"Асылып қалуды ойладым, жындыханаға өзім барып жатқым келді": Қазақстандық әйелдер босанған соң қандай күй кешкендерін айтты
Фото ЖИ Copilot көмегімен жасалды
Алматылық тұрғын босанғаннан кейінгі депрессияға тап болып, 8 жылдан бері емделіп жүр. Ал тағы бір қазақстандық алғаш рет сәбилі болғанда қатты күйзеліп, тіпті өзіне қол жұмсағысы келген. Босанғаннан кейінгі депрессияны бастан өткерген аналар Stan.kz ақпарат агенттігіне сол сәттегі күйі мен сезімдері, не нәрсе көмектескені туралы әңгімелеп берді.
"Перзентханадан баласыз шықтым"
Лашынның (есімі өзгертілді) алғашқы жүктілігі сәтті өткенімен, кесар тілігі жасалып, баласын бірден операцияға алып кеткен. Кейін баласының үлкен дәретке отыра алмағаны бар, ата-енесімен жалғыз қалғаны бар, бәрі күйзелістің алғашқы соққысы болды дейді.
"Жүктілік жақсы өтті. Бірақ баланың кіндігі сыртына шығып тұрады, аутоиммун аурулары болуы мүмкін деп айтты. Даун синдромымен тууы да мүмкін деп диагноздар қойылды. Біз жолдасыммен, жақындарымызбен ақылдасып, босанатын болдым. Кіндік арқылы іштен су алып тексеретін тәсілді пайдаландық. Бірақ содан кейін балаға бұған дейін қойылған диагноздар байқалмады. Ай-күнім жеткенде кесар тілігімен босанатын болдым. Перзентханаға барғанда мені қабылдамай, біраз әбігерлендім. Мені қабылдамай, "балаң өліп қалса не істейсің, біз жасамаймыз" деген сөздер айтылды. Бұл жағдай көңілімді бұзды. Кейін кесар тілігімен баламды қолыма алдым. Тек кіндігі ішегімен бірге сыртқа шығып дүниеге келді. Диагнозы расталды деп, оны алып кетті. Реанимацияда жаттым, сүт келгені, омыраудың ауырғаны бар, балам қасымда емес, айналамдағылар бөпелеріне қарап, жайбарақат жүр. 3-қабатқа келіңіз, балаңызды көріп қалыңыз, операцияға кіреді дейді. Баламды қолыма да ұстаған жоқпын, сырттан қарап, өкіріп жылай бердім. Оны басқа ауруханаға алып кетті. Бәрі балалы болғанына қуанып, шат-шадыман күйде перзентханадан шығып жатқанда мен күйеуіммен баласыз шықтым", – деп айтып берді Лашын.
"Терезеден құлап кетейін бе әлде асылып қалайын ба деген ойлармен жүрдім"
Лашын босанғаннан кейінгі депрессия осылай басталды дейді. Палатада жатқанда бәрі бөпесін құшақтап отырып, "сенің балаң қайда?" деп сұрапты. Медбикелер "сіз жақсы жүрсіз ғой, ұстамды екенсіз" депті. Олар ішімде не болып жатқанын білмеді дейді.
"Балама басқа ауруханада операция жасады, кейін оны үйге алып кеттік. Алғашқы бала болғасын мен жақ пен күйеуім жақ немерелерін бір-бірінен қызғанды. Мен сол кезде уайымдадым, күйзелдім. Қасыма көмектесетін де адам керек болды, сонымен күйеуімнің үйіне басқа қалаға кетіп қалдым. Онда менің жағдайымды, сорпамды жасағанымен бәрібір жатып, тыныға алмадым. Бәрібір де үйде тірлік істеп, түрегеліп жүрдім. Бәрі маған қолдау көрсеткенімен қасымда жолдасым болмады. Оның үстіне балам үлкен дәретке отыра алмады, іші ауырды, соның бәрін ойлап, күйзелдім. Суицид туралы ойлап кеттім. Терезеден құлап кетейін бе, әлде асылып қалайын ба деген ойлармен жүрдім. Ол кезде бала ойымда болмады. Жайдан-жай жылағым келе берді. Әлеуметтік желіге кірсем, бәрі күшті, бәрі дамып жатыр, босанғандар 40 күн жатып күтініп жатыр. Менде де сол шамалас жағдай болса да, бірнәрсе жетпей жүрді. Депрессия перзентханадан басталды деп ойлаймын. Үш ай бойы ата-енеммен бірге тұрдым, жатуға ұялдым, жалғызсырадым. Балаға қатысты да қорқыныштарым болды. Ауырып қалса не істеймін, өліп қалса не істеймін деп жүрдім. Өзімді ешкімге керек емес сезініп қалдым. Қатты қиналдым, қиналғанымнан өзіме қол салғым келді", – дейді ол.
Лашын үш ай өткен соң өзіне келе бастағанын, бірақ депрессиядан 2 жылдан соң ғана шыға бастағанын айтып берді.
"Жалпы депрессия екі жылға ұласты. Жақсарғандай боламын, бірақ депрессия іште тыныш қана отырады. Реніш жиналады, жан-жақтан жай айтылған сөздердің өзі жиналады. Психологпен жұмыс істедім, терапияға барып жүрдім. Соның арқасында мен енді-енді қалыпқа келіп жатырмын. Сол екі жылда екінші баламды дүниеге алып келдім. Жалпы депрессияға толы жағдайдан енді шығып келемін. Бұл оңай емес кезең екен әрі бұдан тез шығып кету де мүмкін емес", – деп аяқтады ол әңгімесін.
Ал Алматы тұрғыны Мадина (есімі өзгертілді) 16 жыл бұрын басталған босанғаннан кейінгі депрессиясы туралы толығырақ айтып берді. Күннен күнге өмір сүргім келмеді дейді ол.
"Жолдасым мені түсінбей, ашуланды, ал анам "депрессия деген жоқ, сенікі жалқаулық" деді”
"Бірінші баламды босанып, жарты жылдан соң депрессияда екенімді түсіндім. Апатия, ұйқышылдық болды, үнемі бұлыңғыр күйде жүрдім. Өмірдің мәні жоғалғандай күйге түстім, ештеңе істегім келмеді, ештеңе қаламадым, жарқын болашақты көрмедім, ертеңімді жақсы етіп елестете алмадым. Өзімді ешкімге керексіз сезіндім. Болашақты елестете алмағанымнан қорықтым. Күннен күнге өмір сүргім келмеді, себебі өмір сүруге себеп, бір мән таппадым. Балам үшін ғана күн кешіп жүрдім.
Бала өмірге келген соң күнделікті тіршілігім қиындады. Бұған моральдық тұрғыдан дайын болмадым. Физикалық жағынан қиын болды, себебі дұрыстап ұйықтай алмадым. Оның үстіне балам ауырды, гематомамен дүниеге келді. Күндіз жақсы ұйықтайтын, ал түнде ұйықтауы қиын еді. Маған көмек керек екенін өзім байқадым. Күйеуім ол кезде вахтада жұмыс істеді, сондықтан көбіне жалғыз болдым. Ал ата-анам сол кезде ажырасып жатты да, маған қарауға мұршасы болмады. Баламен өзім ғана болған соң бірдеңе болып жатқанын өзім аңғардым. Жолдасым осы күйімді одан сайын қиындатты, ол осы күйіме ашуланды, өйткені ол абьюзер болды. Газлайтинг және тағы басқасын жасады, осының бәрі жағдайымды одан сайын қиындатты. Ол жағдайымды байқаған жоқ, керісінше осы күйіме ашуланды. Әкем байқамағандай жүрді, ал анам маған үнемі "депрессия деген нәрсе жоқ, мұның бәрі жай ғана жалқаулық. Сен өзің нешетүрліні ойдан шығарып алдың" деп жүрді”, – дейді ол.
"Маған қиын болғаны соншалық, тіпті психиатриялық ауруханаға өзім барып жатқым келді"
Мадина өзінің күйін өзі байқаған. Бірақ тұрған жерінде кәсіби психолог болмай, маманға 8 жылдан соң жүгінген. Өзінің айтуынша, ол кезде оған өзгелердің оның депрессиясын бар деп қабылдағаны, жағдайы нашар екенін түсінгені керек болған.
