Өмірқұл Айниязов алғаш рет 15 жасында танысқан әйелі туралы айтты (видео)
Әнші Өмірқұл Айниязов алғаш рет жұбайын көрсетіп, отбасылық өмірі жайлы бар шындықты айтты. Әнші 15 жасында танысқан жарын қалай баурап алғанын әңгімеледі.
Бұл туралы КТК арнасының “Әнім сен едің” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Өмірқұл мен Фарида Айниязовтар 1993 жылы өнер колледжінің қабырғасында танысқан. Небәрі 15 жастағы мектеп түлектері оқуды ғана мақсат тұтқан, білім ордасында махаббатымды кездестіремін деп тіпті ойламаған.
“15-16 жасымызда Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжге түскенбіз. Сол кезден бастап біргеміз. 14-15 жастан бірден үлкен махаббат құрмасақ та, бірінші достықпен, сыйластықпен, қалжыңмен басталды. Есейе келе үлкен махаббатқа ұласты. Ол кездегі студенттердің отырысын білесіздер, далада көк шөптің үстінде. Ән айтып отырып, танысқан кезіміз әлі есімде. “Аққулардың арманы” әні арқылы мен де бұл кісінің даусына ғашық болдым”, – деді Өмірқұл Айниязов ағынан жарылып.
“Бұл кісіні алғаш көргенім есімде. Бірге оқыдық, бір жатақханада көрші бөлмеде тұрдық. Алғаш көргенде өнеріне ғашық болдым. Ер азаматқа тән жігерлі қасиеті маған ұнады”, – дейді Фарида Айниязова.
Ер азаматқа тән мінезінен бөлек, Фаридаға Өмірқұлдың қазақы тәрбие көргендігі ұнаған. Ата мен әженің тәрбиесін көрген бала артық сөз сөйлемеген, тіпті ашылып сезімін білдірмеген.
“Екеуміз жүрейік, бірге болайық деп айтқаным әлі күнге дейін есімде емес. Бірақ біз солай ештеңе айтпай-ақ, ыммен, жыммен түсініп, табысқан адамдармыз. Ол кезде заман басқа. Мен негізі сөз айтып көрмегем. Мен жалпы осы уақытқа дейін сүйемін деп те айтып көрмегем. Адам жақсы көрсе, оны міндетті түрде барып, айтудың қажеті жоқ. Көзбен, қабақпен ғана бір-бірімізді жақсы көретінімізді түсіндік. Біз түгілі, жоғары курста оқитын жігіттер осы екеуі бір-біріне күлімдеп қарайды, жақсы көреді деп қалжыңдап жүретін”, – деп еске алады Өмірқұл.
Жіберіп алмаңыз:
Актриса Назгүл Қарабалина “91” тобына ұқсаған гелзбенд құрды (фото)
Отандық жобаға қатысқан Қайрат Түнтеков көрерменмен жылап қауышты (видео)
Сиви Махмудидің күйеуі алғаш рет сұхбат беріп, не себепті елден жасырынып келгенін айтты