"Әкесімен кездесіп, баласына ие болуын сұрадық": Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Фото: Видеодан скриншот
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай “Zhas Alash” подкасынтына берген сұхбат беріп, қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрай мен Шерхан нағашымыздың тойында танысқан. Шерхан аруды қатты ұнатып қалғандықтан, оның қыр соңынан қалмаған. Кейінірек Алматыға барып, тым болмаса 5 минутқа шығуын сұрап кездесуге көндірген.
“Сыртқа шыққан сәтте көлікке отырғызып, телефонынын тартып алған. Шымкентке қарай жол жүрген. Нұрай шошынғанынан не істерін білмеген, Шерханның қолынан тартуға беттегенде “Біз қатты жылдамдықпен келе жатырмыз, маған тиіспе, әйтпесе жол апатына түсеміз. Маған тиіспе” деп қорқытып қойған”, – деді ол.
Олар Шымкентке жеткеннен кейін оның отбасы Шерханның ауылына барған. Марқұмның ағасының айтуынша, оларды 40 шақты адам тойға жиналғандай күтіп отырыпты.
“Бірден Нұрайға кіріп, “Бұл сенің қалауың ба?” деп сұрадым. “Жоқ, мен сені күтіп отырдым, қорықтым” деп жауап берді. Мен Нұрайдың қолынан ұстап, алып кетуге тырысқанда бүкіл туысқандары маған жабылып, “мусорды” лақтырғандай есіктен шығарып жіберді. Сосын біз 102-ге хабарластық, олар 15 минуттан кейін келді. Нұраймен де, Шерханмен де сөйлесті”, – деді ол.
Полиция қызметкерлері Нұрай мен Шерханды бөлімшеге алып кеткен. Тергеуші марқұмның отбасын бөлімшеге кірбегенімен, бірнеше минуттан кейін күдіктінің әкесін кіргізген.
“Полицейлерге сырттан біреулер хабарласқаннан кейін олар Шерханның әкесін кіргізді. Ол кісі екі рет кіріп шығып жүрді, үшінші ретте айғай-шумен анамызды кіргізе алдық. Анамның айтуынша, Нұрайдың жағдайын сұрағанда оның үркіп қалғанын байқаған. Сөйтсек полиция қызметкері және оның әкесі арыз жазылатын болса, Шерханның бірнеше жылға темір торға қамалатынын айтып, қорқытқан. “Осындай жүкті көтеріп жүрсің келе ме?” деп сұраған”, – деді ол.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, қысымнан кейін Нұрай екінші арызда ешқандай наразылығы жоғын, тек бұдан былай тиіспеуін талап етіп жазған. Құқық қорғау органдары арыз жазылған соң Шерханның оған жақындай алмайтынына сендіріп, уәде берген. Күдіктінің өзі де уәде берген.
“Полиция бөлімшесінен шыққан кейін Нұрай бөлімшеде не болғанының бәрін айтып берді. Қарындасым ешқашан өтірік айтқан емес, тек шындықты айтатын адам. Сондықтан оған басынан аяғына дейін сендік. Біз құқық қорғау органдары қызметін дұрыс атқармағанын, немқұрайлы қарағанын түсіндік”, – деді ол.
Нұрайдың ата-анасы бір аптадан кейін қалалық прокуратураға қайта арыз түсірген. Кейінірек деректер жеткіліксіз деген себеппен істің қаралмайтыны хабарланған. Осы жағдайдан кейін марқұмның отбасы мүшелерінде мемлекеттік органдарға сенімсіздік пайда болған.
“Біз Шерханның әкесімен екі рет кездестік, бірақ өкінішке қарай нәтиже бермеді. Кейін Нұрай Алматыға оқуға қайтқанда мен де жанына барып, шамамен екі аптадай сабағына апарып, алып келіп жүрдім. Осыдан кейін шамамен екі ай тыныш өтті”, – дейді ол.
Сұлтан Серікбай бұл жағдайдағы ең үлкен қателігі – Шерхан мен оның отбасын өздері секілді қабылдағаны деп есептейді.
Біршама уақыт өткеннен кейін Шерхан Нұрайды қайта мазалап бастаған. Қайта-қайта қоңырау шалып, мазасын алғандықтан марқұм телефон нөмерін де бірнеше рет ауыстырған. Тіпті құрбыларына 10-20 рет қатарынан қоңырау шалған кездері де болыпты.
Марқұмның ағасы қарындасы көз жұмған күнді де баяндап берді.
“Біз мұндай жағдай болады деп мүлде күтпедік. Ол күні Нұраймен кешкі ас іштік, сағат 18:00 шамасында моншаға шығып кеттім. 19:30-да анам хабарласып, шұғыл үйге жетуімді сұрады. Үйге барсам 30-50 шақты полицейлер жүр екен. Бұрышта анамның жылап отырғанын байқап, жанына жүгіріп бардым. Сонда отырған полицейлер маған бәрін айтып берді, мен де оларға білгенімді айттым”, – деді ол.
Сұлтан Серікбайдың сөзінше, кейінгі кездері Нұрайдың мінезінен ешқандай өзгеріс байқалмаған.
“Нұрай әрқашан жайдарлы жүретін адам еді. Алып қашқан уақытта моральдық жағдайы нашарлады, бір мейлінше қолдау көрсетуге тырыстық. Кейін күлімдеп-ойнап жүрдім. Оқиға болатын күні бізге гитарамен ән айтып берді. Ол гитарасын көңіл-күйі жақсы кезде ғана қолына алатын еді”, – деді ол.
Нұрайдың отбасы күдіктінің оның ізінен қалмай, қысым көрсетіп жүргенін енді ғана біліп жатқан көрінеді.
“Шерханның құрбыларына, достарына қоңырау шалып, мазасын алғанын енді ғана біліп жатырмыз. Нұрай бізді уайымдатпау үшін айтпаған секілді. Сондықтан ішінара біздің кінәміз бар шығар”, – деді ол.
Сұлтан Серікбай құқық қорғау органдары тарапынан уақытылы әрекет жасалса қазаның 100 пайыз алдын алуға болатын еді деп санайды.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмғаны туралы жазған едік. Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Марқұм – студент Нұрай Серікбай. Оны 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында пышақтап кеткен. Бейнежазба кадрларынан қыздың қашуға тырысқанын, кейін қарсылық көрсетіп, ал жігіттің оны ұрып-соғып, пышақ сұққанын көруге болады. Оқиғадан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталды. Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасының кенжесі болған.
Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. Кейін іс ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны айтылды.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады