Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтан атауының өзгеруін ономастика комиссиясы қолдады

Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясы елорда атауын өзгертуге қатысты ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қала әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті.

"Күн тәртібіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланды. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан бірнеше рет, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы елорданы Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе көтерген болатын.

Ономастика комиссиясының отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Мемлекет тарихы институты" РММ директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбсеметов, педагогика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Т.Қышқашбаев, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының бас директоры Ербол Тілешов, Қазақстан жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, аталған ұсыныс жайлы оң көзқарастарын білдірді.

“Ономастика комиссиясының мүшелері елорданың атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады", - делінген мәліметте.

Айта кетейік, ертең Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгерту мәселесі елорда мәслихатында қаралады.

Мәжіліс депутаттарының Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтару ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілген болатын.

Қаржы министрлігі елорда атауын қайтару үшін қосымша қаражат қажет етілмейтінін мәлім етті.

Талқылау