Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда ел тарихында алғаш рет қазіргі президентті қамауға алуға ордер берілді

Оңтүстік Кореяда ел тарихында алғаш рет қазіргі президентті қамауға алуға ордер берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Global Look Press/XinHua/James Lee

31 желтоқсанда Сеулдің Батыс аудандық соты қызметі уақытша тоқтатылған, бірақ әлі де қызметінде тұрған президент Юн Сок Ёлды қамауға алу туралы ордер шығарды.

Сот мәліметінше, ел тарихында қазіргі мемлекет басшысын тұтқындауға ордер бірінші рет беріліп отыр.

"Сот президент Юн Сок Ёлді бүлік шығарды деген айыппен қамауға алу туралы ордер берді... Конституциялық тарихта алғаш рет қазіргі президентті қамауға алу ордері шығарылды", – делінген хабарламада.

Юн Сок Ёль "төтенше әскери жағдайға" байланысты бүлік шығарды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ оған іздеу жарияланды.



Конституциялық сот мемлекет басшысына импичмент жариялау туралы істі қарауды 27 желтоқсанда бастады. Шешім іс сотқа жіберілген күннен бастап 180 күн ішінде қабылдануы тиіс. Осы уақытқа дейін Юн Сок Ёль қызметінен уақытша шеттетілді деп саналады.

“Тұтқындау жақын арада жүзеге асырылады. Ордер әдетте бір аптаға жарамды”, – делінген хабарламада. 

Бұған дейін Біріккен тергеу тобы қызметінен уақытша шеттетілген президентті қамауға алу туралы ордер беруді сұраған. Өйткені ол әскери жағдай енгізілген жағдайда жауап алуға шақыртуды үш рет елемеген.

Юн Сок Ёль елге әскери жағдай енгізгені үшін бүлік шығарды және билігін асыра пайдаланды деп айыпталған. 

Еске салсақ, бұған дейін Оңтүстік Корея Парламенті ел президенті Юн Сок Ёльге елде әскери жағдай енгізгені үшін импичмент жариялаған еді

Талқылау