"Ол бақытты болса, қуанар едім": Баян Алагөзова экс-күйеуі Бақытбек Есентаевтың үйленгені жайлы қауесетке пікір білдірді

Жақында желіде қазақстандық кәсіпкер Бақытбек Есентаевтың өзінен 20 жас кіші әйелге үйленгені жайлы қауесет тараған еді. Танымал продюсер Баян Алагөзова Qazaq Ordasy Youtube арнасына берген сұхбатында бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсердің айтуынша, қыздары Айсәуле де, Айару да әкелерімен жақсы қарым-қатынаста, ол оған ешқашан тыйым саған емес. Өнер иесі баланы әкесінен алыстату – үлкен қателік деп санайды.
“Керісінше, әрдайым “Әкелеріңді сыйлаңдар, құрметтеңдер, ол – сендердің әкелерің” деп айтып отырамын”, – дейді Баян Алагөзова.
Өнер иесі желіде бұрынғы күйеуіне қатысты тараған ақпаратты көргенін жасырмады.
“Қызым бұл ақпаратты көрген соң маған хабарласып “Мама, көрдің бе?” деп сұрады. Мен “Иә, көрдім, қазір біреуден біреуге тарайтын дүниелер көп қой” деп жауап бердім”, – деді ол.
Баян Алагөзованың сөзінше, кейін қызы әкесіне хабарласып, мән-жайды анықтаған. Бақытбек Есентаев мұның шындыққа жанаспайтынын жеткізген. Оның айтуынша, олар желіде тараған суретке үш-төрт жыл бұрын біреудің тойында қонақ ретінде барғанда түскен. Ал жанындағы әйелмен түскен жай ғана кездейсоқ фото екен.
Продюсер егер экс-күйеуі үйленіп, бақытты болып жатса, тек қуанатынын айтты.
“Мен ешкімге ақыл айтқым келмейді. Себебі біреуге ол дұрыс көрінсе, енді біреуге “Өзіңе қара” дегендей әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан әр адам өз өмірінде таңдауын өзі жасайды. Бірақ сол таңдауды жасамас бұрын, оның болашаққа қалай әсер ететінін ойлаған жөн. Өйткені бәріміздің тілегіміз бір – сүйікті болып, бақытты өмір сүру”, – деді Баян Алагөзова.
"Кешіру де, түсіну де мүмкін емес": Айсәуле Бақытбек әкесіне қатысты сұраққа жауап берді
"Шығыстың адамы болған соң білеміз": Баян Мақсатқызының экс-жұбайы ел алдына шықты
Еске салайық, Баян Алагөзова мен Бақытбек Есентаев шамамен 20 жылдан астам уақыт бірге өмір сүрген. 2016 жылғы маусымда кәсіпкер жары Баян Есентаеваны (қазіргі Алагөзова) көлікте соққыға жығып, пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Қайғылы оқиға кезінде Баян Есентаева өлім аузынан аман қалды. Оны ашулы күйеуінен үлкен қызы арашалап қалған. Сол жылы Бақытбек Есентаев кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал 2022 жылы Есентаев тағайындалған 9 жылдың 6 жылын өтеп, жәбірленуші тараптың келісімі негізінде мерзімінен бұрын босап шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаевпен арадағы ең алғашқы жанжалдың қалай болғанын айтып бергені хабарланған еді.
Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік