Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда жасөспірімдер видео үшін "банк тонамақ" болған

Нұр-Сұлтанда жасөспірімдер әлеуметтік желіге видео түсіру үшін банкті тонаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Полицяға банк менеджерінен ғимарат ішінде белгісіз біреулер клиенттерді қорқытып жатқаны туралы хабарлама түсті. Тексеру барысында 14-15 жас аралығындағы үш кәмелетке толмаған жасөспірімдердің Достық көшесінің бойындағы банк ғимаратын тонау әрекетін видеоға түсіру үшін осындай әрекетке барғаны анықталды. Олар ойыншық тапанша арқылы видео түсіріп, кейін қашып кеткен", - делінген хабарламада.

Полицейлер кәмелетке толмағандарды анықтап, полицияға жеткізді, сонымен қатар олардың заңды өкілдерін де шақырды.

"Балалардың айтуынша, олар PVE Film академиясына көркем бейнеролик түсіру үшін осылай жасаған. Сабақ кезінде олар басшыдан тонау туралы сахналық бейне түсіруге тапсырма алады. Сценарий бойынша банк ғимаратына кірген бойжеткен ойыншық мылтықты серіктесіне сілтейді. Үшіншісі болып жатқан әрекеттерді видеоға түсіріп алады. Бұл сәтте банкте келушілер болған", - деп хабарлады полиция.

Аталған факті бойынша киноакадемия басшысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 128-бабы “Кәмелетке толмаған адамды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тарту” бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Кәмелетке толмағандардың қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін заңды өкілдер жауапкершілікке тартылды. Ата-анасына қатысты ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ата-аналарға 7 АЕК (20 419 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.

Талқылау