Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің бапкерінің айлығына 4 миллион теңге қосылды
Қараша айынан бастап Елдос Сметовтың бапкері Ғалымжан Жылгелдиев келесі олимпиадаға дейін ай сайын 4 миллион теңге қосымша жалақы алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Елдос Сметовтың желідегі парақшасынан
Мәліметтерге сенсек, әлем чемпионатының жеңімпазы Жарқынай Рахымбаева және қола жүлдегер Серғали Әбілда, биылғы Паралимпиаданың паражүзуден күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали мен бапкері Саттар Бейсембаевтың жалақысы өседі. Осы аптада өткен Жамбыл облыстық мәслихатының сессиясында осындай шешім қабылданды.
Айта кетейік, Жарқынай Рахымбаева және Серғали Әбілда 16-26 тамыз аралығында Кишинев қаласында өткен жарыста армрестлингтен жүлдегер атанған еді.
"Жүлдегерлер жалақысының көтерілуі Жамбыл облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №262 қаулысына сәйкес жүзеге асты. Енді Жарқынай Рахымбаеваның бұған дейін алып келген жалақысына – 162 448 теңге, Серғали Әбілданың жалақысына – 81 244 теңге, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысына – 2 148 744 теңге, Саттар Бейсембаевтың жалақысына – 974 668 теңге қосылады", – делінген хабарламада.
Бапкер Саттар Бейсембаев осыған дейін 385 044 теңге жалақы алып келсе, Нұрдәулет Жұмағалидың жалақысы 1 271 812 теңге көлемінде болған.
Бұдан бөлек Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Елдос Сметовтың жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевтің де жалақысына келесі айдан бастап 4 миллион теңге қосылады. Бұл спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 шілдедегі бұйрығына сәйкес жүзеге асты. Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мамандары бұл – спортшылардың әлемдік додаларда жүлде алуына байланысты жалақысына автоматты түрде қосылатын төлем екенін айтады.
Ал Елдос Сметовтың жалақысына әл-әзірге ешқандай ақша қосылған жоқ. Сметов облыс әкімінің қаулысына сәйкес ең жоғары жалақы – 2 684 000 теңге алады. Енді Жамбыл облыстық спорт басқармасы қаулыға өзгерістер енгізіп, чемпионның да жалақысын көтеруге қадамдар жасап жатыр. Бұл келесі жылдан бастап іске асуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасындағы спортшылар мен бапкерлерді салтанатты жиында жетістіктерімен құттықтап, шетелдік спортшыларға азаматтық беруді доғару керек екенін айтты. Оның айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн деді мемлекет басшысы.