Өмірде жоқ 100 мың малды жүйеге тіркеген: Түркістан облысында мал дәрігерлері 271 миллион теңге субсидияны жымқырған
Фото: istockphoto.com
Түркістан облысында төрт мал дәрігері мен жергілікті тұрғын шаруалардың атына жалған мал рәсімдеп, мемлекеттік қаражатты иемденіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, аудандық ветеринарлық қызметтің төрт қызметкері ауыл тұрғындарының бірімен алдын ала сөз байласу арқылы шаруа қожалықтарына тиесілі деп жалған түрде шамамен 100 мың ұсақ малдың деректерін ақпараттық жүйеге заңсыз енгізген. Шын мәнінде, мұндай мал болмаған.
Осы жалған мәліметтердің негізінде күдіктілер субсидия рәсімдеп, 271 миллион теңгені жымқырып, кейін өзара бөлісіп алған.
“Түркістан қалалық соты бес күдіктіні де жоқ малдың құжаттарын жасағаны және субсидияларды жымқыруға байланысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды”, – делінген облыстық прокуратура мәлімдемесінде.
Төрт күдікті 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылған. Тағы бір күдіктіге бас бастандығын шектеу жазаласы тағайындалып, сот рақымшылық актісін қолдану арқылы істі тоқтатты.
Мемлекет пайдасына 50 миллион теңге өндіріліп, сондай-ақ күдіктілердің жалпы құны 120 миллион теңге болатын мүлкі бұғатталған.
“Түркістан облысы прокуратурасы мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидияларды жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша жазалау мерзімі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру болып белгіленген”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін қаржы министрі бір малға бірнеше рет 808 млн теңгеге субсидия алған шаруа туралы айтып, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланып отырғандарға шүйліккен еді.
"Негізгі айғақ – бір-бірімен хат алмасуы": Атыраудағы Яна Легкодимованың өлімі туралы шындықты ашқан тергеуші істің хронологиясын айтып берді