Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар барлығын қиратты да, кетіп қалды": Куәгерлер Пенжімде болған түнгі тәртіпсіздіктер жайлы айтты

Пенжімде орын алған қақтығысқа байланысты шенеуніктер оқиға орнына тез арада жеткен. Облыс әкімімінің тапсырмасымен жедел штаб өкілдері жасақталған. Сондай-ақ, ақсақалдар алқасы да құрылған. Пенжім ауылында болған түнгі қақтығыстар жөнінде куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

пенжім

Қазір Пенжімдегі жағдай тұрақталған. Алайда түнгі уақытта бұл жерде барлығы басқаша болатын. Жергілікті тұрғындар әлі де болса үрейленіп отыр. Оқиға болған түнгі сәттерді олар осылайша еске алады.

"Олар топ болып жүрді. Көршім барлығын көрген, бірақ ешкімді танымаған. Қорқынышты болды. Мен тіпті олардың қалай тас атқанын да байқамаппын. Мен қатты қорқып, соңдарынан бармадым. Олар барлығын қиратты да кетіп қалды", - дейді Иманхан Нурозова.

Қақтығыстардың нәтижесінде екі адам жапа шеккен. Олар 16 жасар жасөспірім (төбелеске тікелей қатысты болуы мүмкін) мен егде жасар азамат. Ол кездейсоқ жарақат алып қалған. Басына қаңғыған тас келіп тиген. Қазір зардап шеккендердің жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер.

"Ауыр ашық бас сүйек-ми жарақаты, оң жақ самай сүйектерінің негізге ауысуымен ашық сызықты сынуы, бас миының ауыр контузиясы, жедел гематома, II-III дәрежелі травматикалық шок алған. Науқас облыстық нейрохирургпен кеңес жүргізу арқылы клиникалық хаттама бойынша толық тексеруден өтті. Пациентке краниотомия, гематоманы алып тастау отасы жасалды. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр", - деді Панфилов аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Ержан Қожахметов.

Оқиға орын алғаннан кейін шенеуніктер келді. Олар келтірілген шығын мөлшерін бағалап, барлығы қалпына келтірілетініне сендірді. Үйлердің сынған әйнесі де, ауылдың тыныштығы да.



"Ешқандай тәртіпсіздіктер болған жоқ. Түнгі уақытта 18-20 жастағы жастар жиналған. Кей жерлерден келген қоңыраулар болған. Жанжал болған жерге полиция қызметкерлері келгенде, олар қашып қолдарына түскен заттарын терезелерге лақтырған. Қазір біздегі кәсіпкерлердің есебінен, барлығы сынған әйнектер ауыстырылады", - деп түсіндірді Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі Талғам Умралиев.

Пенжімде толық тәртіп орнағанша көшелерде патрульдік жасақтар кезекшілік ететін болады. Тіпті тұрғындар бас амандығы үшін уайымдамау үшін оларды күшейткен. Ал жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың жеке бастары анықталған. Арандатушылар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.  

Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.

Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады.
"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.

Талқылау