Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлтіру ниетім болса, жібермес едім": Берденовке қастандық жасаған сотталушы үкіммен келіспейтінін жеткізді (видео)

айыпталушы 9 жылға сотталдыФото: Видеодан скрин

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасағаны үшін сотталған Ернар Жиембай үкіммен келіспейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сотталушы өлтіру ниетім болса, жібермес едім дейді. 

"Үкіммен келіспеймін. Өлтіру ниетім болмаған. Мұны Руслан Арыстанбекұлының қорқыныштан айтып жатқан сандырағы деп ойлаймын. Егер өлтіретін болсам, ол кісіні жібермес едім. Сот үкімі адам өлтіру ниетінсіз, Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша деп күттім. Себебі нақты аяқталған қылмыс денсаулығына ауыр зиян келгені. Биологиялық өлім болған жоқ", - дейді сотталушы. 

Ол әзірге апелляциялық шағым түсіретінін я түсірмейтінін шешпегенін айтты.

“Әзірге нақты айта алмаймын. Келіншегім туралы ештеңе айтпаймын. Берденовке ота жасалғалы жатыр екен. Оны қазір айтып, қан қысымын көтергім келмейді. Негізі ол кісі мені бірінші шақырды. Себепсізден себепсіз дөрекілік танытты. “Ақымақсың, шашың түсіп қалған” деп айтып, жағама жармасты. Бұл сөзді оның көмекшісі, құрылыс бөлімінің бастығы да растады. Берденов бөлім бастығына: "Жиембайды менің көмекшіммен дөрекі қылық көрсеткені үшін түрмеге тоғытамын" деп айтты. Ал сіздер оған мән бермедіңіздер”, – деді сотталушы. 


"Мен де адам баласымын": Берденов ісі бойынша сотталушы сотта соңғы сөзін айтты


Берденов ісі бойынша сот отырысында тілін шығарған судья тексерілмек


Ернар Жиембай кездесуге бірінші Берденовтің өзі шақырғанын айтты. 

“Онымен кездесуге тырыстым. Себебі ол Forbes тізіміндегі адам, биліктің ең жоғары эшелонына жақын. Оның сотталуымды талап етпеуін және арамызда ешқандай жанжал болмауын қаладым. Сол үшін кездесуге бардым. Ол кездесуге мені өзі шақырды. Сосын: "Әйелің анау-мынау, сені түрмеге жабамын" деген сөздер шықты. 21 сәуірде өзі телефон соқты. Ол мені өзі шақырды ғой. Жарайды, көнеміз ғой енді”, – деді Ернар Жиембай.

Еске салайық, 21 сәуір күні Руслан Берденовке Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылып, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Бұл іс бойынша айыпталушы қалалық құрылыс басқармасына қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай.

Жәбірленуші Руслан Берденов сот отырысына онлайн режимде қатысқан. 18 тамызда прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда айыпталушының қорғаушысы тағылған айыппен келіспей, оның әрекетін "кісі өлтіруге оқталу" емес, "қасақана ауыр зиян келтіру" деп бағалау керек екенін айтқан.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 20 Тамыз, 2025 13:33
Талқылау