Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нығматулин бюджет ақшасын оңды-солды шашатын министрлерге ұрсып тастады

Бүгін Мәжілісте бюджет ақшасы үшін қып-қызыл айқай болды. Депутаттар қазына қаржысына жауапты министрлерді шетінен тергеп, тоқпақтың астына алды. Халық қалаулылары жылда миллиардтарды игере алмай, мемлекет ақшасын рәсуа қылатын шенеуніктерден әбден мезі болдық деп отыр. Ол аздай Үкімет мүшелерінің есебі бір-біріне қайшы келіп, депутаттар алдында масқаралары шықты, деп хабарлайды КТК арнасы.

photo_3350000000

Былтыр осы Үкімет мүшелері тау қопарып, үй саламыз, жұртты жұмыспен қамтып, тұрғындардың жағдайын адам танымастай етіп өзгертеміз деп, қазынадан қыруар қаржы бөлгізген. Енді министрлерге сол мемлекет ақшасының әр тиынын қайда және қалай жұмсағандары туралы есеп беретін уақыт келді. Алайда, шенеуніктер жиын басталмай жатып сыннан сүрінді. Өйткені, атқамінерлердің алып келген мәліметі бір-біріне қайшы.

«Үкімет есебінде елімізде дәрігерлер тапшылығы 241 маманға азайды дейді. Ал Есеп комитеті дефицит сол күйде жойылмаған деп жазады. Мұны қалай түсінуге болады?» – дейді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрі мен Есеп комитеті төрағасының арасында айтыс-тартыс басталды. Алдын ала өзара келісіп келмеген атқамінерлерді төменгі палата төрағасы тыйып тастады.

«Құрметті үлкен басшылар, мына мәселені шешіңіздер! Ұят та масқара! Сіздер құжатқа қол қоярда қарамайсыздар ма әлде неге қол қойып жатқандарыңызды түсінбейсіздер ме? Парламенте бір біріне мүлдем қайшы келетін құжаттарды жібересіздер», – дейді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Бұдан кейін депутаттар ұлттық компаниялардың мәселесін май шаммен қарады. Мәжілісмендер біраздан бері квазимемлекеттік секторға қосымша қаржы бөлуді мүлдем тоқтатуды талап етіп жүр. Өйткені, Үкімет жылда ірі компанияларға миллиардтар бөледі де, ол қаржы соңында жұмсалмай бос қалады. Биыл 113 миллиард жұмсалмаған.

«Квазимемлекеттік секторға енді үшжылдық бюджет аясында ақша берілмейді. Ұлттық компанияларға керекті қаржыны жыл сайын бөліп отырамыз. Ол үшін арнайы заң әзірлеп жатырмыз», – дейді  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Жалпы, өткен жылдың бюджетіне 8 триллион теңге бөлінген. Шенеуніктер оның 150 миллиардын ұқсата алмапты.

«Экономика және Қаржы министрлері, сіздер ұялмайсыздар ма? Жылда қараша айында бюджетті өзгертіп, Парламентке алып келесіздер. Ал қазына қаржысының тиімсіз жұмсалуына ешкім жауапты емес. Сүлейменов пен Сұлтанов бюджет шығынын санағанда сандарды мың құбылтып, алдайды», – дейді Нұрлан Нығматулин.

Таяқтың бір ұшы Есеп комитетінің төрағасына да тиді. Қазына қаржысының тиімді жұмсалуын тексеретін орган жылда «шенеуніктер миллиардтарды ұрлады, қолды қылды» деп байбалам салғанымен, ешкім жазаланбайды, көп іс сотқа жетпей жабылады, –  дейді депутаттар.

Есеп комитетінің төрағасы ақталуға тырысты. Нұрмұхамбет Әбдібековтың айтуынша, өткен жылы 29 шенеунікке қатысты  қылмыстық іс қозғалыпты. Ал бірнеше сағат ұрыс естіген Қаржы министрі болса, енді бар ақшаны иегере алмаған әкімдердің жоспарынан қате шықса да алдын ала жазаламақ.

Жіберіп алмаңыз:

Елбасы: Көңіл толқытарлық сәтке таяп қалдық

Қостанайда екі бойжеткен ұры жігіттерді қолға түсіріп әріптесінің сөмкесін қайтарып берді

Алматы облысында көршісі 5 балалы мүгедек әйелді ұрып-соғып зорлап кеткен

 

 

Талқылау