"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды

Кейінгі уақытта желіде қазақтың ою-өрнектерінің мағынасына қатысты қызу пікірталас туындап жүр. Мәселен дизайнер және ою-өрнек зерттеушісі Жанар Мұратова кейбір ұлттық нақыштардың гендерлік және сакральды шектеулері бар екенін айтып, олардың дұрыс қолданылмауы адамға кері әсер етуі мүмкін деген пікір білдірді. Бұл сөзбен келіспеген блогер Жанна Бектемісова мұндай тұжырымдарды артық әсірелеу деп бағалап, ою-өрнектерге шамадан тыс тылсым мағына жүктемеуге шақырды. Осылайша, ұлттық символиканың мәні мен оны қазіргі қоғамда қолдану мәселесі қоғамда талқыға түсті. Осы тұста Stan.kz қазақтың ұлттық ою-өрнектерінде қандай мән-мағына бар екенін білу үшін этнограф Бұлбұл Кәпқызымен тілдесті.
Мән-жайы
Дизайнер әрі ою-өрнек зерттеушісі Жанар Мұратова әлеуметтік желідегі парақшасында танымал тұлғалардың киіміне ерекше назар аударып жүр. Олардың қатарында депутаттар мен спортшылар да бар. Мәселен ол UFC жауынгері Асу Алмабаевқа сыйға берілген шапанды сынға алды. Оның айтуынша, спортшының киімінде тарихи тұрғыда тек “бала туу жасындағы” әйелдерге тән деп саналатын “құс қанаты” оюы бейнеленген.
“UFC жауынгері Асу қайда, әйел қайда? Сый-құрметке лайық адамдарға сыйлық жасамас бұрын, алдымен ою-өрнектерді зерттеп, дұрыс бұйым шығару керек”, – деп ашуланды ол.
Ол тағы бір видеосында NNN лақап атымен танымал блогер Нұрдәулет Бектұрсынға сыйға тартылған шапанға да тоқталды. Кадрлардан блогерге отандық кәсіпкердің шапан кигізгенін көруге болады. Ал Жанар Мұратованың айтуынша, шапандағы ою-өрнек – “адам ою”, ол кішкентай балаларға арналған.
Оның сөзінше, бұл өрнек 14 жасқа толмаған балаларға лайық. Әдетте анасы немесе әжесі баласы қандай да бір жетістікке жетсін деген ырыммен осындай оюы бар киім кигізген.
“Мұндай өрнекті мойынға жақын тұста тағуға болмайды, әйтпесе елге мазақ боласыз”, – дейді ол.
Келесі видеосында ол танымал кәсіпкер әрі блогер Бейбіт Әлібековке ашуланды.
“Ұлы жүз, ата-бабамыз бұл таңбаларды қорғап, жанын беріп күшейткен. Алқасына, туға салып басына көтерген. Сендер мына Бейбітке таңбаларды киімге салуға рұқсат бердіңдер ме? Бейбіт Әлібеков киімдеріңізді сатылымнан алып тастаңыз” – деді ол.
Ол жүздің таңбасы тек көкірек тұсында немесе туда тұруы керегін айтты. Ал желке тұсына ертеде қашқын құлдарға таңба басқан.
Сонымен қатар Мұратова қазақы нақыштағы татуировка жасататындарға да ескерту жасады. Оның пікірінше, көне түркі таңбалары ерекше энергетикалық күшке ие және олар дұрыс қолданылмаса, адамға зиян келтіруі мүмкін.
Оның айтуынша, мыңжылдық тарихы бар түркі өрнектері “адамның энергетикалық өрісіне енгенде, түрлі жағымсыз жағдайларға әкеп соғуы ықтимал". Ал мұндай белгілердің әсерін жай ғана жою мүмкін емес, оны “Отпен ғана тазартуға болады” деп санайды.
“Дұрыс элементтерді бұрмалап, қорқынышты етіп көрсетеді”
Алайда бұл пікірмен блогер-бақсы Жанна Бектемісова келіспеді.
