Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да 5 жасар бүлдіршінді ұлттық бюро қызметкері судан аман алып қалды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданындағы «Достық» каналына батқан бүлдіршінді ұлттық бюро қызметкері құтқарып қалды.

5 жасар Елдос абайсызда каналдың шлюзі тұсында суға түсіп кеткен, деп хабарлайды «Мақтарал» газеті. Басылымның хабарлауынша, келеңсіз оқиға ағымдағы жылдың 24 наурызында 20 шақты үйден тұратын елді мекенде болған. Елдос өзі сияқты балалармен су жағасында өсіп тұрған бір ағашқа өрмелеп шықпақ болады. Алайда майысқақ тал балалардың салмағын көтере алмай, сынып кеткен. Сынған ағашпен бірге бірнеше бала каналға құлап, бірнешеуі жағалауға қайта шығып үлгереді. Ал, Елдос екпінді ағыспен судың тереңдеу тұсынан бір-ақ шығады. Аталмыш каналдың тереңдігі 6 метр, ені 40 метрге жуықтайды.

Елдостың суға батып-шығып ағып бара жатқанын каналдың арғы жағалауында жүрген бір азамат байқап қалған. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы ОҚО бойынша департаментінің Мақтаарал аймағы ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Марат Оразов болатын. Қызметкер бүлдіршінді аман алып қалу оңайға соқпағанын айтады.

«Жалма-жан сырт киімім мен аяқ киімімді шешіп суға сүңгідім. Су тастай суық. Бала суға қойылған бекеттерге 5-6 метр жақындап қалған. Сол бекеттің ұйығы жұтып кетпей жатып құтқарып қалсам деп барынша жылдамдатып жүзіп жеттім ғой. Баланы киімінен тартып көтерсем көзі ашық, беті көгеріп кеткен, денесі мұздап қатып қалыпты. Оны зорға дегенде жағаға алып шықтым.

Бүлдіршінде қимыл жоқ, денесі сіресіп тыныс алмай жатыр. Оны алдыма алып, басын суға қаратып, қарысып, сіресіп қалған жағына сұқ саусағымды тығып жағын аштым да екі өкпесін қысып едім, бағанадан бері мұрнынан ағып жатқан лас су аузынан шықты. Қайта-қайта өкпесінен қысып, бойындағы судан жеңілдеген соң бала көзін ашып, саусақтары қимылдай бастады. Оның басынан сипап, құшақтадым»,- дейді Марат Рахатұлы. Артынша бүлдіршінді жедел жәрдем қызметі алып кеткен. Баланың денсаулығы жақсарып, беті бері қарағанда ғана Елдостың туыстары балаларына екінші рет өмір сыйлаған Марат Оразовқа алғыстарын жаудырыпты. Сый-сияпат жасамақ та болған. Алайда, ұлттық бюро қызметкері олардың берген сыйлығынан бас тартқан.

Оқи отырыңыз:

Атыраулық балықшылар салмағы 100 келі болатын бекірені ауға түсірді

Танымал дәстүрлі әнші Аяз Бетбаев дүниеден озды

Қырғыз автобусына шабуыл жасау оқиғасы: Оқ тиген адам Ресей азаматы болып шықты

Шымкентте экс-футболшы қайырымдылыққа ақша жинап, өз қажеттілігіне жұмсаған

Талқылау