Оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Жақындары Мұрат Насыров жайында естеліктерімен бөлісті
Осыдан тура он жыл бұрын әнші әрі музыкант, көпшіліктің сүйікті өнерпазы Мұрат Насыров дүниеден озды. Қаңтардың 19-нан 20-на қараған түні ол өзінің Мәскеудегі пәтерінің терезесінен құлап кетті.
Осы он жылдың ішінде Насыровтың өлімінің нақты себебін ешкім анықтай алмады. Оның дүниеден озуына қатысты түрлі болжамдар айтылды: оқыстан болған оқиға, шығармашылық тоқыраудың салдарынан өз-өзінен қол жұмсау, тіпті, кісі қолынан қаза табу…
Сұм ажалға 10 жыл толуына байланысты «Комсомольская правда» тілшілері оның ет жақындарымен тілдескен еді.
Мұрат жейдемен туылды
Бүгін Насыровтар отбасында жиын. Мұраттың барлық достары, әріптестері мен сыныптасытары оның шаңырағына жиналатын күн. Әдетте бұл күні барлығы Мұратты еске алады, қосылып жылайды және күледі.
Ал әншінің анасы Алматыда жеке-меншік үйде тұрады. Бұл үй – ұлының анасына тарту еткен соңғы сыйы.
«Сол жылы мен 70-ке толатын едім. Мұрат мерейтойыма қарсы мені емдету үшін Қызыл теңізге алып баратынын және үй соғып беретінін жиі айтатын. Балаларымен бірге демалысқа осы үйге келіп тұруды армандайтын. Алайда біз қоныс тойын олсыз тойладық», – дейді көзі жасаураған Қатира Ниязқызы.
Бүгінде Қатира Ниязқызы бес уақыт намазын оқып, Мұрат үшін дұға жасайды. Одан бөлек қолөнермен айналысады. Осылайша ол он жыл бұрын жүрегін тілік-тілікке бөлген қайғыны аз уақытқа болса да ұмытады.
Ол әлі күнге дейін Мұрат туралы ол тірі секілді әңгімелейді. Сондай-ақ, баласынан айырылған ана оның туғандағы жейдесін сақтап қалмағаны үшін өкінеді.
«Иә, Мұрат жейдемен туылды. Оған дейінгі төрт перзентім де қарапайым күйде дүниеге келсе, Мұраттың қағанағы болды. Мұндайды бірінші рет көрдім, оны сақтап қалу керектігін уақытында ешкім айтпапты. Бәлкім соны сақтап қалсам, қайғылы жағдайға душар болмас па едік», – дейді Қатира Ниязқызы көз жасын сүртіп.
Анасының айтуынша, мектепті бітірген кезде Мұрат 18-ге де толмаған. Соған қарамастан жастай зерек болып өскен бала өздігінен әскер қатарына алынуға өтініш білдірген.
«Ол туралы білген де жоқпыз, ол бізге тек хабарын айтты. Мұратты Алтай аймағына жіберді. Ол жақта өте суық екенін жазып тұратын. -60 градусқа дейін аяз болады екен. Үлкен ұлымыз әскери адам еді. Інісінің шешімін білген кезде әкесі екеумізге ұрысты. Кәмілеттік жасқа толмаған баланы әскерге неге жібересіңдер деді. Бірнеше айдан соң оны өзі қызмет атқарып жүрген Түркмениядағы қызметке ауыстырып алды», – дейді анасы.
Бөлімдегілер Мұраттың гитарада ән салатынын білген шақта оны Меркулов басшылық ететін ансамбльге шақырған екен. Анасы Насыровты Мәскеуге оқуға баруға итермелеген де сол кісі деп есептейді.
«Мұрат бізге хат жазып, әскерден кейін бірден Мәскеуге жол тартатынын айтты. Мен жыладым. Алматыға келіп кетуге көндірдім, екі жыл көріспеген едік. Одан кейін ұзақ уақыт бойы оны жібергім келмеді. Ақырында ол Мәскеуге барған кезде құжат тапсыруға кешігіп қалды. Бір жыл бойы қара жұмыс істеп, Мәскеуде пәтер жалдап тұрды. Қолымыздан келгенше көмектесіп тұрдық. Азық-түлік, ақша жіберетінбіз. Бір жылдан кейін музыкалық училищеге оқуға түсті», – деп еске алады Қатира Ниязқызы.
