Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану үшін тағы да сотқа жүгінді

Болат Назарбаевтың ұлына қатысты іс қайта тергеуге жіберілдіФото: gov.kz

Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану үшін қайтадан сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану туралы өтінішін сот 17 ақпан күні қабылдады.

Істі сотта қарауға дайындау аясында Нұрбол Назарбаев 2026 жылдың 3 наурызында сағат 15:10-да “әңгімелесуге” шақырылды. Іске үшінші тарап ретінде Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті тартылды.

Нұрбол Назарбаевтың атқарушылық өндірістер бойынша кемінде екі қарызы бар. Алғашқы қарызы 61 854 480 596 теңгені құрайды, оның ішінде 55 миллиард теңге мемлекет кірісіне, арнайы қорға аударылуы тиіс. Ал екінші қарызы 1,6 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығы, ол да мемлекет кірісіне төленуі тиіс. Жалпы алғанда, оның қарызы 63,7 миллиард теңгені құрайды.


Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтері бойынша жұмыс жүргізіп жатыр

Қазақстанда несиесін төлей алмаған азаматтарды банкрот деп тану рәсімі жеңілдетілмек


Айта кетейік, бұл Нұрбол Назарбаевтың өзін банкрот деп тану үшін 2025 жылдың қыркүйегінен бері берген үшінші арызы. Бұған дейін арыздары қараусыз қалдырылған еді.

Нұрбол Назарбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ұлы. 2017 жылға дейін құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымында отырған. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, елдегі ең бай кәсіпкерлер қатарына енді.

“Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері” рейтингінде ол:

- 2024 жылы – 49-орын;

- 2025 жылғы мамырда – 57-орынды иеленді.

2025 жылғы мамырдағы бағалау бойынша, оның байлығы шамамен 179 миллион долларды құраған. Ол Prime Capital Invest және Prime Capital Holding серіктестіктерінің иесі, сондай-ақ PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы-ның тең иесі ретінде көрсетілген.

Еске салсақ, бұған дейін “Алтын Орда” базарының экс-иесі Нұрбол Назарбаевтан 15 миллиард теңге талап еткені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Ақпан, 2026 23:04