"Мен үшін ол кезде жай ғана менің депрессиямды мойындаса, қабылдаса, жағдайым нашар екенін түсінсе, жоққа шығармаса, осы маңызды болды. Өзім ойдан шығармағанымды, маған шынымен оңай емес екенін түсінсе екен деген ой болды. Зиян тигізбесе, қолдан келсе көмектессе екен дедім. Маған қиын болғаны соншалықты тіпті мен өзім барып психиатриялық ауруханаға жатқым келді. Кәсіби маманның көмегіне біраз жылдардан кейін, 8 жылдан соң жүгіндім. Сол кезде тұрған жерімде кәсіби психологтар болмады, сондықтан Мәскеудегі мамандарға жүгіндім. Ол кезде қысқа ғана қабылдаулар болды, ал ұзақ уақытты терапияға 13 жылдан кейін ғана кірістім. Маған ұзақ уақыт ішуге антидепрессант пен трампилизатор жазып берді. Мен КПТ (Когнитивті мінез-құлық терапиясы) терапиясын өткізетін психотерапевтпен жұмыс істедім", – дейді ол.
"Әлі күнге дейін антидепрессант ішемін, депрессияны әлі де өткеріп жатырмын"
Сонымен қатар Мадинаға дұрыс, толық ұйқы, табиғатта ұзақ серуендеу және спорт көмектесіпті.
"Мен толық қалыпқа келген жоқпын. Әлі күнге дейін өзімді қалыпқа келтіру үшін тырмысып жүрмін. Қазір де антидепрессант ішемін. Бұл үлкен жұмыс болды, өзім де жұмыс істедім, психологқа да жүгіндім. Депрессияны әлі де өткеріп жатырмын. Ұзақ уақыттық қатты депрессияға ұшырағанда психолог маған бұдан тез шықпайтынымды, қалыпқа келу ұзақ жылдарға созылатынын айтты. Сонымен қатар маған дұрыс, толық ұйқы, табиғатта ұзақ серуендеу және спорт көмектесті. Әрине, қолдай алатын, айыптамайтын достарыммен кездесу, олармен әңгімелесу жәрдем болды. Жалпы жай ғана әңгіменің өзі көмектеседі. Себебі жалғыздықта депрессия одан сайын дами түседі. Мұндай жағдайдағы әйелдерге айтарым, егер жолдасыңыз бен туыстарыңыз сізді түсінбесе, қолдамаса, онда мықты, кәсіби маман іздеңіз. Жағдайыңызға қарай жеке немесе топтық терапия алуға болады. Тура сіз сияқты жағдайда жүрген адамдардың да тобы болады. Немесе депрессия тақырыбында жұмыс істейтін адам керек. Мен коучинг, ментор туралы айтып тұрғаным жоқ. Кәдімгі ұзақ уақыттық терапия керек", – деп бөлісті Мадина.
"Ер азамат ана мен бала туралы мағлұматты өз әйелінен ғана емес, мамандардан да естуі керек"
Мадинаның айтуынша, мұндай әйелдің мүмкіндігінше өзінің бір ортасы болуы керек. Себебі босанғаннан кейінгі депрессия физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да шаршағаннан, ұзақ уақыт ұйқы қанбағаннан болады.
"Әйел көмек сұрай алуы керек. Үшінші балам дүниеге келгенде көп жұмысты жолдасыма тапсырдым. Ата-ана деген бір адам емес, екеуі де өз функцияларын орындауы керек. Сонымен қатар адамда қандай да бір күнде қайталанатын әрекеттер болса, бұл тіршілік те артық ойлардан бір сәт алыстауға көмектеседі. Бірақ терапияны ұмытпау керек. Жалпы ерлі-зайыпты балалы болмай тұрып арнайы курстардан, тренингтерден өткені дұрыс. Әке болайын деп жатқан ер азамат ана мен бала туралы мағлұматты өз әйелінен ғана емес, мамандардан да естуі керек. Себебі әйелінің бұл туралы әңгімесі ер адамға қыңқылдау сияқты естілуі мүмкін. Ал жалпы әйелдерге, аналарға арналған, барып көмек сұрай алатын, қолдау табатын әрі топтық терапия өтетін орындар, ұйымдар көбейсе жақсы болар еді", – деп түйіндеді Мадина.
"Әйел мансабын, қыз кезін, қандай да бір хоббиін, құрбыларымен еркін кездесуді жоғалтады"
Психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог Зарина Қаһарман босанған соң әйел неге күйзеліске түсетінін түсіндірді. Ол кез келген сәбилі әйел босанғаннан кейінгі депрессияға түсуі мүмкін екенін айтты.
