Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік жұрты Мұхтар Шахановтың 75 жасын дүркіретіп атап өтті

19657021_810663109101414_9054401630034358530_n

Жалпы, Мұхаңның өмір бойы қоғамдық маңызды істердің бел ортасында жүріп, елге риясыз қызмет етумен келе жатқаны белгілі. 75 жасқа толған мерейлі мерекесінде біз солардың бірқатарын оқырманның есіне сала кетуді жөн көрдік, деп жазады Замана газеті.

Мұхтар Шаханов КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі болған кезінде Қазақстанның көптеген экономикалық, ұлттық, мәдени, экологиялық мәселелерін биік мінберлерде батыл түрде көтеріп, олардың оңды шешімін табуына тікелей ықпал етті.

Ақиық ақын өз дегенін ғана істетіп тұрған кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде, 1986-жылғы Алматыда болған Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашып, оны КСРО басшыларына мойындатты. Президент Горбачевтің өзін бұған байланысты мемлекеттік комиссия тағайындауға мәжбүр етті.

Мұхтар Шаханов ұлт рухын жаңғырту жолында көптеген айшықты істер атқарды. Соның бірі – сонау 1922-жылы Компартия тойлауға тиым салған Наурыз мерекесі Мұхаңның бастамашылығымен 1988-жылы ортамызға қайта оралды.

Мұхтар Шаханов – қазақ тілінің мемлекеттік дәреже иеленуіне де өзіндік үлесін қосқан азамат. 1989 жылы қазақ және орыс тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже беру мәселесі көтерілгенде оған үзілді-кесілді қарсы шығып, ана тіліміздің дара мемлекеттік тіл болып танылуына ықпал етті.

Мұхаң еліміз тәуелсіздік алған соң бірқатар мемлекеттік қызметтерді де абыроймен ат­қарды. Ол он жыл Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болды. Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты болып жүріп те өзінің бірегей болмысымен көріне білді.

Осындай қыруар мемлекеттік, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген жанның шығармашылық қуатына да таңқалмас­қа шараңыз жоқ. Ақынның өлеңдері, поэмалары, балладалары, прозалық шығармалары жыл са­йын өмірге келіп жатты. Олардың қай-қайсысы болса да әдебиетсүйер, ұлтжанды оқырманнан өзінің жоғары бағасын алды. Көптеген шығармалары дүниежүзі халықтарының тілдеріне аударылды.

Мұхаң – ақындық қана емес, сазгерлік те қырынан танылған жан. Ол кісінің «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» деп аталатын және басқа да сыршыл, отаншыл әндерін жұрт ел ішіндегі түрлі бас қосуларда, той-томалақтарда беріле орындайды, толғана тыңдайды.

Ақиық ақынмен кездесудің өзі бір ғанибет. Ол кісі жылда Төлеби ауданындағы өзі балалық шағын өткізген Қасқасу ауылына демалысқа келген сайын ол кісіні сағынған жұрт қуана іздеп табады.

Жалпы, Мұхаң қатысқан кештерден жұрт рухани күш алып, оның тіл, ана, туған жер, Отан, адами-азаматтық қасиеттер тақырыбын толғаған жырларынан рухтанып қайтады.

Міне, осындай абзал жан мемлекеттік марапаттарға тіпті де қызыққан емес. Кезінде Халық қаһарманы атағынан бас тартқанын да жұрт біледі. Ол кісі Отанға мақтау-марапат үшін емес, ел болашағы үшін қызмет етуді өзінің азаматтық, перзенттік борышы санайды.

Ақиық ақынымызды көптеген шет мемлекеттер мойындаған,  марапаттаған. Ал мұны Мұхаң өзіне емес, қазақ халқына көрсетілген құрмет деп қабылдайды.

…Жалпы, ақиық ақын, атпал азамат Мұхтар Шаханов тұлғасы туралы, оның елге сіңірген еңбектері жөнінде қанша тізбелесеңіз де айтар сөз таусылмайды. Біз солардың бірқатарын ғана тілге тиек ете алдық.

…Осы орайда біз Мұхтар Шаханов ағамызды кешегі халық болып тойлаған туылған күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Күш-қуатыңыз сарқылмасын, Отанға қызмет етуде көрсетіп жүрген жарқын үлгі-өнегеңіз лайықты жалғасын таба берсін, жүз жасаңыз, ардақты Мұхтар аға!

Тағы да оқыңыз:

Шаханов үндемейтін депутаттарды Ырбигүл мен Жырбибайға теңеді

Шахановтың әзілдері: Қораздың жұбайы мен айғырдың әйелі болмаса, аштан өлетін едім

Мұхтар Шаханов шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан шығаруды ұсынды

Талқылау