Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қысым жасалған": Нұрай Серікбайдың ағасы полицей жариялаған деректерді жоққа шығарды

Нұрай Серікбайдың ағасы полицей жариялаған видеоға қатысты айтып бердіВидеодан скрин

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың туыстары әлеуметтік желілерде тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеода студент қыз өзін ұрлап, соңынан аңдыған ер адамның үйіне өз еркімен, ешқандай қысымсыз барғанын айтқан.

Айта кетейік, қызды өлтіруге күдікті Шерхан Аймахан Нұрайды қазан айының басында Алматыдан Шымкентке өз үйіне алып кеткен. Ол жақтан Нұрайды тек жақындарының және полицияның көмегімен ғана алып шыққан.

Аталған видеоны кісі өлтіру ісі бойынша қызметтік салғырттық айыбымен жұмыстан босатылған бұрынғы полицей жариялаған.

Марқұмның жақындары бұл видеоның бар екенін бұрыннан білетіндерін, алайда түсірілім кезінде Нұрайға құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасалғанына сенімді екенін айтты. Сондықтан бейнежазба жарияланған бойда туыстары полицияға шағым түсірген.


"Әкесімен кездесіп, баласына ие болуын сұрадық": Кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ағасы қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді


“Тергеушінің видео түсіргенін бұрыннан білетінбіз, бұл туралы айтқанбыз. Бірақ не үшін дәл қазір бұл материал жарияланғанын түсінбеймін. Бұл видео отбасымызға өте ауыр тиді. Нұрайдың әрең сөйлеп тұрғаны анық көру жүрегімізді ауыртты. Видеоны көрген кез келген адам Нұрайдың психологиялық әрі моральдық түрде қиналып тұрғанын байқайды. Бұл видео кімге және не үшін қажет болғаны бізге түсініксіз”, – дейді Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай.

Отбасының адвокаты бұл видео тергеу құпиясы болып саналатынын мәлімдеді.

“Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан хабардармыз. Біздің ойымызша, бұл материал тергеу құпиясына жатады. Осыған байланысты тиісті шағымдар жолданды. Енді болған жағдайға тергеу органдары құқықтық баға береді. Жалпы алғанда, тергеу сапалы жүргізіліп жатыр, біз берген барлық өтініштер қанағаттандырылды. Біз тергеуге сенім білдіреміз және істің объективті түрде тергеліп жатқанына сенеміз”, – деді адвокат Сержан Нұрпейісов.

Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесіндегі үйлердің бірінің маңында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған. Оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде танылған.

Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады. 

Іске қатысты Қасым-ЖомартТоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 18:30