Нигерияда су тасқынынан кейін 300-ге жуық сотталушы түрмеден қашып кетті
Нигерияда су тасқыны салдарынан қабырғалары құлаған түрмеден 300-ге жуық сотталушы қашып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Reuters
Түрме басшылығының мәліметінше, Нигерияның солтүстік-шығысындағы жойқын су тасқынан Майдугури қаласындағы түрменің қабырғаларын опырылып түскен. Мұны пайдаланған 281 тұтқын қашып кеткен.
"Жеті адам қауіпсіздік шаралары кезінде ұсталды", – деп хабарлады Нигерия түзеу қызметінің өкілі.
Майдугури – кейінгі онжылдықта ең қатты су тасқынынан зардап шеккен Борно штатының астанасы. Толассыз жауған жаңбырдан кейін бөгет бұзылып, мемлекеттік хайуанаттар бағы қирады. Су ағыны қолтырауындар мен жыландарды су басқан елді мекендерге ағызып әкелді.
Елдің төтенше жағдайларды басқару агенттігінің хабарлауынша, су тасқыны кем дегенде 30 адамның өмірін қиды. Миллиондаған адам зардап шегіп, жүздеген мың адам босқындар лагеріне жіберілді.
Еске салайық, бұған дейін Вьетнамда "Яги" тайфунынан қаза тапқандар саны 141 адамға жеткенін жаздық. Вьетнам билігі азаматтарына су тасқыны Қызыл өзеннің жылдам көтерілуіне әкеліп, ел астанасы Ханойдың орталық аудандарының су астында қалу қаупі бар екенін ескерткен. Елдің табиғи апаттарға қарсы күрес агенттігі "Яги" тайфуны әкелген нөсер жаңбыр Вьетнамның солтүстігінде көшкін мен су тасқынына себеп болып, салдарынан 141 адамның қаза тауып, тағы 59 адамның із-түссіз жоғалғанын мәлімдеді.