Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлтіремін деп қорқытып, қасын пышақпен қырып тастаған": 15 жастағы қыз бір айдан астам жыныстық құлдықта болған

Қырғызстан омбудсмені құқық қорғау органдарын Ошта бір айдан астам сексуалдық құлдықта болған 15 жасар қыздың құқығын қорғауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: istockphoto.com 

Жамиля Жаманбаеваға жәбірленушінің өкілі болған жәйттің бәрін баяндап берген. Өкіл Жахангир Сайфуллаевтың сөзінше, қызды құлдыққа салғандар ол бағынбаған жағдайда соққыға жығып отырған. Сондай-ақ оны видеоға түсіріп алған. 

“Қызды ұрып-соғып, өлтіремін деп қорқытып, шешіндіріп, қасын пышақпен қырып тастаған. Оны интимдік қызмет көрсету үшін әртүрлі еркектерге "сатқан”. Ол осылайша тозақтың барлық шеңберінен өтті деп есептейміз", – деді ол.

Өкілдің айтуынша, қазір мессенджерлерде қыздың зорлық-зомбылық көргені туралы видеолар тарап жатыр.

Омбудсмен құқық қорғау органдарынан адам саудасы құрбандарының қауіпсіздігі үшін шара қолдануды талап етті.

"Балаларды саудалағандар заң шеңберінде барынша жазалануы керек. "Мұндай ауыр қылмысқа қатысы барлардың бәрі табылып, жазасын алуы керек", – деді ол.



Жаманбаеваның мәліметінше, қыздың өмірі әлі де қыл үстінде тұр. 

“Ол өз өмірі үшін қорқады. Оған ұзақ мерзімді оңалту қажет. Ал оған зорлық-зомбылық жасағандардың барлығы бостандықта жүр”, – деді ол. 

Милиция қыздар тобының жасөспірімге өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасағанын және оны бопсалау арқылы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін анықтады. Конституцияның 159-бабы"жезөкшелікпен айналысуға тарту" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 21, 23, 20 және 18 жастағы қыздар ұсталды.

Қырғызстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 406 ауыр және аса ауыр қылмыс жасалған. Оның ішінде 160 қылмыстық іс зорлау фактісі бойынша. Құқық қорғау органдары "жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабы бойынша 40 қылмыстық іс, "жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу" бабы бойынша 14 қылмыстық іс қозғады.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін Қырғызстан билігі кәмелетке толмағандарды зорлау жазасын күшейтті.

Сонымен қатар 2022 жылы балалардың жыныстық қол сұғылмаушылық пен рухани-адамгершілік денсаулығына қарсы қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру мерзімін және айыппұл көлемін ұлғайту бойынша түзетулер қабылданды.

Ал 2024 жылдың қаңтарында Қырғызстан тараптар татуласса да, зорлау бойынша қылмыстық істерді жабуға болмайды деген заң қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада сыныптастары 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы жазған едік.  

15 тамызда облыстық полиция департаменті іс бойынша кәмелетке толмаған төрт баланың ұсталғанын, олардың үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалып, ал біреуі үйқамаққа алынғанын хабарлаған еді. Ал 24 тамыз күні іс бойынша ұсталған күдіктілер саны сегізге жеткені белігілі болды. 

Ішкі істер министрлігінің хабарламасында аталмыш іске қатысты қамауға алынған басқа күдіктілер туралы ақпарат берілмеген. Ал 26 тамызда іс бойынша күдіктілер саны тоғызға жеткені хабарланған еді. 

Талқылау