Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нью-Йоркте туристік тікұшақ апатқа ұшырап, Siemens Испания компаниясының басшысы мен отбасы қаза тапты (видео)

Нью-Йоркте туристер мінген тікұшақ Гудзон өзеніне құлады. Салдарынан алты адам қаза тапты. Оның ішінде Siemens компаниясының басшысы да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Нью-Йорк билігінің мәліметінше, тікұшақта ұшқыш пен Испаниядан келген туристер отбасы болған. Олар екі ересек және үш бала. Нью-Йорк полиция комиссары Джессика Тиштің айтуынша, төрт адам апат орнында, тағы екеуі ауруханада қайтыс болды. Қаза тапқандар Siemens компаниясының Испания және Оңтүстік-Батыс Еуропадағы бөлімшесінің басшысы Агустин Эскобар, оның әйелі Мерс Камруби Монталь және олардың балалары. Балалар 4, 5 және 11 жаста болған. Отбасы мүшелері Нью-Йоркке Барселонадан ұшып барған. 

Фото: New York Helicopter Tours LLC

Апаттың себебі әлі белгісіз. Желіде тараған видеодан тікұшақтың тіке ұшып бара жатқан жерінен кенеттен суға құлағанын көруге болады. Тікұшақтың артқы бөлігі мен пропеллері сынып қалған. 

Полиция комиссарының айтуынша, тікұшақ New York Helicopters компаниясына тиесілі. Ол туристерге қаланы үстінен көрсетуге арналған тікұшақ. 

“Тікұшақ Манхэттен қаласының орталығындағы алаңнан 14:59-да көтерілген. Онда ол оңтүстікке қарай ұшып, содан кейін Манхэттен жағалауы бойымен солтүстікке бұрылып, Гудзон өзенінен жоғары көтерілген. Сағат 15:08-де тікұшақ Джордж Вашингтон көпіріне жеткен. Сосын Нью-Джерси жағалауы бойымен оңтүстікке қарай бұрылып, көп ұзамай құлаған”, – дейді комиссар. 

Шетелдік БАҚ хабарлауынша, тікұшақ әуеде 16 минут болған.

FlightRadar хабарлауынша, тікұшақ апатқа дейін Манхэттен мен Гудзон өзені бойымен бірнеше рет ұшып өткен. 

Тікұшақ үлгісі Bell 206L-4 LongRanger IV. Ол жеті адамға арналан. Апат кезінде күн бұлтты болған. Желдің жылдамдығы 10-15 миль, екпіні 25 миль/сағ.

Эскобар Siemens технологиялық компаниясында 27 жылдан астам жұмыс істеді. Ол жақында Siemens Mobility теміржол инфрақұрылымының жаһандық бас менеджері болған.

2022 жылдың соңында ол Siemens Испанияның президенті және бас директоры болған.Ол бір жазбасында: "отбасым менің шексіз қуат пен бақыт көзім. Оларға қолдауы, махаббаты мен шыдамдылығы үшін алғыс білдіремін" деп жазған. 

Талқылау