Нұрәлі Әлиев "Транстелекомдағы" үлесін сатқанға дейін миллиардтаған дивиденд алып үлгерген
Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" АҚ акционерлері мен директорлар кеңесінен кеткенге дейін қомақты дивидендтер алып үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ttc.kz
12 ақпанда Нұрәлі Әлиев "Транстелекомдағы" үлесін сатқанын мәлімдеді. Сол күні компания 2023 жылға акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұған Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжат дәлел.
Дивидендтер 31 қаңтарда төленген. Олардың жалпы сомасы алты миллиард теңге болған. Іс жүзінде компанияның акцияларына иелік еткен инвесторлар 27 қаңтардағы жағдай бойынша шамамен 4,5 миллиард теңге (бір жай акцияға 1 064,19 теңгеден) алған болса, қалған бөлігі кейінірек төленетін болады.
Ол кезде Нұрәлі Әлиев Дмитрий Покупателевпен бірге "Unit Telecom" ЖШС арқылы "Транстелеком" компаниясының 75 пайыз акциясына иелік еткен. Назарбаевтың немересі компаниядағы үлесін алдағы уақытта сататынын жариялағаннан кейін Дмитрий Покупателев директорлар кеңесінің төрағасы болды. Компанияның топ-менеджментінде де өзгерістер болды. Директорлар кеңесінің қалған екі мүшесінің орнына Jusan Mobile компаниясының үш өкілі тағайындалды.
Jusan Mobile компаниясын Jusan Bank-тің қазіргі иесі Ғалымжан Есенов JV Holding Ltd холдингі арқылы басқарады. Қазақстанның ең бай кәсіпкері Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алу ниетін растады. Демек Есенов бұл активтің орнына Нұрәлі Әлиевтің Транстелекомдағы үлесін сатып алуды жоспарлап отыр деген болжам бар.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрәлі Әлиев "Транстелеком" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кеткен еді.