соққысынан қаза тапқанын жазғанбыз.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 11:05