Аталған оқу орнында Мұрат өзінің болашақ жары Натальямен танысқан. Ол фортепиано сыныбында оқыпты. Мұрат ұзақ уақыт бойы өзінің махаббатын ата-анасынан жасырып келген. Тек әке атанған сәтте ата-анасын хабардар етіпті.
«Мұрат туған күніммен құттықтап хат жазды. Содан кейін бірден жақын арада келе алмайтынын, себебі қызының кішкентай екенін жеткізді. Хаттың ішінен Наталья мен Лияның суреттері шықты. Оқыдым да жыладым. Бұл қалай? Тойсыз, ата-ананың батасын алмай… Әкесі: «Несіне жылайсың? Болар іс болды. Енді немереміздің барына қуанайық», – деді. Суреттер ақ-қара түсті болғандықтан, Наталья маған суық көрінді. Тіпті, «Мұндай ашушаң қызды қайдан тауып алған?» деп ойладым. Одан кейін Мұрат түрлі-түсті сурет жіберді, онда Наталья жымиып түскен. Сол кезде оған деген көңілім жылыды», – дейді Қатира Ниязқызы.
Аталған хатты музыканттың анасы 20 жылдан бері сақтап келеді.
Ал Қатира әже немересін тек ол 1 жастан асқан кезде көрген. Мұрат Натальямен бірге алғаш рет Алматыға келген кезде… Сонда Қатира Ниязқызы тез арада мұсылманша неке қию рәсімін өткізуді ұйғарған.
«Екі жылдан кейін Мұраттың ұлы дүниеге келген кезде әкесі екеуміз Мәскеуге өзіміз бардық, немеремізге Әкім деп ат бердік. Салтқа сәйкес, 40 үн немеремнің жанында болып келініме көмектестім, қажеттінің бәрін жасадым. Сол кезде Мұрат пен Наташаның өзара жақсы түсінісетінін аңғардым. Бір-біріне қырын қарап, ұрысқанын ешқашан көрмеппін», – дейді Мұраттың анасы.
Ал екінші рет Қатира Ниязқызы Мәскеуге жалғыз өзі барған. Ол уақытта жары дүниеден өтіп кеткен еді. Бүгінде Мәскеуде тұратын немерелері Қатира апайға хабарласып тұрады.
«Бірақ соңғы рет үш жыл бұрын келді. Түсінемін, алыс әрі билет қымбат, бірақ оларды әрқашан күтемін. Лия мен Әкім Мұратқа қатты ұқсайды, әсіресе Әкім. Шаш үлгісі, көзқарасы, тіпті, әдеттері ұлымдікіндей. Алла оларға денсаулық берсін. Наташамен де ара-қатынасымыз жақсы. Оған әркез: «Сен әлі жассың, тұрмыс құрамын десең ренжімеймін», – деп айтып отырамын. Ал өзім Мәскеуге бара алмаймын. Оған егде жасым да, денсаулығым да мүмкіндік бермейді», – деп жалғады сөзін музыканттың анасы.
Мұраттың өлімі туралы сұраққа қайғыдан қан жұтқан ана:
«Бұл туралы үнемі ойланамын. Осы сұрақ он жылдан бері маза берер емес. Бір нәрсені анық айта аламын – ол өз-өзіне қол жұмсаған жоқ, мұны жүрегіммен сеземін. Мұраттың жоспарлары көп еді. Ол Наташаға заңды түрде үйленгісі келіп жүрді, тіпті тойға дайындалды. Гастролдетіп Америкаға, одан кейін Еуразиялық муызкалық байқауға баруы тиіс болды. Ал есірткі туралы жазылған нәрселердің бәрі жалған. Мұрат, тіпті, темекі шекпейтін, ішімдікті тек анда-санда мерекелік кештерде тұтынатын. Әкесі молда еді, өзім де намаз оқимын. Осы қасиет Мұратқа қанмен берілді деп есептеймін. Мәселен, «А-студио» тобындағы Бағлан Сәдуақасов қайтыс болардың алдында ол менен аят үйретуімді сұрады. Оның өліміне кім кінәлі, білмеймін. Бәлкім оны көре алмайтын дұшпандары болған шығар, бірақ ол өз-өзіне бұлай жасауы мүмкін емес», – деді.
Мұраттың өлімінен соң өмірімнің жалғыз мәні – балаларым болды
Мұрат Насыровтың жесірі Наталья мен олардың балалары Лия мен Әкім сол Мәскеудегі 4 бөлмелі үйде тұрады. Қайғылы жағдайдан кейін олар үйдің ішін өзгерткен жоқ. Мұраттың студиясына да қол тигізбеді. Қазір ол жерде балалары жаттығады.