“Қазақтың ою-өрнегін дұрыс түсіндіре білу керек. Ол үшін көрегендік, білім, терең түсінік қажет. Музейлердегі деректерге, кітаптарға сүйеніп, ғасырлар бұрынғы бұйымдарды зерттеу керек”, – деді ол.
Бақсы дизайнер Жанар Мұратованың кей тұста дұрыс айтатынын жоққа шығармады. Алайда оның сөзінше, ол көп жағдайда қате ақпарат таратады.
“Иә, оюды дұрыс қолданбаса, оның мағынасы бұрмалануы мүмкін. Бірақ оны жеткізу тәсілі де дұрыс болуы керек. Ол шеткі ою мен орталық оюды ажыратпайды, толық картинаны көрсетпейді, қазақ ою-өрнегіндегі заңдылықтарды ескермейді. Оның кей айтқан дүниелерін басынан түсіндіру қажет, ал ол қалыпты, дұрыс элементтерді бұрмалап, қорқынышты етіп көрсетеді”, – деді блогер.
Ол жұртшылықты ою-өрнектерге шамадан тыс мистикалық әрі жағымсыз мән бермеуге шақырды. Өйткені ұлттық кодты “қорқынышты” етіп көрсету дәстүрдің кеңінен таралуына кері әсер етеді деп есептейді.
“Бұл дұрыс емес. Этнограф, зерттеуші секілді нақты мамандарға жүгіну керек. Мұндай маңызды дүниені үстірт әрі біржақты жеткізуге болмайды. Тереңірек зерттеп, шын мен жалғанды ажырата білу қажет”, – деді ол.
Этнограф не дейді?
Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерінің нақты бекітілген мәні жоқ. Ықылым заманнан бері ою-өрнек халықтың бейнелі ойлау тәсілі, өзіндік “тілі” ретінде қолданылып келген. Ал бүгінде ол көбіне сәндік элемент ретінде пайдаланылады.
“Ою былай салынуы керек”, “мына оюның нақты осындай мағынасы бар” деген секілді ғылыми негізделген қатаң қағидалар жоқ”, – дейді этнограф.
Маман зерттеуші Жанар Мұратованың “Ою-өрнектер “ер” мен “әйелге” тән деп бөлінеді” деген ойымен келіспеді. Оның сөзінше, қазақ дәстүрінде оюды ерге, әйелге, қызға немесе басқа да әлеуметтік мәртебеге қарай жіктеу болмаған. Кез келген ою – оны жасаған адамның ішкі дүниесінің көрінісі. Шебер өз ойын, тілегін, қуанышын немесе ризашылығын ою арқылы жеткізе алады.
“Жалпы, қазақ ою-өрнектерінде гендерлік жіктеу болған емес. Бұл қазіргі заманда өзінің оқуын сату үшін, бизнеске айналдыру үшін, қоғамда хайп қуу үшін ғана оюды жіктеп түсіндіріп жатыр. Әрине, оюдың кез келген түрінде мән-мағына бар, бірақ оны талдап, сол бойынша шектеу қоюға болмайды. Ою-өрнек деген шексіз әлем. Ол шебердің ғана қиялынан туған, шебердің ой-өрісін жеткізетін дүние”, – дейді маман.
Сондай-ақ этнограф адам ою-өрнектен “энергия алады” немесе оның адамға ерекше әсері бар деген пікірлердің ғылыми негізі жоқ екенін ашық айтты. Ол белгілі бір оюды киімге салу арқылы қандай да бір өмірлік өзгеріс болады деу қисынсыз екенін айтты.
“Өйткені ою-өрнектердің түп-тамыры табиғатпен тығыз байланысты. Қазақ халқы қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін бейнелі түрде оюға түсірген”, – деді ол.
Бұған қоса, Бұлбұл Кәпқызы қазақ дәстүрінде “оюды дұрыс қолданбаса, зиян келеді” деген түсінік те болмағанын айтады. Дегенмен ол оюлардың атауына қарай белгілі бір бейнелік мағынасы бар екені рас екенін түсіндіріп, бірнеше мысал келтірді.
