Burger King Kazakhstan-дағы қызметкердің дауынан кейін компания жауапқа тартылды

Мемлекеттік еңбек инспекциясы Burger King қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті "QSR" ЖШС-не қатысты тексеру жүргізген. Тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілді. Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталды.
“Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау және мереке әрі демалыс күндеріндегі еңбекақыны жоғарылатылған мөлшерде төлеу талаптарын сақтамау фактілері тіркелді. Сонымен қатар, ауысым кестелері жұмыскерлерге заңмен белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ компанияның жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен қамтамассыз етпеген. Ал персонал еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей-ақ өз міндеттерін орындауға жіберілгенін анықтады.
“Тексеру қорытындысы бойынша "QSR" ЖШС-не барлық анықталған бұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді. Заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жағдай жұмыскерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқамадағы шаралар орындалғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, аутизмі бар қызметкердің анасы басшылықты қысым көрсетті деп айыптағаннан кейін Burger King Kazakhstan-да жанжал шыққаны хабарланған еді. Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Каратай Threads желісінде аутист ұлы Алибектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген. Бұл қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті.
"Дәрінің құны 1,5 миллиард теңге": Бұлшықеті әлсіз қазақстандық бүлдіршінге денсаулық сақтау министрлігі көмек көрсетуден бас тартқан