Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатқа шабуылдағандарға оқ атпағанын айтқан

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 23 мамырда сот марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдіктілердің бірі Нұрқияс Ілиясовтың арасындағы төбелесті көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Беттестіру кезінде мылтықты кім атқаны талқыланды. Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатқа шабуыл жасағандарға оқ атқанын мойындаудан бас тартты. Ол Ілиясов Нұрқиястың беттестіруде берген жауабымен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Нұрқияс мылтықты тартып алған кезде шүріппені өзі басқанын айтады.

“Еркекше, мойындасаңшы, мен атқан жоқпын ғой. Мен сенімен сөйлескен де жоқпын”, – деді Ілиясов.

Күдікті Нұрқияс та Ахмет Махметті кім ұрғанын білмейді, кімде пышақ болғанынан хабары жоқ. Айтуынша, ол тек оқиға орнынан мылтықты алып кеткен. Бірақ қаруды неге алып кеткенін түсіндірмеді.

Бұған дейін бірнеше куәгер Нұрқанат Ғайыпбаевтың мылтықпен оқ атқанын айтқан еді.

Сондай-ақ Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы кезінде куәгер Алдияр Махмет пен күдікті Шынасыл Абзалдың беттестіру кезіндегі әңгімесі көрсетілді. Куәгер бауыры Ахмет Махметті кім соққыға жыққанын айтты. 

“Біз, мен, Нұрдәулет, Ахмет, Мирас бәріміз “Қамажай” дүкеніне бардық. Дүкеннің алдында Нұрғанат аға және тағы екі еркек тұрды. Бір уақытта Accent көлігі келді. Машинадан үш жігіт түсті. Біз камераға көрінбейтін жерге, шетке кетіп қалдық. Бір кезде  Mercedes Benz W140 көлігі келді. Сөйтіп бізге Абзал келді, қасында 2-3 жігіт бар. Ол: “Қайсысың менің бауырымды ұрған?” деді. “Біз емес” деп жауап бердік. Ахмет Нұрғанатты көрсетіп “Ана жақта ағасы тұр, сонымен сөйлес” дегенде, Абзал жұдырығымен Ахметтің жағынан ұрды. Ахмет есін жоғалтып , талып қалды.  Сол кезде Нұрғанат келіп Ахметті көтерді. Ахмет екеуіміз артқа екі-үш қадам жасадық. Сонда Абзал Нұрғанаттың басының артқы жағынан жұдырықпен екі рет ұрды. Сөйтіп Нұрғанат құлайды. Сол кезде Нұрғанатты тепкілей бастайды. Бір уақытта үш жігіт пышақ алып артымыздан қуып кетті. 50 метрге дейін қуды. Біз бір көшеге кіріп кеттік”, – деді Алдияр Махмет. 

Сондай-ақ ол күдікті Шынасыл Абзалдың қолынан пышақ көргенін айтты.

Күдікті Шынасыл Абзал куәгердің жауабымен келіспейтінін жеткізді.

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ.

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Мамыр, 2025 13:15
Талқылау