Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

No Kings: АҚШ-та Трамп саясатына қарсы 3000-нан аса наразылық өтіп, қарсылық білдіргендер ұсталды (видео)

Фото: news-pravda.com

28 наурыз күні АҚШ-та және Еуропаның кейбір елдерінде No Kings  ұранымен 3000-нан астам акция өтті. Наразылыққа шыққандар Дональд Трамп саясатына қарсылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Reuters мәліметінше, акциялар АҚШ-тың барлық 50 штатында өткен. Ең ауқымды шерулер Нью-Йорк, Даллас, Филадельфия және Вашингтон қалаларында өтті. Алайда митингтердің 40%-дан астамы ірі қалалардан тыс жерлерде ұйымдастырылды.

Полиция дерегінше, Нью-Йоркте көшеге ондаған мың адам шыққан. Наразылық шеруінің колоннасы оннан астам кварталға созылған. Актер Роберт Де Ниро, шара ұйымдастырушыларының бірі ретінде, Трампқа дейін бірде-бір президент “біздің бостандығымызға мұндай қауіп төндірген жоқ” деп мәлімдеді.

Даллас қаласында мыңдаған адам жиналғанымен, мұнда No Kings қозғалысының қатысушылары мен қарсы топтар арасында қақтығыстар болған. Олардың ішінде ультраоңшыл Proud Boys ұйымының бұрынғы жетекшісі Энрике Таррио бастаған топ та болған. Қарсы тарап көшелерді жапқан кезде шағын қақтығыстар туындап, бірнеше адам қамауға алынған.

Фото: news-pravda.com

Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, Лос-Анджелес қаласында екі адам құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін ұсталған. Сонымен қатар қала полициясы тарау туралы талапты орындамаған наразылық білдірушілер тұтқындалғанын хабарлады.

Ұйымдастырушылардың мәлімдемесі

Ұйымдастырушылардың сайтында: “Америкада патшалар жоқ” деп жазылған.

“Бетперде киген құпия полицейлер біздің қауымдастықтарды қорқытып отыр. Заңсыз, апатты соғыс бізді қауіпке тігіп, шығындарды арттырып жатыр. Сөз бостандығына, азаматтық құқықтарымызға, дауыс беру еркіндігімізге қысым жасалып отыр. Отбасыларды күйреудің шегіне жеткізетін шығындар көбейді. Трамп бізді тиран сияқты басқарғысы келеді. Бірақ бұл Америка. Бұнда билік халыққа тиесілі. Өзін “патша” санайтындарға немесе олардың миллиардер жақтастарына тиесілі емес”, – делінген мәлімдемеде.

Фото: news-pravda.com

АҚШ-тан тыс наразылықтар

Германия елінде наразылықтар Берлин, Гамбург, Мюнхен, Франкфурт-на-Майне және Дюссельдорф қалаларында өтті.

BBC мәліметінше, No Kings шерулері Париж, Лондон және Лиссабон қалаларында да ұйымдастырылған. Қатысушылар қолына Трампты “фашист” және “соғыс қылмыскері” деп атаған плакаттар ұстап, оған импичмент жариялауды және қызметтен кетуін талап еткен.

Айта кетейік, бұған дейін 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 29 Наурыз, 2026 12:44