Наталья болса Останкинодағы эстрада және кино мектеп-студиясында Сергей Мазаевтің эстрадалық оркестрінде сабақ береді. Лия Плеханов атындағы академияның халықаралық экономикалық қатынастар мамандығында 3-курста оқыса, Әкім осы жылы кезінде ата-анасы білім алған оқу орнына түсті.
«Мұрат дүниеден өткен соң саналы түрде балаларымды музыкалық мектепке беруді ұйғардым. Шығармашылығы арқылы болашақта олар әкесін жее түсініп, оны сезінсе дедім. Лия мектеп бітірген соң музыка мен экономиканың арасында таңдау жасады, ақыры екіншісін таңдады. Ол да әкесі сияқты білімге құштар. Бірдеңені үйрене бастаса, түбіне жетпей қоймайды. Ал Әкім мектептің өзінде саксофонды таңдады. Мұрат өмірден өткен соң Батырхан Шүкенов үйімізге келіп, Әкімге бар білгенін үйретті. Жалпы Мұрат кеткен соң ол барлық жағынан бізге қолдау көрсетіп отырды», – дейді Наталья.
Мұратпен танысқан күнді еске алған жұбайы:
«Біз бірге оқыдым, достарымыз ортақ болғандықтан жиі көрісетінбіз. Бірақ Мұратты ұнататынымды ешқашан сездірген емеспін, өзім ұялшақ қыз болатынмын. Десе де Мұраттың ерекше жан екенін іштей сезетінмін. Дос болып араласып жүргенде де оның қамқорлығын сезінетінмін. Оған дейін де, одан кейін де дәл Мұраттай қамқор күйеу мен әкені көрген емеспін. Қайғылы оқиғадан кейін әрі қарай өмір сүру бәрінен де қиынға соқты. Миым оның жоқ екенін қабылдай алмады. Сол сәтте балаларым өмірімнің жалғыз мәніне айналды», – деді.
«Оның өліміне не себеп болуы мүмкін?» деген сауалға Наталья:
«Мен де басқалар сияқты тек болжам жасай аламын. Мұрат әркез ашық, әсершіл әрі елгезек жан болды, бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын, сол себепті де жиі ұйқысыздыққа душар болды. Медициналық тілмен айтатын болсам, ақырында оның психикалық ахуалында тұрақсыздық пайда болды. Ол тез ашуланып кететін, кейде жабырқау болып жүретін. Мұрат оны түсінді, тіпті емдеу курсынан өтті. Жағдайы жақсара түскен кезде қуандық. Өмірден озарының алдында екеуміз түні бойы телефон арқылы тілдестік. Мен басқа қалада болғандықтан… Сол кезде Мұрат жаңа «Ромео мен Джульетта» әнін жазған, оны «Евровидение» байқауында орындауды армандады. Сол арқылы шабыттанды. Сол ұйқысыз түннен кейін де ол абыржулы күйде болды. Кейіннен дәрігерлер масаттанса оның құлап қалуы мүмкін екенін жеткізді. Мен үшін әлі күнге дейін ең қорқынышты кеш осы…» – деп жауап берді.
БҰЛ УАҚЫТТА
Алматыда Мұрат Насыров мұражайын ашу жоспарланып отыр.
Жалпы бұл музыкант жанкүйерлерінің байырғы арманы. Анасы да өз үйін мұражайға айналдыруды ойлаған еді. Алайда жақындары оны бұл райынан қайтарды. Себебі анасы үнемі келушілерді қабылдайтындай жаста емес. Биыл Кужамьяров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр театрында мұражай ашылатын болды. Бірақ Мұрат ешқашан бұл жерде ойнамаған. Бұл жерде оның мақтау қағаздары, дипломдары мен еш жерде жоқ суреттері, сахналық костюмдері қойылады. Одан бөлек, экран орнатып, әр жылдардағы Мұраттың айтқан әндерін көрсету жоспарда бар.
Жіберіп алмаңыз:
Баян Есентаева: Құрастырмаңыздар, бәрін өзім айтып берем
Меруерт Түсіпбаева «сүйіктісін» көрсетті (фото)
Жадо үшінші рет сот отырысына келмеген Түсіпбаеваны кешірмейтінін айтты
Қытай Димаш Құдайбергеновке «Тәңір өзі назарына алған әнші» деп баға берді (фото)