Обыр дертіне шалдыққан оқушы қыздың өмірі бір түнде қалай өзгерді?
Жасөспірім қыз емтиханға дайындықтан шаршап жүрмін деп ойласа, шын мәнінде ол обыр дертіне шалдыққан екен. Мұны білген түні 17 жастағы оқушы қыздың өмірі күрт өзгерген.
Бұл туралы шетелдік Mirror басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Венди Кей салауатты әрі белсенді өмір салтын ұстанатын қарапайым оқушы болатын. Дәл осы себепті ол әлсірегенін сезе бастаған кезде бар болғаны емтиханға дайындықтан шаршап жүрмін деп ойлаған.
Обырға шалдыққанын білгенге дейін бойжеткен өміріне шаттанып, қатарластарымен жиі көңіл көтеретін.
Алайда анасы Вендидің мойнынан ісік көріп қалғаннан кейін оның өмірі күрт өзгерді. Себебі ісіктен 17 жастағы қыздың айықпас дертке шалдыққаны анықталған.
«Мен аса көп ауырған емеспін, сондықтан обыр диагнозы қойылған кезде барлығымыз үшін күтпеген жағдай болды», – дейді қыздың өзі.
Пертада өткен алғашқы ем қабылдау уақыты өрімдей жас қыз үшін оңайға түспеген. Себебі ауруханада жатқандардың түгелі дерлік ересек адамдар, араларында ең жасы – Венди.
Өзге емделушілердің басым бөлігі анасы аса ауыр дертке шалдыққандықтан, қызы қасында жатыр деп ойлапты.
Қазір Вендидің жасы 24-те. Оның обыр дертімен күресіп келе жатқанына бақандай 7 жыл болды.
«Ол кезде қарапайым жасөспірім қыз болатынмын. Маған достармен кездесіп, мектепте оқыған ұнайтын. Тек үздік баға алатын едім. Болашақта ғылыммен айналыссам деп армандайтынмын. Өмірім бір түнде өзгеріп кетеді деп ешқашан ойламаппын», – дейді бойжеткен.
Айтуынша, мойнындағы ісікті тексеріске алған дәрігер оның лимфомаға шалдыққанына сенімді болған. Десе де анализ нәтижесін күтуді жөн көрген.
«Мен бұл хабарды ести алмас едім. Сондықтан анама бердім. Ал арғы жақтан хабар келгенде оның еңсесі түсіп кетті. Бір жамандықтың келгенін сездім. Кейін анам химиотерапия қабылдасам, жазылып кететінімді айтты. Соған қарағанда, мен обырдың жеңіл түріне шалдыққан сияқтымын. Сол үшін өзімді бақытты санаймын», – дейді Венди.
2010 жылы Венди алты айлық химиотерапия курсын қабылдаған. Алайда аз уақыттан кейін оның мойнынан қайта ісік шығып, дәрігерлер трансплантация жасау керектігін ескерткен-ді.
«Химиядан жағдайым нашарлап кетті. Әртүрлі инфекциялар жұқтырып, бүйрегім ауыра бастады. Қайта-қайта құсқым келетін», – дейді ол.
Арнайы терапияның 21 сеансын өткергеннен кейін Венди бұрынғы өміріне қайта оралған. Алайда арада 18 ай өткен соң қыздың бойынан қайтадан обыр анықталды. Сонда дәрігерлер қыздың жалғыз үміті – сүйек кемігі сай келетін донор табу екендігін айтқан. Абырой болғанда, жеті аптаның ішінде қажетті донор табыла кеткен.
«Қатты қуанғанымнан жылап жібердім. Бұл әлемде де мені құтқарар бір жан бар екен-ау деп ойладым. Егер донор болмаса, қазір тірі болмас едім», – дейді бойжеткен.
Қазіргі таңда Венди жарты күн зергерлік дүкенде жұмыс істейді. Ол болашақта адамдарға көмектесіп, қайырымдылықпен айналысуды армандайды.
Жіберіп алмаңыз:
Тәжікстан ұлттық киім кию мен мемлекеттік тілді білуді заңмен міндеттеді
Суданда Ресей елшісінің денесі өлі күйде табылды
23 жастағы әйел жүктілігінің арқасында рак дертіне шалдыққанын білген
59 жастағы Мадонна алғаш рет өзінің алты баласын көрсетті (фото)