Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таяу Шығыстағы жағдай: Шетелде қалып қойған қазақстандықтар елге қалай жеткізіледі

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Таяу Шығыстағы ахуал кезінде шетелде қалған қазақстандықтар елге қалай жеткізілетіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сауалға Үкімет брифингінде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев жауап берді. 

“Қазір бұл аймақтағы бүкіл аумақ жабық. Шамамен 10 ел өз әуе кеңістігін жапты. Әуежай инфрақұрылымына да соққылар жасалды. Қазір орындалып жатқан рейстер — жекелеген, арнайы маршруттармен жүзеге асырылып жатыр. Бір бағыт Сауд Арабиясы мен Мысыр арқылы өтеді. Тағы бір бағыт Түркия арқылы ұйымдастырылған. Екінші негізгі маршрут Сауд Арабиясына шығып, ары қарай Пәкістан арқылы Қазақстанға бағытталады. Негізінен екі басты бағыт қарастырылған. Жолаушылардың нақты санын Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі есептеп жатыр”, –деді Көлік министрі. 

Көлік министрінің айтуынша, жолаушылар саны шамамен 5 мың адам. Бұл көрсеткіш әлі де өзгереді дейді министр.

“Алғашқы эвакуациялық рейс FlyDubai компаниясымен жүзеге асырылды. Қазақстан тарапынан алты әуе кемесі дайындалды, олар Астана мен Шымкенттен. Егер әуе кеңістігі ашылса, бірден осы борттарды жіберуге дайынбыз”, – деді министр. 

Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаев кеше орындалған рейсті FlyDubai компаниясы жүзеге асырғанын айтты.

“Дубайға қатысты айтар болсақ, кеше орындалған рейс FlyDubai компаниясының шешімімен жүзеге асырылды.Олар билеттерін алдын ала сатып алған, яғни 28 ақпанда, 1 және 2 наурызда ұша алмаған жолаушылар. Қазір FlyDubai компаниясы Әмірліктер аумағына жалпы рейстерді қайта ашқан жоқ. Біріккен Араб Әмірліктері әуе кеңістігін жапқандықтан, өзге әуе компаниялары рейс орындай алмайды. Алайда өз компанияларына жолаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауға рұқсат берілген. Сондықтан кешегі рейс жүзеге асты”, – дейді Әлібек Бақаев. 

Әлібек Бақаев билеті жоқ қазақстандықтар елге қалай қайтарылатынын айтты. 

“Транзиттік аймақта билеті жоқ бірқатар қазақстандықтар және Біріккен Араб Әмірліктері мен Катарда тұрып жатқан азаматтар бар. Олар екі көршілес мемлекет арқылы елге қайтарылады. Атап айтқанда, Оман Сұлтандығы арқылы. Бүгін Дубайдан Қазақстан азаматтарын алып шыққан алғашқы автобус колоннасы жолға шықты. Күн соңына дейін Оман Сұлтандығынан 467 қазақстандықты елге қайтару жоспарланып отыр. Екінші рейс Катардан Сауд Арабиясына ұйымдастырылады. Болжам бойынша, бұл Сауд Арабиясының батысында орналасқан Жидда қаласы болмақ. Азаматтар автобуспен Катардан Эр-Риядқа, одан әрі Жиддаға жеткізіледі. Жиддадан кейін өзіміздің әуе компанияларымыздың борттарымен Қазақстанға қайтарылады”, – деді Сыртқы істер вице-министрі. 

Сонымен қатар Сыртқы істер вице-министрі Ираннан жер үсті жолымен эвакуациялау туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. 

“Иранның әуе кеңістігі жабық болғандықтан, эвакуация тек жер үсті жолымен жүзеге асырылады. Бағыт — Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы. Сыртқы істер министрі әріптестерімен телефон арқылы келіссөз жүргізді. Кеше Түрікменстан аумағы арқылы Иранның солтүстігіндегі Горган қаласында жүрген 17 Қазақстан азаматы шығарылды. Шекараға ең жақын өткел Түрікменстан бағыты болғандықтан, олар рұқсат беріп, азаматтарымыз шекараны сәтті кесіп өтті. Қазір олар Қазақстанға қайтып келе жатыр”, – деді Сыртқы істер вице-министрі. 

Айта кетейік, бұған дейін Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты елімізден Таяу Шығысқа баратын рейстер тоқтатылғаны туралы жазған едік. Осыдан бір күн бұрын сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға жағдай тұрақтанғанша Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынған.

Жағдайдың мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды.

Хаменеи қазасынан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) АҚШ әскери базаларына қарсы “тарихтағы ең қуатты шабуыл операциясын” бастайтынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп тарапынан қатаң ескертулер айтылды.

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі Али Хаменеи қаза тапқан соң уақытша басшылық кеңес құрылғанын хабарлады.

STAN.KZ
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 11:48