Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Гастроорталықтың бөлім басшысы Нүкенованың өлімі болған бейнежазбалардың қалай өшірілгенін баяндады

Бишімбаев ісіне байланысты куәгерлер жауап беріп жатыр. Гастроорталықта бөлім басшысы болған Молдақаш Қалмұрат Жолшыбайұлы сол түні болған оқиғалар бейнеленген видеолар қалай өшірілгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Куәгер бұл жерде 2023 жылғы қаңтар айынан бастап жұмыс істейді.

“Мені жұмысқа директор Мұқан Еркін мен Байжанов Бақытжан қабылдады. Негізгі міндетім – жалға алшылармен жұмыс істеу еді. Сол кезде гастроорталықта 30-ға жуық жалға алушы болды. Орталық директоры – Байжанов Бақытжан”, – деп бастады сөзін куәгер. 

Прокурорлар 8 қараша күні жұмыс орнында болдыңыз ба деп сұрады. 

“Болдым. Таңғы 10.00-ден 19.00-ге дейін сонда болдым. 9 қарашада таңғы 10-да жұмысыма келіп, жұмыс кестемді көрдім. Күн сайын 12-1-лер шамасында ғимаратты тексеріп шығамын. Сол күні 13.00-де тексеру жүргізген кезде 1-қабат толық жұмыс істеп тұрды. Екінші қабатта “Бао” мейрамханасында ешкім жоқ екен. Әкімші Смаилова Гүлзададан “неге ашылған жоқсыздар” деп сұрап едім, “Бао” қызметкерлері оған “санитариялық күн” деп айтқан екен. Жақсы дедім де ары қарай жұмысымды істеп кеттім”, – дейді ол. 

Сағат 14.00 шамасында кабинетке әкімші Гүлзада келеді. Оған Бақытжан хабарласып, гастроорталықтағы бақылау камераларының бейнежазбаларын өшіруді сұраған.

“Ол қалай істеу керегін білмеймін дегеннен кейін, Бақытжан маған айтуды сұрапты. “Қандай бейнежазбалар” деп сұрап жазып жатқанда, Байжановтың өзі келіп, телефонмен сөйлесе бастады. Сөйтті де “Қалмұрат, Гүлзадаға видеоларды өшіруге көмектесіңізші” деді. Біз одан неге деп сұрамадық”, – дейді Жолшыбайұлы. 

Содан кейін олар 1-қабатқа түсіп, диспетчерлік кабинеттің кілтін алған.

“Сол жерге кірдік, код бар екен, оны мен білмейтінмін, Гүлзада біледі екен, ашып берді. Бәрін белгілеп өшіре бастадым. Сол кезде Байжанов келіп, “өшіре алып жатырсыздар ма” деп сұрады. Ол кезде біз қай камера, қай уақыт екенін нақтыламадық, видеоны да көрмедік. 15 минут ішінде барлық бейнежазбаны себетке салып, оны да тазалап тастадық”, – деп куәгер бейнежабалардың қалай өшірілгенін айтып берді. 

“16:00 шамасында Байжанов хабарласып, дереу мүсәтір әкелуді сұрады. Мен “Москва” бизнес орталығындағы “Еурофамаға” барып сатып алдым да, әкеліп бердім. Бақытжан мейрамхана асханасы арқылы шықты. Спирт не үшін керек деп сұрамадым. Сол күні барлық қызметкер әріптесіміз ұйымдастырған іс-шараға кетті”, – деп хабарлады Қалмұрат Молдақашев. 

Байжанов уақыты жоқ екенін, бармайтынын айтқан. 

“Іс-шарада отырдым. 20:00-ге қарай Гүлзада хабарласып гастроорталықта төтенше жағдай болғанын айтты. Полиция, жедел жәрдем көлігі келді деді. Таксимен жеттім. Мені Гүлзада күтіп алды да, екінші қабатта адам өлтірілгенін айтты. Бишімбаев әйелін өлтіріпті. Ол кезде Бишімбаевтың өзі болған жоқ. Мені, Байжанов пен “Бау” қызметкерлерін Есіл аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті”, – деп баяндады куәгер. 

Бұған дейін әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министрдің адвокаттары Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге бірқатар сұрақ қойып, оны ашуландырып алғанын жаздық. 

Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов Айтбек Амангелдіден “Салтанаттың денесін көрдіңіз ба, сараптама нәтижесін көрген шығарсыз, оның миының тұсы ойылып, көзі шығып кеткен бе” деп сұрады. 

Жауап берушіге бұл сұрақ ауыр тиіп, ол теріс бұрылып кетті. 

Талқылау