Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өнер адамдары ешкімге керек емес болып қалғандай сезілді”: Әнші Бақыт Тұрман сахнадан көрінбеуінің негізгі себебін айтты

Танымал әнші Бақыт Тұрман сахнадан өте сирек көрінеді. Тіпті жаңа ән жазбағалы да біраз уақыт болыпты. Оның басты себебі – карантин кезіндегі өнер адамдарының ешкімге керексіз болып қалуы деген ол ағынан жарылып, Stan.kz тілшісіне экслюзив сұхбат берді.  

– Бақыт ханым, сұрақты өнер әлемінен бастайықшы. Жаңа ән, бейнебаяндарды көрмегелі көп болды. Себебі неде?

– Карантин басталған кезде бізде барлық съемка, концерттер тоқтап қалды. Сол кезде өнер адамдарында апатия пайда болды. Бірақ маған бұл қатты психологиялық соққы болмады. Бұны қабылдап, өзімнің бірінші мамандығым – педагогика жағына кетіп қалдым. Содан бері, шыны керек, менің құлшынысым жоғалды десем болады. Карантин кезінде ол нәрсе аса құнды еместей көрінді. Өнер адамдары ешкімге керек емес болып қалғандай сезілді. Сахнаға шықпаса, қызық емес сияқты. Олар да ақша таппай, біраз қиналып қалды. Сол кезде “бұл тұрақты нәрсе емес” деп ойладым. Ал мен тұрақтылықты, жүйелікті жақсы көрем. Сондықтан көңілімнің басым бөлігін негізгі жұмысыма бөліп кеттім. Әрине, арасында концерт, бағдарламаларға шығып тұрамын.

– Қазір жұлдызды жұптар вайн түсіріп, отбасылық блогер ретінде өздерін жаңа бағытта халыққа көрсетуде. Қайрекеңмен осы салада бақ сынау жоспарда жоқ па?

– Карантин кезінде Instagram-да өте көп тікелей эфирлер жүргіздік. Ол халыққа да ұнады. Ең қызықты жерлерін қиып алып, пабликтер салып жүрді. Содан мен Қайратқа “әлеуметтік желіде бір бағдарлама сияқты ашып, жүргізіп көрейік” деп айтқанмын. Біраз ойласқан да едік. Бірақ бізде Қайраттың өзінің жұмысынан бөлек киносы, тойы, түсірілімдері бар. Бір Instagram-ға қарап отырған жоқ. Сондықтан уақыты келмей жатыр. Әлі де ойда бар. Мүмкіндік болса, шығып қалармыз.



– Өзіңіз айтқандай, үнемі ізденіс пен шабытта жүретін актер Қайрат Әділгерейдің жары болу үлкен жауапкершілік қой. Үйде ол кісі қандай?

– Қайрат сахнада энергияға толы адам болса да, үйде ұстамды. Салмақты әңгімелер айтады. Қатты ұшып-қонып жүреді деп айта алмаймын. Бірақ мен “кішкене демалып ал” деп айтып қоямын. Оның жан-жақтылығы жасандылық емес, табиғаты сондай. Ол адам оны алып жүре алады, өзіне ұнайды. Бар көңілмен жасап жүргенде адам демалады. Бірақ, әрине, шаршайтын кездер болады. Сол кезде фокусты отбасына, балаларға, демалысқа бөлеміз. Солай энергия жинаймыз, өзімізді солай толтырамыз.

– Өзіңіз көп балалы анасыз. Бірақ сырт келбетіңіз, дене бітіміңіз талай қыздарға арман. Мұның қандай құпиясы бар?

– Сыртқы болмысым ол Құдайдан берілген. Әдейі жүгіріп, тамақ ішпей, диета ұстамаймын. Бала дүниеге келген соң өз қалпыма тез келемін. Ол генетика деп ойлаймын. Мен өзімді жақсы көремін. Әрдайым өзіме қарап жүремін. Өзімнен аямаймын. Қайрат та оны қолдайды.

– “Өзіңді жақсы көр, тек бренд пен LUX-ке” лайықтысың деп психологтар қазір үндеу тастауда. Сіз қаншалықты брендпен киінесіз?

– Өзіңді жақсы көр дегенді мен психологтардан тыңдап келмедім. Ол менің өзімде бұрыннан бар. Маған ата-анам кішкентайымнан бар жақсыны беріп, әдемі киіндіріп үйретті. Бала кезден қалыптасып қалған ғой. Қайрат та сондай. “Сен ки, сен ал” деп жағдайымды жасап жүреді. Ал тым асыра сілтеп, ақшаны не болса соған жою деген менде жоқ. Барлығы есеппен, ешкімге қиындық туғызбау керек. Барлығы ақылмен жұмсалады.

– Отбасында ақшаны кім тауып, кім басқару керек?

– Әйел мен ер адамның арасындағы ақша мәселесіне келетін болсақ, менің өз қағидаларым бар. Ер адам әрдайым ақша табу керек. Ол – асыраушы, үнемі түзде жүреді. Бірақ кейбір жағдайларда ситуацияға қарай керек болса, әйел адам өз ақшасын жұмсауға болады. Ал мүлдем “бұл менің, бұл сенің ақшаң” деп отбасын екіге бөлуге болмайды. Бұл екеуінің арасындағы моральдық құндылықтарды жоғалтатын сияқты. Сосын олар бір-бірінен алыстай бастайды. Ондай отбасыларды мен білемін. “Қалай солай өмір сүруге болады?” деп таңғаламын. Бізде барлығы ортақ. Бірақ менің өзім тапқан ақшаны өзіме жұмсауға мүмкіндігім бар. Әйтпесе ол да бір отбасылық ортақ ақша.

Сұхбатымыздың видео нұсқасын YouTube арнамыздан тамашалай аласыздар: 

Дайындаған: Жанар Тайырқызы

Талқылау