Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Серік Сапиевті орынбасары соққыға жыққан

Сәпиевті ұрған

Фото: Stan.kz 

Олимпиада чемпионы, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевті оның орынбасары самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов соққыға жыққан туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сәйкес, жанжалдан Серік Сәпиев жарақат алған. Аталған оқиға бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушінің алған жарақаттарын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

"42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, Серік Сәпиев Лондон Олимпиадасының чемпионы. Кәсіби спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол "Астана Арландары" бокс клубының директоры, мәжіліс депутаты, Спорт комитетінің төрағасы, сондай-ақ Ұлттық олимпиадалық комитеттің вице-президенті қызметтерін атқарған. Серік Сәпиев Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне 2024 жылдың 27 қарашасында тағайындалған.

Ал Дәурен Есімханов басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарады. Ол самбо және жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, әлемдік ойындардың күміс жүлдегері және джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 12:05