Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жалақыдан алынатын салықтарды бір төлемге біріктіру ұсынылды

Айтуар Қошмамбетов. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында жалақыға түсетін салық жүктемесін 25% дейін төмендетуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, қазіргі жүйеде жұмыс беруші жеті түрлі салық пен төлемді әртүрлі есептеу тәртібімен аударады. Соның салдарынан адал еңбек қатынасын рәсімдейтін жұмыс берушілерге шығын көп түседі. Мысалы орташа айлық 430 мың теңге болған жағдайда, оның 146 мың теңгесі түрлі төлемдерге кетеді. Бұл жүктеме “қолға алатын” жалақының 41% асады.

Депутаттың сөзінше, бірдей табыс кезінде жалдамалы қызметкерге түсетін жүктеме жеке кәсіпкермен салыстырғанда 2,5 есе, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен салыстырғанда 9 есе жоғары.

Айтуар Қошмамбетов барлық салық пен төлемді жалақы қорынан бір ғана төлемге біріктіруді ұсынды. Оның мөлшерлемесі шағын бизнес субъектілері үшін 20-25% деңгейінде белгіленуі керек.

“Айта кету керек, бірыңғай төлем механизмі 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Демек, қажетті инфрақұрылым бар. Осыған байланысты жалақы қорынан алынатын барлық салық пен төлемдерді бір ғана бірыңғай төлемге біріктіру мәселесін қарастыру қажет. Оның мөлшерлемесі шағын бизнес субъектілерінің барлығы үшін салық режиміне қарамастан 20-25% деңгейінде белгіленуге тиіс”, – деді Қошмамбетов.

Депутат қазіргі жүйе көлеңкелі жұмыспен қамтуға әкеп соғатынын айтты. Нәтижесінде мемлекет салықтан, ал азаматтар толыққанды әлеуметтік қорғау мен зейнетақыдан қағылады.

Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың II тоқсанында экономикада 9,3 миллион адам жұмыс істеген, оның 7,1 миллионы жалдамалы қызметкер, ал 2,2 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Дегенмен, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерімен қамту деңгейі әлі де төмен. Отырыста депутат 2024 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі шамамен 137 триллион теңге болғанын, алайда оның құрылымында еңбекақының үлесі небәрі 31% екенін айтты.

Ол бұған дейін Мемлекет басшысы бұл саланы жеңілдету бойынша нақты міндеттер қойғанын еске салды:

  • 2021 жылы – жалақы қорына түсетін жүктемені түсінікті әрі қарапайым ету, сондай-ақ микро және шағын бизнес үшін жүктемені 25%-ға дейін төмендете отырып, жалақы қорынан бірыңғай төлем енгізу;
  • сондай-ақ фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылды сервистік модельге көшіру және салық жүйесін жедел түрде толық цифрландыру.

Депутат бірыңғай төлем енгізу жұмыс берушілер үшін есеп жүргізуді жеңілдетеді; көлеңкелі еңбек нарығын азайтады; зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдер базасын кеңейтеді деп санайды.

“Бүгін біздің алдымызда таңдау тұр: не адал еңбек ең қымбатқа түсетін жүйені сақтай береміз, не айқын шындықты мойындаймыз – қағаз жүзіндегі 40% және көлеңкелі үлкен нарықтан гөрі, ресми түрде жұмыс істейтін миллиондаған азаматтан 20–25% алған тиімді", – деді депутат”

Ол мұндай тәжірибе Эстония, Ұлыбритания, Аустралия және Финляндияда тиімді қолданылып жатқанын атап өтті.

Айтуар Қошмамбетов тиісті органдарға 2023 жылдан бері енгізілген бірыңғай төлемнің нәтижесін талдап, оны жетілдіру жолдарын қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар бұл төлемді “бір терезе” қағидаты бойынша мемлекеттік органдар немесе екінші деңгейлі банктер арқылы әкімшілендіру мүмкіндігін зерттеуді сұрады.

Депутаттың айтуынша, бұл бастама қабылданса, қызметкерлердің таза жалақысы артып, әлеуметтік қорғалуы күшеюі мүмкін.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 17:59