"Әр әйел өмірге сәби алып келген сайын өзі де сәби күйге, регрессияға түседі. Бір жағынан өмірге бала келген кезде әйелде жоғалту сезімі болады. Депрессия сөзін қазақша қарапайым тілде айтсақ, жоғалту. Өмірге сәбиі келді, бірақ әйел мансабын, қыз кезін, қандай да бір хоббиін, құрбыларымен еркін кездесуді жоғалтқан болуы мүмкін. Бұдан басқа арман-мақсаттарын жоғалтуы, одан бас тартуы мүмкін. Осы жоғалтып алған кездегі сезімі адамды күйзелтеді. Әйел ана болғанда мұндай күйге түспейді деген кепілдік жоқ. Кез келген сәбилі әйел босанғаннан кейінгі депрессияға түсуі мүмкін. Тіпті біз өзіміз оқыған-тоқыған пихолог болсақ та, осы күйге түсе береміз. Дәл осындай сәтте әйелге үлкен қолдау керек. Әйелдің бүкіл күші, азғасының қызметі – бәрі балаға қарауға, оны өсіруге кетеді. Сондықтан айналасындағы адамдар оған мүмкіндік жасауы керек", – дейді психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарман.
“Балаға қарайтын адамның болуы әйелге көмек емес”
Ал қазақтың отбасында қырқынан шықпай жатып қонақтар келеді, босанған ана асүйде тамақ дайындап жүреді дейді маман. Әйел сәбиі бір жақта, өзі бір жақта қалады. Психолог мұндайда туыстары балаға қарап, ал әйел үйін жинап, кірін жуып алуы мүлдем көмек емес дейді. Балалы әйелге сауатты көмек – оның баласымен уайымсыз жатуына, уайымсыз қарауына мүмкіндік жасау.
"Осы кезде ата-ене сәби мен анасына бір-біріне көңіл бөлуіне, құшақтасып жатуына мүмкіндік берсе, сол үлкен көмегі болар еді. Ал біздің қоғамда әйелге "Сен қонақтарыңды күтіп ал, ыдысыңды жуып, үйіңді жинап ал, мен балаңа қарай тұрамын" дейді. Негізі бұл қолдау емес. Балалы әйелге көмектесу деген оған сәбиімен бірге болуына мүмкіндік жасау, өзін кінәлі сезінуіне жол бермеу. Үйде баламен отырған әйел өзін көштен қалып кеткендей сезінеді. Ана құрбысы бір шетелде оқып жатыр, мына құрбысы әлемді аралап жүр. Соны көріп әйел "Ал мен не істеп жатырмын? Менің қоғамға үлесім қандай? Бостан босқа жатырмын, дым бітіріп жатқан жоқпын" деп ойланып, өзін құнсыздандыра бастайды. Мұндай кезде күйзеліске түсіп кету оп-оңай. Ал негізі балалы әйелдің үйі шашылып, тірліктері бітпей жатса, онда тұрған ештеңе жоқ. Мұндайда ананы кінәлі сезіндірмеу керек. Бірақ көбіне үйіңе, балаңа, күйеуіңе дұрыс қарамайды екенсің, жинамайды екенсің деп айтып кетеді", – дейді психолог.
Психолог өмірге келетін сәби ананың да, әкенің де қалауы болуы керек дейді. Егер әке мен ана бұған дайын болмаса, онда ойлануы қажет дейді.
"Өмірге келетін сәби сіздің және жолдасыңыздың қалауы болуы керек. Егер әзірге ана болуға дайын емес екеніңізді сезсеңіз, туыс-танысыңыздың, досыңыздың "өзің үшін бала туып ал, 3-4-сін туып ал, ертең топырлап жүріп бірге өсіп кетеді" деген сөздеріне құлақ аспаңыз. Өзіңіздің жүрегіңізге құлақ түріңіз. Сіз балаға жеткілікті деңгейде махаббат бере аласыз ба, уақыт бөле аласыз ба, материалдық жағын қамтамасыз ете аласыз ба, рухани жағын қамтамасыз ете аласыз ба, осы туралы ойланыңыз және жолдасыңызбен ақылдасыңыз. Өзім үшін бала табамын деген болмайды, баланың анасы да, әкесі де болуы керек. Қасыңызға көмекші алыңыз және ол көмек сізге тамақ істетіп, еден жудыртып, баланы көтере тұру емес, бәрі керісінше болуы керек. Сіз баланың қасында болыңыз, ұйқыңызды қандырыңыз", – деп кеңес берді маман.