Қазақ халқы әр өңірде өз кәсібіне қарай, табиғатпен етене жақын өмір сүргендіктен, ою-өрнектерін де сол ортадан алып, оны өмір сүрген ортасымен тығыз байланыстырып отырған. Яғни әр өңірдің табиғаты мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты ою түрлері де әртүрлі. Мәселен мал шаруашылығымен айналысқан шығыс аймақта қошқармүйіз, аймүйіз, түйетабан, ботагөз, арқармүйіз секілді жануарларға қатысты оюлар жиі қолданылған, ал егіншілікпен шұғылданған өңірлерде өсімдік тектес өрнектер басым болған.
“Қазіргі кезде ою-өрнекті артық күрделендіріп, жаңа үйреніп жүрген адамдарға түрлі шектеу қою орынсыз. Бұлай қоғамда үлкен пікірталас тудырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мына оюды қоқыс жәшігіне тастау керек деп, мәселен қошқармүйіз оюды қорлауға болмайды, оюдың киесі бар деу де дұрыс емес. Оюда “кие” жоқ, ол – белгілі бір бейненің көркем баламасы ғана. Мысалы “түйетабан” – түйенің ізінен, “қарғатұяқ” – құстың қардың бетіне түскен ізі көркем болғандықтан, ұқсастықтан туған”, – деді маман.
Этнограф оюды қолдану барысында да өзіндік заңдылықтар сақталғанын түсіндірді. Егер үлкен бұйым жасалса, мысалы сырмақ, текемет, кілемге салынатын оюлар айбынды, айшықты болып, жасалып жатқан дүниенің көлеміне сай таңдалған. Ал кілем, алаша, бау, басқұр тоқу кезінде оюлар көбіне санға тәуелді болған.
“Себебі мұндай бұйымдарда өрнек жіптің санына қарай түсіріледі, яғни қалаған оюды еркін сала алмайсың. Сондықтан шатыргүл, геометриялық, самаурын сияқты төрткүл дүниеге негізделген оюлар қолданылып, олардың барлығы санмен өлшенетін өрнектерге жатады”, – деді маман.
Маман халық дүниетанымында белгілі бір символикалық байланыстар да бар екенін айтты. Мәселен аспан әлемінің белгісін ұшып жүрген құспен, жер бетінің белгісін өсіп тұрған өсімдікпен, жер астының белгісін балықтың бейнесімен бейлеген. Сондықтан халқымыз әрбір қимыл, іс-әрекетке мән беріп, оған атау қойған.
“Түйетабан оюы – түйе жануары қайратты, төзімді болғандықтан, оны ер адамға қолдануға болады деп есептелген. Құс – еркін, самғап ұшатын тіршілік иесі, сондықтан оны қыз баласына “еркін болсын, ешкімге тәуелді болмасын, самғап ұшсын” деген ниетпен қыздардың киімдеріне көп қолданған. Қошқармүйіз оюы малға байланысты, ал мал – адамның жеті қазынасының бірі, байлықтың белгісі. Сондықтан ол байлықты, берекені, бірлікті білдіріп, киіз үйге де, киім-кешекке де, жалпы тұрмыста кеңінен қолданылған. Ою ешқашан “мына дүниеге ғана салынады” деп бөлінбеген”, – деді ол.
Бұлбұл Кәпқызы желіде кейбіреулер жеке басының пайдасы үшін қазақтың ою-өрнектерінің мәнін қате түсіндіріп оны қорлап жүр деп санайды.
Мысалы Жанар Мұратова өзінің қаралымын көтеру үшін қазақтың дәстүрлі оюын қорлап жүр. Қазақ жетімін қаңғыртып, жесірін жылатпаған. Қазақ мынау бәйбішеге, мынау тоқалға салынатын ою деп адамның мінін бетіне баспаған. Ол дұрыс емес”, – деді Бұлбұл Кәпқызы.
Этнограф ою-өрнектердің мәні бар екенін жоққа шығармайтынын алға тартты. Алайда оны жамандықпен байланыстырмай, тек жақсылықтың нышаны ретінде қабылдаған жөн.
“Қазақ оюды әрдайым игі тілекпен қолданған, зергерлік бұйымдарға салып, оны жақындарына сыйлаған. Яғни, қазақ оюды тек жақсылыққа пайдаланған”, – деп түйіндеді этнограф.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды