Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өмір болған соң махаббат та бірге жүреді”: Шаһизада жаңа ғашығы туралы еспе әңгімелердің нүктесін қойды

Өнерсүйер қауым соңғы кездері әнші Шаһизаданың жанынан бейтаныс жас жігітті жиі көріп жүр. Тіпті кейбірі “бұл Шаһизаданың жаңа махаббаты” деп жорамал жасауда. Осы қауесетке қатысты әншінің өзін мән-жайды түсіндірді.  

– Шаһизада ханым, сізді көргенімізге қуаныштымыз! Әңгімені жаныңыздағы жас жігіттен бастайықшы. Өзіңіз таныстырып өтсеңіз…

Шаһизада: Көбіне менен “шәкіртіңіз бар ма?” деп сұрайтын. Мен өзім де іздеу үстінде болғанмын. Алла Тағала да сол ойымды топ еткізіп алдыма алып келгендей. Рамазан айында ауызашарға бір мейрамхана барған едік. Сол жерде Бағдат әдемі ән орындап тұрды. Сол күні Бағдатпен танысып, әңгімеміз жарасты. Одан ары Бағдаттың өзі “Сіздің әндеріңіз ұнайды. Мүмкін дуэт жазып көрсек қалай болады?” деп ұсыныс жасады. Түр келбеті де, дауысы да сахнаға арналған. Мен де қолымнан келген көмекті жасайын деп жұмысты бастап кеттік. Қазір екі дуэт реттедік. Енді Бағдаттың жеке әнін жазуға ниеттіміз.

– “Махаббат жасқа қарамайды” деп сенетін “инстадостарыңыз” сіздерді ғашықтарға балап жүр…

Шаһизада: Әрине, өмір болған соң махаббат та бірге жүреді. Қай жағынан?! Өнерге деген махаббат, бауырға, әпкеге деген махаббат. Ал қыз бен жігіттің арасындағы махаббат туралы айту ұят шығар. Себебі Бағдат – менің баламның замандасы. Ондай әңгіменің болуы да мүмкін емес.

– Бағдат, өзіңіз кәсіби білімі бар әншісіз бе әлде “өнерге әркімнің-ақ бар таласы” деп жүрген жансыз ба?

Бағдат: Ж. Елебеков атындағы эстрадалық цирк колледжінде “эстрада вокал” бөлімін бітірдім. Сәкен Майғазиев ағамыздың сыныбында білім алдым.

– Шаһизада ханыммен жұмыс жасау қаншалықты қиын? Талапшыл продюсер ме?

Шаһизада: Бұл кісі өте ақкөңіл. Бұл кісімен жұмыс жасаған өте керемет. Алдымдағы мақсатқа тезірек жетуге үлкен септігін қосып жатыр. Бұл кісімен танысқаныма өте қуаныштымын. Жұмыс басталғалы тек шығармашылыққа көңіл бөле бастадым. Бойымдағы Алла Тағаланың берген талантына мән бере бастадым. Сондықтан да үлкен рахмет айтамын.



– Араларыңызда заңды келісім шарт бар ма?

Шаһизада: Жұмыс болғаннан кейін ресми келісімшарт болу керек. Ақша жүрген жерде достық болмайды. Менің өмірімде ондай жағдайлар болды. Жағдайын жасап, аяғына тік тұрып, мәселе ақшаға келгенде шарт-шұрт әңгіме басқаша болып, қазіргі кезде 15-20 жылдық достарыммен араласа алмай қалдым. Ақшаның кесірінен түсініспеушілік болды. Екеуміздің арамызда ертең сол жағдайдың қайталанғанын қаламаймын. Белгілі бір мерзімге дейін келісімшартқа нақты отырамыз. Одан кейін оны соза ма, әлде тоқтата ма, тікелей Бағдаттың таңдауына байланысты болады. Мұның барлығын мен Бағдатқа айтып түсіндірдім. Келістік. Тек заңдастыру үшін нотариусқа барып, қол қоюға уақыт болмай жүр.

– Шаһизада ханым, сіздің шағын дәмханаңыз бар еді. Ол бизнестің қазіргі хал-ахуалы қалай?

Шаһизада: Жоқ, “общепит” деген менің салам емес екен. Тамақ жағынан мен жоқ екенмін. Бұл салада бизнес жасай алмадым. Оған көзім жетті. Шынымды айтсам, ол бизнестен қырғын табыс табамын деп бармадым. Тек біраз адамдарға көмектесіп жіберейін деп ойладым. Маған қазір жасап жүрген киімдермен тікелей байланысты кәсібім ұнайды. Оны тіпті Роза Қуанышқызы да, Мақпал апайымыз да байқады. “Бұрыннан осы саланы неге қолыңа алмағансың?” деп пікірлерін де білдірді. Әр нәрсе өз уақытымен шығар. Қазір Түркиямен жұмыс жасап жатырмыз. 

– Ақшаны басқарудағы басты қағидаларыңыз қандай?

Шаһизада: Ақшаны жұмыс істету керек. Ақша жатпау керек. Ақша сен қалай жұмыс істейсің, саған тура солай жұмыс істеу керек. Оның жолдарын іздеу керек, іздену керек. Ақша келді деп шаша берудің қажеті жоқ. Оның 20-30% өзіңнен тығып тастау керек екен. Сонда ғана қаражат жиналып, берекелі болады. Соған көзім жетті.

Бағдат: Еңбек етсеңіз, кезкелген ақша берекелі болады. Бастысы адал жолмен, маңдай термен табылу керек деп ойлаймын. Мен ақшаға өте ұқыптымын. Жұмсаған кезде де ойланып жұмсаймын.

Сұхбатымыздың толық видео нұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар:

Дайындаған: Жанар Тайырқызы

Талқылау