“Депрессия екі аптада пайда болады”
Ал гинеколог Динара Арыстанқызы босанғаннан кейінгі депрессияның белгілері баланы дүниеге алып келген соң екі аптада пайда болуы мүмкін екенін айтты. Мысалы, апатия, көңіл-күйдің болмауы, жылай беру, ашуланшақтық, ұйқының бұзылуы, тәбеті болмауы немесе керісінше тамақты шамадан тыс жей бастау, баланы қарауға көңіл-күйі, шамасы болмауы, айналасындағы жағдайларға еш әлі келмеуі. Мұның бәрі – босанғаннан кейінгі депрессияның белгілері.
"Біз мұндай депрессия жүктілік кезінде токсикозы қатты болған немесе ашыққан, өзіне дұрыс қарамаған әйелдерде, сонымен қатар 15-16 жасында жүкті болған жасөспірімдерде және жалғызбасты аналарда кездеседі деп айтамыз. Бір сөзбен айтқанда депрессия көбіне жүктілігі жақсы, ойдағыдай өтпеген әйелдерде кездеседі. Әйелдің бұл күйі босанған соң 4-16 аптада қалыпқа келіп, жақсаруы керек. Отбасында проблемасы көп, жағдай жасалмаған, толық емес отбасы болса немесе жақындары көңіл бөлмесе, ең негізгі қажеттігін өтемесе, қарны аш болса, тәбеті бұзылса, жалпы жағдайы жасалмаса және тиісті деңгейде күтінбесе, осындай жағдайдағы әйел көбіне босанғаннан кейінгі депрессияға ұшырайды", – деп түсіндірді гинеколог.
Жүкті кезінде әйел барлық жағдайын бір өзі жасай алмайды, оған айналасы көмектесуі керек. Ал көмектеспесе, әйел бәрін өзі жасай алмай одан бетер депрессияға кіріп кетеді және ондай кезде жағдайы қалыпты деп ойлайды.
"Депрессияда жүрген әйел өзіне қол жұмсауы, балаларына қастандық жасауы мүмкін. Сондықтан сәл біртүрлі нәрсе болса, айналасындағы адамдар соны байқап, әрекет ету керек. Дәрігер шақырып немесе психологтың көмегіне жүгіну керек. Ал егер әйел жүкті кезінде және босанғаннан кейін де жолдасынан, ата-анасынан, басқа да үйдегі адамдардан қолдау, қамқорлық көріп, психологиялық тыныштығы сақталса, жан-жағы жағдайына қарайласса, онда адам депрессияға ұшырамайды. Бұған әйелдің дұрыс тамақтануы, ұйқысының қануы, бар жағдайы жасалуы және арасында баласын алып, қарап беретін адам болуы және үй тірлігіне көмектесетін адамдар болуы жатады”, – дейді дәрігер.
“Әйел босанғаннан кейін әлсірейді, бірден шауып кетпейді”
Дәрігердің сөзінше, әйел босанған соң бәрін бірден шауып істеп кете алмайды.
“Егер бұған мүмкіндік болмаса, балаға қарайтын және үйдің тірлігін істеп беретін адам жалдау керек. Себебі әйелдің күйі босанған уақытта әдеттегіден басқаша болады, оған көмек қажет. Ол бәрін бірден шауып істеп кете алмайды. Дәл осындай жағдайларда көп түсініспеушілік туып, отбасы құлдырап жатады. Кейде тіпті әйел бәрін істеуі керек деген түсініктегі ер адамдар да болады, олар әйелінің жағдайын нашарлатып жібереді. Егер қарайласатын адам болмаса, онда адам жалдауға қаражатын бөлсін, әйел адам жалдауы үшін қаржылай толық қамтамасыз етсін. Жүктілік кезінде әйелдің бойындағы бүкіл дәрумен балаға беріледі, 9 ай көтеріп, неше түрлі қатерден, күйзелістен өтіп, әрең дегенде босанады. Сондықтан әйел әлсірейді. Босанғаннан кейінгі гормон өзгерістері, емізу процесі, лактационды кезең басталады", – дейді гинеколог Динара Арыстанқызы.