Операция үстеліндегі өлім: Астанада 13 жастағы баланың ісі бойынша дәрігер сот алдында жауап берді
Фото: Видеодан скрин
Астанада ағзадағы өсінді алу операциясында көз жұмған 13 жастағы Әділхан Әбілдиновтың өліміне қатысты сотта жарыссөз басталды. Айыптау тарабы жасөспірімнің қазасына анестезиологтың әрекеті себеп болды десе, жәбірленушілер іске байланысты қысым мен даулы ұсыныстар болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Бірінші Еуразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Астанада ағзадағы өсінді алу операциясында көз жұмған жасөспірімнің ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Айыпталушы орындығында анестезиолог отыр. Мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленуші тараптың нұсқасы бойынша, дәл осы дәрігердің әрекеті Әбілдиновтар отбасының жалғыз ұлының өліміне әкелген.
Соттағы жарыссөз де, жалпы сот процесі де Азамат пен Әлия Әбілдиновтар үшін өте ауыр өтіп жатыр. Олар мұнда әділдік іздеп келген. 2024 жылдың шілдесінде олардың жалғыз ұлы – 13 жастағы Әділхан операция үстелінде қайтыс болды. Қайғылы жағдайға дейін ешқандай қауіп белгілері болмаған. Алдын ала тексерулер қарсы көрсетілімдерді анықтамағандықтан, дәрігерлер полипті алып тастау бойынша жоспарлы операция жасауды шешкен.
Алайда бұл операция отбасыны қара жамылдырды, ал Астанадағы №2 көпсалалы балалар ауруханасының анестезиологы айыпталушыға айналды.
Мемлекеттік айыптаушы Азат Барболов кәмелетке толмаған Әбілдиновтың өлімі тыныс жолдарының аспирацияланған қанмен бітелуі салдарынан болған механикалық асфиксия салдарынан болғанын айтады.
Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, операция кезінде тыныс жолдарын қорғауы тиіс манжета дұрыс, герметикалық орнатылмаған. Алайда айыпталушының қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов бұл пікірмен келіспейді.
"Егер манжета герметикалық орнатылмаған болса, міндетті түрде өкпеден ысқырық дыбыс естілер еді. Қан ол жерге герметикалық ақаудан түскен жоқ. Біз қанның басқа себеппен түскенін көріп отырмыз. Барлық жағынан бәрі герметикалық болған. Қан тек ішкі ағзалардан түсуі мүмкін", – деді Ерлан Ғазымжанов.
Жәбірленуші тарап бұл уәжбен түбегейлі келіспейді.
"Әділханда қатерлі гипертермия болған жоқ. Мұны микроскоппен алдау мүмкін емес. Генетикалық зерттеу оның бұлшықеттері ыдырамағанын көрсетті. Ал өкпесі қанға толған. Қан кетудің жалғыз көзі – операция алаңы. Себебі анестезиолог тыныс жолдарын жеткілікті деңгейде герметизацияламаған", – деді жәбірленушінің адвокаты Әлия Ілкенова.
Сотта айыпталушы анестезиолог Қанат Темірғалиев те сөз сөйледі.
"Мен ең алдымен ата-анасына көңіл айтқым келеді. Мен дәрігер-анестезиолог ретінде сол сәтте көрген клиникалық жағдайға сүйеніп әрекет еттім", – деді Қанат Темірғалиев.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері сотқа қатыспады. Алайда марқұм баланың анасы Әлия Әбілдинова олардың тергеу барысында іске араласуға тырысқанын айтты.
"Маған қалалық денсаулық сақтау өкілдері бұл істі жабу туралы ұсыныс жасады. Егер біз істі ары қарай қозғамасақ, күйеуіме ЭКО жасап беретінін айтты. Бұл қандай этикаға, қандай адамгершілікке сыяды?" – деді Әлия Әбілдинова.
Сонымен қатар жәбірленуші тарап дәрігерлердің оқиғадан кейінгі әрекеттеріне де наразылық білдірді.
"Айыпталушының өз көрсетулерінен біз шок болдық. Бала қайтыс болғаннан кейін бас дәрігердің орынбасары қанның бәрін сүртіп, тампондарды ауыстырып, ауызын жауып, анасын алдау үшін дайындауды бұйырған. Сондай-ақ операция бөлмесіндегі бейнекамералар жұмыс істемеген немесе жазба сақталмаған", – деді жәбірленушінің қорғаушысы Әлия Ілкенова.
Сонымен қатар ауру тарихынан гипоксияның қашан басталғанын көрсетуі мүмкін қан талдауының нәтижелері жоғалып кеткені айтылды.
Іс материалдарын ескере отырып, мемлекеттік айыптаушы Азат Барболов айыпталушыға жаза тағайындауды сұрады.
"Темірғалиев Қанат Толбаевичті кінәлі деп танып, оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын және үш жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраймын. Сонымен қатар Конституцияның 30 жылдығына байланысты оны негізгі жазадан босатуды сұраймын", – деді Азат Барболов.
Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленген. Онда айыпталушы соңғы сөзін айтады. Ал Әбілдиновтар отбасы әділ шешім қабылданады деп үміттенеді және мұндай қайғылы жағдай басқа балалармен қайталанбасын қалайды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жеке стоматологиялық клиникада 3 жасар Зере Есентай 2024 жылғы 30 қазанда 18 тісін бір күнде емдеу кезінде көз жұмды. Наркоз жоспардан ұзақ созылып, медициналық бақылауда бірқатар бұзушылықтар анықталды. Дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді.