Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Корея халқы жаңа президент сайлайды

Фото: Ли Чжэ Мён/GettyImages/Ким Мун Су/Tenbizt.com

Оңтүстік Кореяда сейсенбі күні, яғни бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Оңтүстік Корея халқы әскери төтенше жағдай енгізуге талпынғаны үшін қызметінен босатылған Юн Сок Ёльдің орнына жаңа президент таңдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Президенттікке басты үміткерлер екеу: бірі демократиялық партияның кандидаты әрі жуырда ғана оның жетекшісі болған Ли Чжэ Мён және екіншісі, қызметінен шеттетілген президенттің "Азаматтық күш" атты консервативтік партиясынан ұсынылған Ким Мун Су.

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, басты фаворит – Ли Чжэ Мён. Ол Ким Мун Судан 10-14% артық дауыс жинаған. Ал сайлаушылардың жартысына жуығы оны қолдап отыр.

Сайлау бір турмен өтеді, яғни ең көп дауыс жинаған үміткер бірден Оңтүстік Кореяның президенті әрі атқарушы биліктің басшысы болып сайланады. 

29–30 мамырда мерзімінен бұрын дауыс беру өтті және осы күндері сайлаушылардың үштен бірінен көбі дауыс берді. Негізгі дауыс беру күні халық қарасы одан да көп болады деген болжам бар. 

Ли мен Кимнен басқа президенттікке тағы үш үміткер бар. Бірақ сауалнама нәтижелеріне сенсек, олар екі үміткерден әлдеқайда артта. 

Ли Чжэ Мён 2022 жылғы президенттік сайлауға да қатысып, Юн Сок Ёльден бір пайыздан аз дауыс жинп, ұтылған еді. Ал Ким Мун Су – Юн Сок Ёльдің кезінде министр болған.

Сайлау кезінде Ли Чжэ Мён "Азаматтық күш" партиясының Ким Мун Су мен оның серіктерін Юн Сок Ёльдің әскери төтенше жағдай енгізу әрекетіне жол беріп, кейін президенттің билікті сақтап қалуына көмектесуге тырысқаны үшін айыптады.

Экс-президент Юн Сок Ёль былтыр 3 желтоқсанында әскери төтенше жағдай енгізуге әрекет жасап, парламентті әскери бақылауға алуды бұйырған еді. Бұл әрекет сәтсіз аяқталып, елде терең саяси дағдарыстың тууына себеп болды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 09:16
Талқылау