Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Оны жай өлтірген жоқ: Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың достары күдіктілердің бәрі ұсталмағанын айтты
Қарағанды облысында браконьерлердің қолынан ажал құшқан табиғат қорғаушы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі қасақана болуы мүмкін. Тергеуге көңілі толмаған марқұмның достары осылай дейді. Себебі сол күні екінші көлікте болған 4 күдікті босатылыпты деген ақпараттан құлағдар болған.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
«Ерлан оларға кедергі болды. Оны жай өлтірген жоқ. Осы екі джипті ұстаймын деп былтырдан бері айтып жүрген», – дейді марқұмның досы Абзал Масабаев.
«Кеше ғана Теннің сотында екі жігітті соттады. Ал қызды қылмысты жеткізбегені үшін соттап жатыр. Ал бұларды неге жібереді? Ол төрт адамның аты-жөнін бермей отыр. Неге бермейді? Оның ар жағында бір іс жатыр», – дейді марқұм Ерлан Нұрғалиевтің досы Ғалым Садықов.
Қылмыс орнында күдіктілермен бірге болған 4 азаматтың аяқ асты куәгер болып кеткенін Нұрғалиевтің достарының көңілін күпті етіп отыр екен. Олардың сөзінше, бұл істің артында лауазымды тұлғалар болуы мүмкін. Сондықтан істі жылы жауып тастай ма деп алаңдаулы. Марқұмның жоғын жоқтағандар Ішкі істер министрлігінің күдіктілердің ішінде полиция қызметкерлері жоқ дегеніне де сенбейді. Ал Қалмұханбет Қасымовтың жараланған Ерлан Нұрғалиевті ұшақпен жеткізуге ауа райы қолайлы болмады деген сөзі мүлдем қисынсыз дейді.
«Минус үш градус қана болды. Қолайсыз болды дейді. Қорғалжын жақта, ол жақта боран болған жоқ», – дейді марқұмның досы Болат Хамитов.
“Еуразия бірінші арнасының” мәліметінше, марқұм инспектордың жерлестері ресми ақпаратқа сенбейді. Бұлардың артында басқа біреулер бар дейді. Осы үшеуінен бұрын ұсталған 4 күдіктінің аты-жөнін жарияласын, неге жасырып отыр дейді баршындықтар.
«Оларды куәгер деп шығарып салмақшы. Олар айтады екен: «Біз тоқтаған жоқпыз. Қашып кеттік, аналар ұрып өлтірді», – деп. Оларды қалай жібереді? Ең басты куәгер Петр Ницык қорқып отыр үйінде», – дейді Барыш ауылының тұрғыны, Ерлан Нұрғалиевтің досы Абзал Масабаев.
Сарыарқаның төсінде, Қорғалжын қорығының төңірегі, Теңіз көлімен Нұра өзененің бойын жайлаған ауыл халқы бұл маңға аң-құс ататын браконьерлердің жиі келетінін айтады. Шенді, лауазымды адамдарды талай көрдік дейді.
Қанша шағымданғанымен, дәлел жоқ деп іс жабылып қалады екен. Бұл жолы бей жай қалмаймыз, қажет болса атқа қонып, күдіктілерді өзіміз жазалаймыз деп отыр.
«Өз қолымызбен ұстаймыз. Ең құрығында 4 адамның бізге аты-жөнін жариялап берсін. Оның ақ-қарасына жететін халық бар бізде. Баршын төңірегінде бір адам жай жатпайды», – дейді Баршын ауылының тұрғыны, Ерлан Нұрғалиевтің досы Болат Хамитов.
Ал Ішкі істер министрлігі жариялаған үш күдіктінің бірінің ата-анасы баласы үшін барша халықтан кешіріп сұрап, қатты күйініп отыр.
«Мен Ахметов Беріктің әкесі боламын. Бұл істегеніне қатты өкініп тұрмын. Қайтыс болған жігіттің отбасынан, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Ойнақтап жүрген балам от басты. Айта алмаймын, кешіріп сұраймын. Толқып тұрмын», – дейді күдіктінің әкесі Мейрамбек Ахметов.
Баршын ауылы тұрғындарының сөзінше, екі машина, жеті адам болған. Көліктің бірі Ерлан Нұрғалиевті соққыға жығып жатқан кезде, ізін суытып үлгерген. Ішінде лауазымды біреу барма деп секем алады ауылдастары. Бірақ, істің ақ қарасына жетпей қоймаймыз дейді.
«Қай министр, қай лауазымды адам тықса да біз қоймаймыз оны. Айтқанымыз айтқан. Көз жұмғандарына төзіп болдық. Халық ашынды».