Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмір мұнымен бітпейді": Қарағандылық студент теміржолдағы оқиға салдарынан аяқсыз қалды

18 жастағы қарағандылық студент Павел Жензаков "Қарағанды-Сортировочная" станциясының теміржол жолдарында жылжымалы құрамның астына түсіп, аяқсыз қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 19 ақпанға қараған түні болған. Ол Сортировкадағы Рабочий ауылындағы сүйіктісіне бару үшін теміржол жолдарынан өтуі керек еді. Оларға жақындағанда, жылжымалы құрамның өзіне қарай келе жатқанын байқаған. Ол күтуге шешім қабылдады, бірақ артқа қадам жасағанда, тайып, вагондардың астына құлады.

"Көктайғақ болды, мені рельстерге лақтырып жіберді, егер аяғым вагондардың астында қалмаса, мен мүлдем аман қалмас едім. Олар мені ұстап тұрды, әйтпесе мен екіге кесіліп қалар едім. Сол сәтте қатты ауырған жоқ, есеңгіреген күйде болдым. Аяғым ұйып қалғандай сезіндім. Рельстерден сырғып шыға бастадым және аяқтарыммен өзіме көмектескім келді.Сол кезде ғана оларды сезбегенімді түсіндім. Аяқтардың орнына қан, ет және сүйек тұрды. Еңбектей алған соң,  қызыма қоңырау шалып, оған келуін өтіндім. Сол кезде менің көзім қараңғыланды. Содан кейін ештеңе есімде жоқ", - деді Павел.

Ол тек келесі күні оянып, жансақтау бөлімінде жатқанын білді. Оның сүйіктісі Ирина жедел жәрдем шақырып, оған жедел ота жасағаны белгілі болды. Сортировка  ауруханасына түскен кезде ол көп қан жоғалтып, өлімге бір қадам қалған. Операция үш сағатқа созылды.

"Алдымен менің басыма әртүрлі ойлар келді. Не болғанын түсіну қиын болды. Менің аяқтарымды тізеден бастап кесіп тастады. Бірақ содан кейін өзімді қолға алдым. Өмір мұнымен бітпейді. Марқұм әкемнің сөздері есімде, не болса да, бәрі жақсылыққа деп айтқан. Мүмкін, өмір маған сабақ беріп, төзімділігімді сынамақ. Әкем тағдырдан қаша алмайтынымды айтқан. Бірақ мен берілмеймін, мен мықтымын және бәрін жеңемін. Себебі небәрі 18 жастамын",  - дейді Павел.

Оқиғадан бірнеше күн өткен соң Павел "Көмек қолы" еріктілеріне қаражат жинауды ұйымдастыруды сұрады. Ол протез болса да, аяққа тұрғысы келеді. Ол үшін 14 миллион теңге жинау керек.

"Мен бәрін хирургтан білдім және интернеттен оқыдым. Мемлекет беретін протездерде бірқатар шектеулер бар. Мысалы, оларда тізе бүгілмейді, аяқтың айналу дәрежесі біз қалағандай емес. Ал мен толыққанды жүргім, жұмыс істегім, отбасын құрғым келеді, қоғамға өз пайдамды қосқым келеді. Мен қалаған протездер бір аяққа шамамен жеті миллион тұрады. Дәрігерлер егер бәрі жақсы болса, мен оларды екі айдан кейін кие аламын деді. Егер қандай да бір асқынулар пайда болса, тек алты айдан кейін. Қалай болғанда да, қазір менің мақсатым - осы", - деді Павел.



Жігіттің әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Ол анасынан кішкентай кезінде айырылды. Павел тәтесімен бірге тұрады.

"Қазір менің қызым менімен бірге, ол маған жуынуға көмектеседі. Оған өте ризамын. Мен еріктілерге жүгінгеннен кейін олар шот ашып, менің әлеуметтік желілердегі жағдайым туралы жазды. Адамдар маған ақша жіберіп, қолдау сөздерін жазып жатыр. Мен оларға шексіз алғыс айтамын, олардың сөздері маған мотивация береді. Аяғыма тұрғанда, олар мені жаңалықтардан көрсетеді деп армандаймын. Адамдарға маған сынуға жол бермегендерін айтамын. Олардың ақшалары желге кетпегенін көргенін қалаймын", - деді студент.

Павел агротехникалық колледжде оқиды және аяғынан айырылғанға дейін электрик болғысы келді. Ол оқуды жұмыспен ұштастырып, тәтесіне ауыртпалық түсірмеуге тырысты. Енді ол политехникалық университетке бағдарламашы ретінде түсуді жоспарлап отыр.

"Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, оқиға болған кезде станцияда вагондарды сұрыптау төбесінен тарату арқылы 53 вагонды сұрыпталған. Вагондар төбеден рельстер бойынша өздігінен жүреді. Жылжымалы құрамның қозғалысы туралы хабарланған. Соқтығысу жылжымалы құрамның сұрыптау дөңесінің түсу бөлігінде болған.

"Жарақаттану оқиғасының себебі зардап шеккен азаматтың теміржол көлігінің қаупі жоғары аймағында болу қағидаларын бұзуы, теміржолдар арқылы белгіленбеген жерде өтуі болды. Қарағанды-Сортировочная станциясының темір жол қиылысына арналған екі жаяу жүргіншілер көпірінің, темір жол көлігі қызметкерлеріне арналған қызметтік өткелдің, қаупі жоғары аймақ туралы ақпараттық-ескерту тақтайшаларының және аншлагтардың болуына қарамастан, адамдар өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, жеке қауіпсіздігін ұмыта отырып, жолды белгіленбеген жерлерден өтуді жалғастыруда", - деп хабарлады "Қазақстан темір жолы "ҰК"АҚ баспасөз қызметі.

 

Талқылау