Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Олимпиада жүлдегері Назым Қызайбайға Алматы қаласының әкімдігі сыйлыққа берілген пәтердің неге кешігіп жатқанын түсіндірді

Фото: Stan.kz

Қазақстандық танымал боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы және 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай мемлекет уәде еткен сыйақы мен пәтерді әлі алмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, Олимпиададағы қола медалі үшін төленуі тиіс сыйақы – 75 000 доллар, бірақ бұл қаражат оған да, басқа жүлдегерлерге де әлі берілмеген. Сондай-ақ, спортшы пәтердің уәде етілген мерзімі – бір жарым-екі ай өткеніне қарамастан, алты айдан астам уақыт өткенде де кілттің қолына тимегенін жеткізді.

Алматы әкімдігі бұл жағдайға түсініктеме берді.

"Тұрғын үй беру мәселесіне келсек, жүлдегерлерге табысталған сертификат спортшыларды баспанамен қамтамасыз ету тетігінің алғашқы кезеңі болып табылады. Сертификаттар табысталғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі басталды. Бұл үдеріс жеке бюджетті қалыптастыруды және барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін, конкурс жариялаудан бастап шарттарға қол қоюға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Аталған рәсімдер заңнамаға сәйкес қатаң реттелген және белгілі бір уақытты талап етеді.”- деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Қазіргі таңда әкімдіктің хабарлауынша, барлық пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта әрбір спортшымен жеке келісу арқылы пәтер кілттері қала әкімінің орынбасары тарапынан табысталады.

Ал ақшалай сыйақы мәселесі – ҚР Туризм және спорт министрлігінің құзырында. Министрлік бұл жөнінде үкіметтің 2025 жылғы 23 сәуірде қабылдаған Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлерін марапаттау туралы қаулысына сілтеме жасап жауап берді. Құжатта спортшылар мен олардың бапкерлеріне мемлекет тарапынан сыйақы төлеу тәртібі мен мөлшері белгіленген.

Еске сала кетейік, Назым Қызайбай 2024 жылғы Олимпиадада қола медаль жеңіп алған болатын.

Бұған дейін, бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Олимпиада медалі үшін берілген жүлделер мен пәтер кілттерін әлі алмағанын айтқан еді.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 24 Сәуір, 2025 19:50
Талқылау